КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕРГЕ КӨЗҚАРАС
Бүгін орта буын медицина қызметкерлерінің қатысуымен мазмұнды кездесу ұйымдастырылып, конституциялық реформалар жобасы жан-жақты талқыланды.
Іс-шара барысында мейірбикелер, фельдшерлер, зертхана қызметкерлері, акушерлер мен басқа да орта буын медицина мамандары еліміздің негізгі заңы аясында ұсынылып отырған өзгерістердің өздерінің күнделікті еңбегіне, әлеуметтік қорғалуына және кәсіби мәртебесіне қалай әсер ететінін ортаға салды.
Денсаулық сақтау саласында орта буын қызметкерлерінің рөлі ерекше. Олар – науқаспен ең тығыз байланыста болатын мамандар. Дәрігер тағайындаған емнің орындалуын қамтамасыз етіп, пациенттің күнделікті жағдайын бақылап отыратын да – осы орта буын мамандары.
Конституциядағы басты қағидалардың бірі – әр азаматтың медициналық көмекке қол жеткізу құқығы. Бұл қағиданың нығаюы тікелей орта буын медицина қызметкерлерінің жұмысына байланысты. Сондықтан реформалармен қатар олардың кәсіби біліктілігін арттыру, үздіксіз оқыту жүйесін дамыту маңызды екені айтылды.
Конституциялық реформалар – әрбір азаматтың тағдырына әсер ететін маңызды процесс. Орта буын медицина қызметкерлері бұл өзгерістерден шет қалмауы керек. Себебі олар – қоғам денсаулығының алдыңғы шебінде тұрған жандар.
Өз құқығын білу, пікірін ашық айту, кәсіби қауымдастықтарда белсенді болу – бұл тек жеке мүдде емес, жалпы денсаулық сақтау жүйесінің сапасын арттыруға қосылған үлес. Бүгін айтылған ойлар ертең қабылданатын шешімдердің негізіне айналуы мүмкін.
















