Өмірлік өнеге мен естеліктер

Біздің бүгінгі мақаламызға да осындай жанның ғұмырнамасы, жүріп өткен ізгі жолы арқау болып отыр. Кейіпкеріміз – Фазила Ниязқызы. Ол – Сыр өңіріне, соның ішінде Қармақшы өңіріне аты белгілі дін өкілі, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген, атақты Қалжан ахунның шәкірті Нияз молда Тасболатұлының қызы. Нияз молда өз заманында дін ілімін жетік меңгерген, көрегендік, сезгіштік, емшілік қасиетімен танылған жан ретінде белгілі болды. Қуғын-сүргін кезеңінде Түркістанның түрмесінде ақын, Сыр шайыры Тұрмағамбет Ізтілеуұлымен бірге түрмеде отырған. Ол туралы түрлі зерттеулер жүргізіліп, ғылыми мақалалардың жазылуына түрткі болды. «Қармақшы таңы» газетінде Нағима Торманованың «Нияз молда» тақырыбымен мақаласы жарияланды. Ақын Ибрагим Бекмаханов «Ғұлама-ғұмыр» дастанын жазды. 2011 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Сақаұлы Тебегеновтің авторлығымен «Нияз молда Тасболатұлы» деп аталатын кітап жарық көрді. Бұл – сан тарау деректер мен дәлелдерге сүйене отырып, ел ішінде ауызша тараған әңгімелерді ғылыми тұрғыда дәйектеп, Нияз молданың ұрпақтары баяндаған оқиғаларды жан-жақты талдай отырып жазылған құнды еңбек.
Ал бүгінгі мақаламыз Фазила апайдың өмірінің бір-екі кезеңінде басынан өткен оқиғалары мен әкесінің көзін көрген кісілердің өзіне әсер еткен жақсылығы, шарапаты жайлы болмақ. Кейіпкеріміздің өмір жолына әкесінің орны ерекше. Нияз молда жоғарыда айтқанымыздай, елге сыйлы, абыройлы жан болған. Тағылымы мол әке тәрбиесі мен артында қалған «жақсы аты» қызының да өмірден өз орнын табуына оң ықпалын тигізеді. Осы орайда халқымыздың «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Фазила апамыздың да аудан, облыс көлеміне аты шығып, танылуына бір кездегі әкесінің батасын алып, салиқалы сөзін естіген азаматтардың қолдау көрсетуі, бағыт-бағдар беруі өз септігін тигізген.
Фазила Ниязқызы 1941 жылы 3 қарашада дүниеге келген. Небәрі екі жарым жасында анасы Нақбала Мүлкібайқызы дүниеден озады. Анасы мен әкесінің қосылу тарихы, олардың тағдыр тәлкегіне қарамастан бірге өмір сүруі – кейінгі ұрпақ үшін үлкен өмірлік сабақ. Фазила апаның тәрбиесіне әкесі ерекше көңіл бөлген. Әкесіне етене жақын болып өскен ол кішкентайынан ғұламалардың айтқан сөздерін жадында сақтайды. Алғаш дүние есігін ашқан сәтте әкесі оны ұл бала екен деп ойлап, есімін Файзолла деп қояды. Артынша қыз екенін біліп, Фазила деп атайды. Әкесі жайлы ой толғасы тереңнен тебірене кететін апа бабасы Кенжалы би, әкесі Нияз молда туралы тың мәліметтердің көпшілікке таралуына айрықша еңбек сіңірді.
«Боларыңды болып өт,
Бозжорғадай желіп өт.
Болмасаң да білген соң,
Болған ердің қосын жек» деген даналардың сөзі бар. Өмір жолымды ой елегінен өткізсем, жақсы-жақсы естеліктер легі көз алдыма келеді. Жақсы адамдармен бірге жүргенің өміріңе оң әсерін тигізеді. Анамның өмірден ерте өткені болмаса, әкемнің, халқымның арқасында елге қадірлі болып өстім. Бала күнімде Алдашбай ахунның баласы Омар деген кісі есекпен әкеме кеп тұратын. Екі адам болып келеді. Үйге кіргенде маған: «Ассалаумалейкум, Фазила мақсұм!», – деп сәлем беріп кіретін (мақсұм – мырза, қожайын, қамқорлыққа алынған деген мағыналарды білдіреді. – автор). Соның барлығы әкемнің шарапаты ғой», – деп сағына еске алады өмір жолын Фазила апа. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген қадиғаны әрдайым жадында ұстаған жанның өзгенің жақсы қасиетін, соның игі әсерін жеткізуге ұмтылуы да жайдан-жай емес. Бұл – халық даналығынан шөлін қандырып өскен текті ұрпақтың, асылдың сынығының өзгеге деген құрметі, ыстық ілтипаты.
Еңбек жолын ерте бастаған Фазила Ниязқызы 20 жасынан бастап түрлі қызметтер атқарады. Ауылдағы балабақшаның меңгерушісі болып, кейін дүкенде, тұрмыс қажетін өтеу комбинатында еңбек етеді. Қай қызметте болса да адалдықты ту етіп, сенімге селкеу түсірмей жұмыс жасаған. Сол кезеңнің жарқын бір сәті – 1986 жылы аудандық партия комитетінен ұсынылған екі адамның бірі болып облыстық партия конференциясына делегат ретінде баруы. Екіншісі – кәріс ұлтынан шыққан Лина есімді келіншек.
Кеңес Одағы кезінде мұндай үлкен конференцияға қатысу, онда баяндама жасау – үлкен жауапкершілік әрі тарихи-саяси маңызды оқиға. Қызылорда қаласында өткен бұл жиында облыс көлеміндегі басшылар, парторгтар мен директорлар бас қосады. Бұл тәжірибе алмасып, өзекті мәселелерді көтеруге мүмкіндік берген маңызды алаң еді.
Конференция барысында Фазила апа аудан атынан баяндама жасап, ел игілігі үшін маңызды үш мәселені көтереді: біріншісі – Көмекбаев кеңшарына асфальт (күре) жол тарту; екіншісі – ІІІ Интернационал ауылындағы скважина суын Қармақшыға жеткізу; үшіншісі – Қармақшы кеңшарындағы көп жылдан бері келе жатқан жел диірменіне қамқорлық жасап, бұздырмай, сақтап қалу.
- Сол кездегі білікті басшы, Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің алдында жасаған баяндамасы өте сәтті шығып, сол баяндамада көтерілген өзекті мәселелер көп уақыт өтпей-ақ өз шешімін тапқан. Қармақшыға су тартылды. Көмекбаев кеңшарына асфальт жүргізілді. Жел диірмені Қармақшы ауылында қазіргі күні ескерткіш болып, әлі тұр.
Әкесін таныған, батасын алған, бірлі-екелі жақсылығын сезінген аудандық комитеттің екінші хатшысы Болатбек Сүлейменовтің, тұрмыс қажетін өтеу комбинатына қарасты етік цехының меңгерушісі Жалғасбай Төрежановтың, Әлихан Сұлтанов, Айнакүл Боханова есімді кісілердің есімін ерекше ықыласпен еске алып, тебіренеді. Бір кездегі ауылдастарына, яғни қазіргі Ақтөбе ауылының байырғы тұрғындары, бүгінде келместің кемесіне мініп кеткен Нәзікбай, Бодан, Тоқмамбет, Қаршыға, Қыпшақбай есімді кісілердің өзіне айрықша ықыласпен қарағанын сағынышпен сөз етеді.
Фазила апаның отбасылық өмірі де тағылымға толы. Сайлау Қолдабеков есімді азаматпен бас қосып, шаңырақ түтетеді. Екі ұл, екі қыздың ата-анасына айналады. Енесі Қатша әже ақылды, қамқор жан болған. Енесін әже деп атаған. Ол кісі жарық дүние есігін ашқан төрт баласын, яғни немерелерін өсіруге көмектесіп, келініне бағыт-бағдар беріп отырған. Бірге тұрған 10 жылдың ішінде ене мен келіннің арасында көзге көрінбейтін жылылыққа толы жіпсіз байланыс орнайды. Бұдан «Өзге үйден келген жан» деп, өзекке теппей, өз бауырына тарта білген үлкен кісінің даналығы мен көрегендігі байқалады. Соның арқасында үй шаруасына аса алаңдамай, ұжшардың, халықтың тұрмыс қажетін өтеу комбинатының жұмысын белсене атқарған Фазила апа бүгінде бір шаңырақтың астында сыйласып ғұмыр кешкен енесінің еңбегін жоғары бағалап: «Енем өте жақсы кісі болды, біз үшін шыбын жаны шырқырап жүретін. Сондай кісінің тәрбиесін алғаныма тәубе деймін, қуаныштымын!», – деп өміріндегі маңызды тұлға ретінде еске алады.
Фазила Ниязқызымен әңгіме-сұхбат құрудың да өзіндік ерекшелігі бар. Мәнерлете сөйлеген сөзі құлаққа жағымды әсер қалдырады. Әңгіменің ішіне еніп, сонау бір қариялардың дана сөздерін жанында жүріп естігендей сезімге бөленесіз. Бұл – асыра мақтау емес, шынайы пікір.
Әкесінің тәрбиесін, айтқан сөздерін еске алғанда:
«Сөйлегеннен сөйлемеген жақсырақ,
Сөйлеймін деп басыма тиді таяқ», – деп отыратын. Сөздің де орны, жүйесі бар. Соны ажырата білу керек. Аллаға шүкір, еңбегім еленіп, жақсы ғұмыр кештім. Халқым алақанында аялап ұстады. «Жасымда бейнет бер, Қартайғанда дәулет бер», «Екі тойың қабат болсын, екі дүниең абат (берекелі, құтты. – автор) болсын» деген екен бабаларымыз. Мен де бүгінде азды-көпті білгеніммен бөлісіп, кейінгі ұрпаққа басымнан өткен оқиғалардың тұщымдысын жеткізуге тырысып жүрмін. Балаларымның, немере, шөберелерімнің ортасында бақытты әжемін», – дейді өзінің қазіргі өмірі жайында. Сексеннің бесеуіне келген Фазила апа бүгінде Жосалы кентінде тұрады.
Сөзді түйіндей келгенде, Фазила Ниязқызының өмір жолы – еңбекқорлықтың, адалдықтың, үлкенге құрмет пен кішіге ізеттіліктің айқын үлгісі.
Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,
Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді» деген ақын Ілияс Жансүгіровтің сөзін келтірсек, адамды бағалау, оның жақсы қасиетін айта білу – даналықтың белгісі. Елеп-ескерген жағдайда ғана айналамызды жіті тани бастаймыз.
Жақсы адамдармен араласу, олардың өнегесін көру – адам өмірін байытып, дұрыс жолға бағыттайды. Осындай естеліктер әр адамның жүрегінде сақталып, келер ұрпаққа өнеге болып қала берері сөзсіз.
Лаура БАҚТЫБАЕВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі















