ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТ
Қоғамның дамуы мен өркениетті елдердің қатарына қосылуы құқықтық мәдениет пен құқықтық мемлекеттің қалыптасуына тікелей байланысты. Құқықтық мәдениет – азаматтардың заңға деген құрметі, құқықтық білім деңгейі және заң талаптарын саналы түрде орындауы. Ал құқықтық мемлекет – заң үстемдігі орнап, адам құқықтары мен бостандықтары қорғалатын мемлекет. Бұл екі ұғым бір-бірімен тығыз байланысты және қоғамның тұрақты дамуының негізгі кепілі болып табылады.
Құқықтық мәдениет – адамның құқықтық сауаттылығы мен құқықтық санасының көрсеткіші. Ол қоғам мүшелерінің заңдарды білуінен, құқықтарын қорғауынан және өз міндеттерін орындауынан байқалады. Құқықтық мәдениеті жоғары қоғамда адамдар тәртіпті сақтап, заңға бағынады. Мұндай қоғамда жемқорлық, қылмыс және заң бұзушылық деңгейі төмен болады.
Құқықтық мәдениетті қалыптастыру отбасыдан, мектептен басталады. Білім беру ұйымдары жастарға құқықтық тәрбие беріп, олардың заңды құрметтеуіне ықпал етеді. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық ұйымдардың да рөлі зор. Құқықтық мемлекет – барлық азаматтар мен мемлекеттік органдар заң алдында тең болатын мемлекет. Мұнда заңның үстемдігі сақталып, адам құқықтары басты құндылық ретінде танылады. Құқықтық мемлекеттің негізгі белгілеріне мыналар жатады. Олар заңның үстемдігі, адам құқықтарының қорғалуы, билік тармақтарының бөлінуі, соттың тәуелсіздігі, азаматтардың заң алдындағы теңдігі.
Құқықтық мемлекетте әрбір азамат өз құқығын еркін пайдаланып, мемлекеттен қорғаныш ала алады. Сонымен бірге азаматтар да заң талаптарын орындауға міндетті. Құқықтық мәдениет құқықтық мемлекеттің негізін қалайды. Егер қоғамда құқықтық сана жоғары болса, адамдар заңды құрметтеп, мемлекет тұрақты дамиды. Ал құқықтық мәдениеті төмен қоғамда заң бұзушылық көбейіп, әділетсіздік орын алады.
Сондықтан мемлекет құқықтық мәдениетті дамытуға ерекше көңіл бөлуі керек. Азаматтардың құқықтық білімін арттыру, жастарға құқықтық тәрбие беру және заңдардың әділ орындалуын қамтамасыз ету құқықтық мемлекетті нығайтудың басты шарттары.
Құқықтық мәдениет пен құқықтық мемлекет бір-бірін толықтыратын маңызды ұғымдар. Құқықтық мәдениеті жоғары қоғамда заң үстемдігі орнап, адам құқықтары қорғалады. Әрбір азамат заңды құрметтеп, өз құқықтары мен міндеттерін білуі қажет. Сонда ғана елімізде әділетті, демократиялық және дамыған құқықтық мемлекет қалыптасады.
С.ҚОЖАБАЕВ,
бас маман сот отырысының хатшысы














