» » ҒАСЫРДАН АСҚАН ҒИБРАТ ОРДАСЫ

ҒАСЫРДАН АСҚАН ҒИБРАТ ОРДАСЫ

1894 жылы қазақ даласында алғашқы мектептердің іргесі қаланып, ел ішінде білім мен ағартудың шамшырағы болар талай білім ордалары бой көтере бастады.
Сол тарихи кезеңде негізі қаланған қасиетті қарашаңырақтардың бірі – бүгінгі таңда 130 жылдан астам тағылымды тарихы бар Шоқан Уәлиханов атындағы №26 орта мектебі. 1895 жылы негізі қаланған бұл білім ордасы – өңірдің рухани, мәдени-ағартушылық өмірінде айрықша орны бар, талай дарынды ұрпақты тәрбиелеп шығарған іргелі оқу орны. Ғасырдан астам уақыт ішінде мектеп тек білім берумен ғана шектелмей, ел дамуына үлес қосқан тұлғаларды тәрбиелеген алтын ұяға айналды.
Мектеп тарихында республика көлемінде танылған, ел мақтанышына айналған түлектер аз емес. Солардың қатарында қазақстандық балалар хирургиясының негізін қалаушы Камал Ормантаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Қызылорда облысынан сайланған депутаты Бақберген Досманбетов, ҚР Парламенті Сенаты аппаратында бас сарапшы қызметін атқарған саяси ғылымдарының кандидаты, профессор Мұсахан Басшыбаев, әлемге танымал архитектор Тотан Күзембаев, ҚР Сот әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Сағатбек Сүлеймен Болатбекұлы, жоғары дәрежелі нейрохирург Марат Алматов сынды елге белгілі азаматтар бар. Бұл – мектептің сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі ұзақ жылдық еңбегінің нақты жемісі.
1962 жылы мектепке Ш.Уалиханов есімі берілді. Мектептің материалдық базасы мен мұғалімдер сапасының артуында білікті басшы, ұлағатты ұстаз Әбдуали Жаназаровтың есімі ерекше. Өзінің педагогикалық шеберлігін, білімі мен тәжірибесін үнемі арттырып, оқушыларға терең білім мен тәрбие берудің озық әдістерін қолдана отырып, мектепті ұзақ жыл басқара білген, ұстаз Әбдуали Жаназаровтың есімі шәкірттерінің есінде ұзақ сақталары сөзсіз. Ол 1963 жылы осы мектепке директор болып келіп, 1982 жылға дейін басқарып, зейнет демалысына шыққан.
Сонымен қатар «Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің озық қызметкері» Зибаш Қамбарованың мектеп өміріне арнаған еңбегі өлшеусіз деуге болады. Ол осы мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметтерін атқарды. Суырыпсалма айтыскер ақын, жазба ақын, сатирик, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып қызмет жасаған, біршама жыл мектептің басшылық қызметінде болған Мұхаметқали Шыңғысовтың есімі Сыр бойында мектеп тарихында құрметпен аталады. Мектебімізді 2006 жылдан бастап білікті де білімді басшы Болат Жұмабаев басқарды. Болат Мәлікұлы басшылық жасаған жылдарда мектеп жаңа белестерден көрінді. 2020-2026 жыл аралығында білікті де іскер басшы Мәуегүл Ерғалиева шеберлікпен басқарып, ұжымның бірлігі мен білім сапасының артуына зор үлес қосты. Қазіргі таңда мектепке білікті ұстаз, тәжірибелі басшы Ақмарал Жарасова директорлық етуде.
Бүгінде білім ордасында 743 оқушы білім алуда. Мектепте 103 мұғалім, 49 кіші қызметкер еңбек етеді. Ұжым құрамында 10 магистрант, 19 педагог-зерттеуші, 39 педагог-сарапшы бар. Бұл – мектептің кәсіби әлеуетінің жоғары екендігін көрсетеді. 2025-2026 оқу жылында мектепте жаңа модификациялық химия, биология және физика кабинеттері жасақталып, білім сапасын арттыру бағытында маңызды жұмыстар жүзеге асырылды.
Мектеп ұжымы жыл сайын облыстық және аудандық деңгейдегі түрлі марапаттар мен номинацияларға ие болып келеді. Облыстық білім басқармасы, облыстық кәсіподақ комитеті және аудандық білім бөлімі кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен өткізілген жыл қорытындылары бойынша мектеп «Ынтымағы жарасқан ұжым – 2022», аудандық «Жыл үздігі – 2022», «Жыл таңдауы – 2023», «Үздік жаңа идеялар жаршысы – 2024» және облыстық «Озық идеялар мен технологиялар ордасы – 2025» номинацияларымен марапатталған. Бұл жетістіктер – мектеп ұжымының ауызбірлігі мен шығармашылық ізденісінің нәтижесі.
Сондай-ақ ұстаздар қауымының кәсіби жетістіктері де ерекше мақтауға лайық. Тарих пәнінің мұғалімі Гүлбану Тұрымтаева республикалық «Үздік педагог – 2021» байқауының жеңімпазы атанып, «Ы.Алтынсарин» және «Ерен еңбегі» төсбелгілерінің иегері болса, мектеп директоры қызметін атқарған қазақ тілі пәнінің мұғалімі Мәуегүл Ерғалиева мен орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бейбігүл Шерімова «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған. Сонымен қатар көркем еңбек пәнінің мұғалімдері Роза Еленова мен Мәншүк Үсенова «Аламан құрақ – 2025» жобасы арқылы Global World Book of Records рекордтар кітабына еніп, арнайы сертификат пен төсбелгі иеленді. Бастауыш сынып мұғалімдері арасында өткен «Алтын тұғыр» олимпиадасының облыстық кезеңінде Мөлдір Адаева жүлделі ІІ орынды жеңіп алды.
2024-2025 оқу жылында мектепті 29 түлек тәмамдап, олардың 5-еуі «Алтын белгі», 1-еуі «Үздік аттестат» иегері атанды. Орташа білім сапасы 85,5 пайызды көрсетті. Мектеп оқушылары түрлі республикалық, облыстық білім бәйгелерінде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. 2025-2026 оқу жылында республикалық «Дарын» ғылыми жобалар конкурсының аудандық кезеңінде 9-сынып оқушысы Ұлан Жасмин І орын алып, жетекшісі Мәуегүл Ерғалиева да үздік жетекші ретінде танылды. Облыстық кезеңде оқушы ІІІ орын иеленді. «Зерде» республикалық зерттеу жобалары байқауында 4-сынып оқушылары Айсара Сайранова мен Мансұр Ермағамбетов аудандық кезеңде І орын алып, облыстық кезеңде ІІІ орын иеленді. Оқушылардың жетекшілері Қарлығаш Ешниязова пен Фатима Төлебаева шәкірт жетістігіне зор үлес қосты. Сондай-ақ химия пәні мұғалімі, жас маман Аида Нұрадинованың оқушылары мектеп қоржынына жылда ғылыми жобадан облыстық жүлделердің қатарын көбейтуде.
Республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жобаларда да мектеп оқушылары үздік нәтижелерге қол жеткізді. Көркем еңбек пәні бойынша Роза Еленованың оқушысы Маржан Бауыржанқызы республикалық кезеңде ІІІ орын иеленсе, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Дүйсебекованың шәкірті Гүлсезім Серікбаева облыстық кезеңде жүлделі ІІІ орынға ие болды. Математика пәнінің мұғалімі Динара Түгелбайдың 5-сынып оқушысы Нұрхан Қуанышбеков «Алтын сақа» математикалық олимпиадасының облыстық кезеңінен ІІІ орын алды. Ал математика пәнінің мұғалімі Қуандық Ізкеновтің 11-сынып оқушысы Айымжан Мирамбекова «Алтын түлек» математикалық олимпиадасының республикалық кезеңіне белсене қатысқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды. Мектеп қоржынына жыл сайын тарих пәнінің мұғалімі Гүлбану Тұрымтаева мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Айнұр Дүйсебекова мен Индира Әбдіқалықованың оқушылары республикалық және облыстық деңгейдегі жүлделерді тұрақты түрде иеленуде.
Шығармашылық пен өнер бағытында да мектеп оқушылары зор жетістіктерге жетуде. Көркем еңбек пәнінің мұғалімі Мұхтар Науановтың оқушысы Нұржігіт Науқанбаев «Халық» қайырымдылық қорының қолдауымен, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» ұйымдастырған алғашқы республикалық «Aiala» артэко фестивалінде Arle сәндік-қолданбалы өнер бағыты бойынша 1 000 000 теңгелік гран-при жеңіп алды. Бұл – мектеп тарихындағы ерекше жетістіктердің бірі.
Спорт саласында да мектеп оқушылары аудан, облыс, республика көлемінде топ жарып келеді. 10-сынып оқушысы Ислам Қасымов «Бала барыс – 2025» жеңімпазы атанып, қазақша күрес пен самбодан республикалық және халықаралық турнирлердің жеңімпазы болды. Сонымен қатар ол қазақша күрес және самбо спорт түрлері бойынша спорт шеберлігіне кандидат дәрежесін иеленген.
Мектепте оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған «Шаңырақ» театры жұмыс істейді. Театр жетекшілері – бастауыш сынып мұғалімі Гүлзира Өндірова мен орыс тілі пәнінің мұғалімі Гүлжанат Дүйсенова. Театр өнерпаздары республикалық «Wonderfest – 2025» театр қойылымдары байқауына қатысып, Алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар «Театрдың ғажайып әлемі» облыстық байқауында ІІІ орын иеленді. 2025-2026 оқу жылында «Шаңырақ» мектеп театры аудандық кезеңде І орын алып, облыстық кезеңде жүлделі ІІІ орынға қол жеткізді.
Қазіргі таңда мектепте тек білім сапасына ғана емес, оқушылардың тәрбиесіне, тұлғалық дамуына, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруге ерекше мән берілуде. Осы мақсатта «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүйелі жүзеге асырылып келеді. Тәрбие жұмыстары оқушылардың адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға, елжандылыққа тәрбиелеуге, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталған. Әлеуметтік жобалар аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, оқушылардың қоғамға бейімделуіне, жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік жасалуда.
Мектепте ата-анамен байланысты нығайту мақсатында «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық арқылы атааналарға бала тәрбиесінің заманауи әдіс-тәсілдері түсіндіріліп, түрлі семинарлар мен кездесулер ұйымдастырылуда. Сонымен қатар отбасы тәрбиесін нығайту мақсатында «Шапағат» әкелер кеңесі мен «Тұмар» аналар кеңесі белсенді жұмыс атқарып келеді. Бұл ұйымдар мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты күшейтіп, бала тәрбиесіндегі ортақ жауапкершілікті арттыруға зор ықпал етуде.
Оқушылардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуда «Бастау» мектеп парламентінің рөлі ерекше. Парламент мүшелері мектеп өміріне белсене араласып, түрлі бастамалар көтеріп, оқушылардың өзінөзі басқару мәдениетін қалыптастыруға үлес қосуда. Мектеп парламенті мүшелері білім мен көшбасшылық бағытында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі», ақын әрі ардагер-ұстаз Дастан Мырзабекұлының демеушілігімен ұйымдастырылған аудандық «Үздік оқырман – 2025» байқауында 10-сынып оқушысы Назерке Қуанышбекова І орынды иеленіп, 70 000 теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Ал Еркеназ Жақсылық ІІ орын алып, 50 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Сонымен қатар мектеп парламенті «Үздік мектеп парламенті» байқауында 2025 жылы ІІ орын, 2026 жылы ІІІ орын иеленді.
Зияткерлік сайыстарда да мектеп оқушылары өздерінің білім деңгейін дәлелдей білді. «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік байқауының аудандық кезеңінде 11-сынып оқушысы Гүлнұр Абушакимова мен 10-сынып оқушысы Гүлсезім Серікбаева жеңімпаз атанып, облыстық кезеңге жолдама алды. Облыстық кезеңде белсенділік танытып, Алғыс хатпен марапатталды.
Сонымен қатар мектепте оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай тәрбие беру мақсатында ер балалар мен қыздар клубтары ұйымдастырылған. Бұл клубтарда ұлттық құндылықтар, әдептілік, өзін-өзі ұстау мәдениеті, өмірлік дағдылар кеңінен насихатталып, жас ұрпақтың бойына ізгі қасиеттер сіңірілуде.
Тағы бір ерекше айта кетерлігі, 1990 жылы ауданда біздің мектеп ардагерлерінің құрамымен «Әжелер» ансамблі құрылды. Ең алғаш Қызылорда қаласындағы «Ән шырқашы, анашым» деген тақырып аясында өткен облыстық фестивальға қатысып, жүлделі орынға ие болды. Күні бүгінге дейін осы ансамбль түрлі аудандық мәдени шараларда өнер көрсетіп келеді.
Бүгінде 130 жылдан астам тарихы бар мектеп – сапалы білім мен саналы тәрбиені қатар ұштастырған, ел болашағын тәрбиелейтін киелі білім ордасы. Ғасырлық тарихында мектеп талай белесті бағындырып, елге қызмет ететін азаматтарды тәрбиелеп шығарды. Бұл білім ордасының жетістіктері – ұстаздар қауымының қажырлы еңбегі мен шәкірттердің талпынысының нәтижесі. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, заманауи біліммен ұштастырған мектеп ұжымы алдағы уақытта да ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп, болашақтың білімді, бәсекеге қабілетті, рухы биік азаматтарын тәрбиелей беретіні сөзсіз.
Жадыра ЕРТАЙҚЫЗЫ,
№26 мектеп директорының ғылыми-әдістемелік
орынбасары
20 мамыр 2026 ж. 112 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№37 (10505)

19 мамыр 2026 ж.

№36 (10504)

16 мамыр 2026 ж.

№35 (10503)

13 мамыр 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 140
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 720

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031