» » 30 жыл бір салада

30 жыл бір салада



Қоғамда әрбір мамандықтың алар өзіндік орны бар. Солардың ішінде адам өміріне тікелей қатысы бар, жанашырлық пен төзімділікті, ұстамдылық пен кәсіби біліктілікті талап ететін ерекше мамандық иелері – мейірбикелер.
Қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі мен сапасы медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Соның ішінде мейірбике қызметі – науқастарға көрсетілетін көмектің ажырамас бөлігі.
Мейірбикелер – медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын, емдеу-диагностикалық шараларының талапқа сай сәйкесінше жүзеге асуын, санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар тек медициналық көмек көрсетумен шектеліп қоймай, олар науқастармен және олардың туыстарымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлес қосады. Бұл өз кезегінде қоғам денсаулығын нығайтуға ықпал етеді.
Міне, осындай қағиданы ұстаным еткен маңызды әрі жауапты саланың сыры мен қырын меңгерген өз ісіне адал мамандық иесі Жарқын Жайықбаева. Мейірімді жан 1974 жылы Т.Көмекбаев ауылында дүниеге келіп, медициналық білімін Қызылорда медициналық училищесінен алған. Оқу орнын қызыл дипломмен аяқтаған Ж.Демеуқызы жастайынан білімге, мамандығына қызығушылық танытқан.
Сала маманының еңбек жолы 1996 жылы Қармақшы аудандық емханасының стоматология кабинетінде басталған. Содан бері, міне, 30 жыл бойы медицина саласында тәжірибелі де білікті, жанашырлық пен мейірімділік қасиеттерін жоғары қойған абыройлы мейірбике ретінде үздіксіз қызмет атқарып келеді. Осы жылдар ішінде ол өзін тәжірибелі маман, жауапкершілігі жоғары, науқастарға мейіріммен қарайтын, сонымен қатар жастарға бағыт-бағдар беріп, білгенін бөлісуден ешқашан жалықпаған тұлға ретінде таныта білді. Ол білікті маман болып қалыптасуына еңбектегі ұстаз-әріптестері Алмасбек Қаржаубаев пен Маржан Палымбетованың еңбектерін ерекше атап өтеді.
Көпжылдық еңбек тәжірибесі барысында Жарқын Демеуқызы әріптестері арасында сыйлы, жастарға үлгі болуда. Ол өз білімін үнемі жетілдіріп, медицина саласындағы жаңалықтарды меңгеруге ұмтылады. Ұзақ жылғы адал еңбегі ескеріліп, облыстық денсаулық сақтау саласының Құрмет грамоталарымен, «АMANAT» партиясының Алғыс хаттары марапаттарымен еленеді.
– Медбикелік мамандықты таңдаудағы басты мақсатым – адамдарға қол ұшын созып, олардың денсаулығын жақсартуға үлесімді қосу болды. Науқастарға күтім жасап, қиын сәттерде қолдау көрсету мен үшін маңызды. Әрбір айтылған алғыс сөзі, қуанышы маған шабыт береді, – дейді тәжірибелі мейірбике.
Оның саладағы еңбек жолы – табандылықтың, кәсібіне деген шынайы сүйіспеншіліктің және адамға деген жанашырлықтың айқын үлгісі. Күнделікті атқарып жүрген еңбегі – талай жанның деніне шипа дарытып, өміріне үміт сыйлаумен мәнді.
Бүгінде денсаулық сақтау саласында осындай ісіне адал, тәжірибелі мамандардың орны ерекше. Осындай ақхалатты абзал жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Себебі олардың мейірімі мен қамқорлығы, жылы сөзі мен кәсіби шеберлігі – науқас дертіне дауа. Ж.Жайықбаева секілді тәжірибелі мейірбикелер – тек медицина саласының ғана емес, қоғамның да байлығы саналады.
Жарқын апай жұбайы Нұрлан Қуаңбаевпен бірге екі қыз, екі ұл тәрбиелеп отырған асыл ана, төрт немеренің аяулы әжесі.
Ақхалатты абзал жанның алдағы уақытта да ел алғысына бөлене беруін тілейміз. Оның өмір жолы мен еңбек тәжірибесі жас мамандарға әрдайым үлгі болары сөзсіз.
Құралай АЛТАЙҚЫЗЫ
15 мамыр 2026 ж. 45 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№36 (10504)

15 мамыр 2026 ж.

№35 (10503)

13 мамыр 2026 ж.

№34 (10502)

09 мамыр 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 103
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 693

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031