Кассациялық сот – құқықтық анықтылықтың кепілі
Қазақстан Республикасында сот төрелігінің тиімді жүзеге асырылуы мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың басты тетіктерінің бірі – кассациялық сот ісін жүргізу жүйесі. Ол – сот жүйесінің соңғы сатысы ретінде әділ шешімдердің заңдылығын қамтамасыз етіп, құқықтық қателіктердің алдын алу міндетін атқарады.
Кассациялық соттың негізгі мақсаты — алдыңғы инстанциялар қабылдаған сот актілерінің заңдылығы мен негізділігін тексеру. Бұл сатыда іс материалдары қайта қаралып, егер заң бұзушылықтар анықталса, сот шешімі жойылуы немесе өзгертілуі мүмкін. Мұндай бақылау құқықтық жүйенің ішкі тұтастығын қамтамасыз етеді және азаматтардың әділ сотқа деген сенімін арттырады.
Құқықтық анықтылық – заманауи құқықтық мемлекеттің іргетасы. Ол дегеніміз – әрбір азамат өз құқықтары мен міндеттерін нақты білуі, сот актілерінің түсінікті әрі дәйекті болуы. Кассациялық инстанция дәл осы қағиданы сақтауда түзетуші және бағыттаушы рөл атқарады. Егер алдыңғы сатыларда заң талаптары бұзылса, кассациялық сот оны қалпына келтіріп, заң үстемдігін орнатады.
Сонымен қатар, кассациялық сот біркелкі сот практикасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Бұл еліміздің құқықтық кеңістігінде бірізділік пен жүйелілікті қамтамасыз етеді. Бір іспен байланысты ұқсас жағдайларда әртүрлі шешімдердің қабылдануына жол бермеу – құқықтық мемлекет үшін басты шарт.
Кассациялық іс жүргізудің тиімділігі – азаматтардың құқықтарының қорғалуына кепіл болумен қатар, мемлекеттің заң алдындағы әділетті бейнесін нығайтады. Бұл – еліміздегі сот реформалары мен әділ сотқа қолжетімділікті арттыру бағытындағы нақты қадам.
Осылайша,кассациялық сот тек дауларды шешу құралы ғана емес, ол – елдегі құқықтық мәдениетті қалыптастырушы, заң үстемдігін қамтамасыз етуші негізгі тетік. Оның тұрақты әрі заңды шешімдері – құқықтық анықтылықтың, әділдік пен сенімнің кепілі.
Нурдилдаева Гаухар Курманбековна,
Байқоңыр қалалық сотының жетекші маманы