Тарих пен тағзымның мәңгілік символы

Жыл сайын 9 мамыр күні адамзат тарихындағы ең ауыр әрі қасіретті кезеңдердің бірі – Ұлы Отан соғысы аяқталған күні ретінде атап өтіледі. Бұл күн – әскери жеңістің, бейбіт өмірдің, ерліктің, бірліктің және адам рухының беріктігінің символы. Жеңіс күні – өткенге тағзым, бүгінге сабақ, келешекке аманат.
Алайда соңғы кездері жеңіс күніне қатысты екіұдай пікір қалыптасқан. Адамдардың бір тобы ол күнді мереке ретінде тойлауды қолдаса, енді бірі – Кеңестік кезеңнен қалған осынау бір сұрапыл сәтті еске салатын күнді атап өтудің ешқандай мән-маңызы қалмағанын айтуда. Екінші пікірге назар аударатын болсақ, Жеңіс күнін атап өту Кеңес үкіметінің саясатын қолдау, сол кезеңді аңсау болып саналады екен-мыс. Ал енді тарихқа шегініс жасап көрелік.
Қазақ халқының тарихында сан түрлі шайқас, көтерілістер орын алды. Олардың көпшілігі бүгінде тарихымыздың қайта түгенделген парақтарына жазылды. Сақтардың парсылармен шайқасы, Аңырақай шайқасы, Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама, тағы басқа мұның бәрін тарихи оқиға ретінде бағалап, өткен жылдары мен географиялық орнын айқындадық. Мереке ретінде тойламасақ та, жеңіліс тапсақ та сол қасіретті кезең тудырған ән-жыр да ерекше тарихи мәнге ие. Тарих бағалануы керек, ұмытылмауы керек. Заман басқа, заң басқа деп, жауырды жаба тоқудың да өз реті, өз орны болады. 9 мамырға келсек, ол кезде 15 одақтас республика ортақ мүдде, ортақ мақсат үшін қасық қаны қалғанша күресті. Бұл жеңіске бірліктің, татулықтың, өзара ынтымақтастық пен түсіністіктің арқасында қол жетті. Бір тудың астына бірігіп, қаншама қиындықты басынан кешкен адамдардың тұтас тағдырын, ерлігін, еңбегін жоққа шығару тарихты төңкеріп тастаумен тең. Біз, кейінгі ұрпақ, тарихқа баға береміз, сабақ аламыз, бірақ оны орынсыз сынауға, жоққа шығаруға еш қақымыз жоқ. Ол үшін жан-жақты зерделеу, таразыға салып бағамдау қажет. Қайткен күнде де аталарымыздың майдан даласында қан кешіп, елін, жерін қорғауы, елде қалған әрбір жанның сол майданға көмек жіберуі ескерусіз қалатын ерлік емес.
1418 күнге созылған соғыс аз уақыт болған жоқ, Жеңіс туы тігілмегенде, әлі де созыла берер еді, сәйкесінше боздақтардың саны артып, халықтың тұрмыс-тіршілігі сол кездегіден де төмендей берері анық еді. Бұл жеңіс халықтың көз жасы мен мұң-қайғысын ішіне жасырып, алдағы күннен үміт күтуі, осыған дейін болған қиыншылықты еңсеріп, болашақтың таңы жарқырап атуын тағатсыздана тосуымен астасып жатыр. Әрбір қуаныш шүкірлікпен, тәубемен тоғысты. Халық ендігі қалғанына, қолымыздағы барына «шүкір» десті. Сол себепті де үлкен деңгейде аталып өтуі қажет. Өскелең ұрпақ соғысты көрмесін, бірақ ата-бабаларының басынан кешкен кезеңдерді осындай атаулы күндері арқылы болса да сезінсін, ой сүзгісінен өткізсін, ол – мәңгілік сабақ.
1941 жылдың 22 маусымында Германияның КСРО-ға шабуылы басталып, бүкіл кеңес халқы үшін үлкен сынақ кезеңі туды. Майдан даласы ғана емес, тылдағы еңбек те Жеңіске жетудің негізгі тірегіне айналды. Соғыс жылдары қазақ даласынан майданға 1,5 миллионға жуық адам аттанды. Ресми деректерде бұл сан 1 миллион 200 мың деп көрсетіліп жүр. Уақыт көші алға озған сайын, яғни соғыстың аяқталғанына 81 жыл өтсе де, бұл санның қатары артып келеді. Сол уақытта хабарсыз кеткен жандардың дерегі әлі де іздестірілуде, табылғандары расталуда. Майданға кеткен осынау жанның 600 мыңға жуығы елге оралған жоқ, көптеген адам жүрегіне ғана емес, тәніне да таңба салып оралды. Соның ішінде Қармақшы ауданынан 5000-ға жуық адамның майдан шебіне аттанғандығы жайлы дерек бар. Оның куәсі – әр ауылдың қақ ортасында тұрған «Ерлік тақтасы», сол тақтаға жазылған соғыста қаза тапқандардың аты-жөндері.
Соғысқа қатысқан, онда ерлік көрсеткен әрбір жанның есімі құрметке лайықты. Десек те, айрықша көзге түскен батырларымызды атап өтпеу, ескермеу мүмкін емес. Солардың ішінде Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Мәлік Ғабдуллин, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова сияқты қаһармандардың есімдері ерекше құрметпен аталады. Олардың ерлігі – отансүйгіштіктің, батылдық пен қайсарлықтың үлгісі.
Жерлестеріміз бөлімше командирі, барлаушы Тәйімбет Көмекбаев, партизандар тобында ерлік көрсеткен Ерназар Сексенбаев, Смағұл Ысқақов, Тиыштыбай Ешмұратов, Әбдірауық Сатыбалдиев, Ідіріс Тұрмағанбетов, Сәдібек Әйекенов, Қалмырза Жарманов, Әлімбай Әлиасқаров, Әбзали Егізбаев, Шәкіман Бектібаевтардың ерлігі, ол жандардың есіміне деген құрмет Жеңіс күнімен бір ұғым ретінде қарастырылады. Сонымен қатар мыңдаған белгісіз батырлар да Жеңіске өз үлесін қосты. Әрбір сарбаздың тағдыры – бір отбасының тарихы, бір елдің жүрек жарасы.
Иә, бізге соғыс жайлы айту, жазу, бір жағынан оңай көрінеді. Ғаламтордан деректерді теріп, мәліметтерді топтастырып, ұранға толы сөздерді жазуға да болар. Бірақ Ұлы Отан соғысы туралы тебіренбеу, толқымау әсте мүмкін емес. Ол жайлы жазылған сан түрлі шығармаларды оқып, тарихтан біліп, ақындарымыздың өлең-жырларын оқып, жүрекке жететін сазды әндерді тыңдап, жүрекпен сезінбеу мүмкін бе?! Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романы, Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызы», Бауыржан Момышұлының «Мәскеу үшін шайқас» романы, Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы, Мәлік Ғабдуллиннің очерктері, Қасым Қайсеновтің шығармалары, тағы басқа оқырман қауымды оқиға жетегіне ілестіріп, ой түбіне жетелей жөнеледі. Көркем әдебиетті адамзатты тәрбиелеудің құралы дейтін болсақ, ол тарихты сезінудің, бағалаудың да бір үлгісі болмақ. Ең болмаса, оқу арқылы ой түюге тырысайық.
Біз соғысты көрген жоқпыз, көрмей-ақ қояйық. Балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген ата-әжелеріміздің де сол кезең жайлы емен-жарқын ашылып айтқанын, балалық шағы туралы баяндағанын көрмеппін. Әке-шешелеріміз өздерінің балалық шағын біздікімен салыстырып айтып отыратын, кейінгіге көңілі толмайтын. Ал одан алдыңғы буынның өкілдері: «Құдай, көрсеткеніңе шүкір!» – деп отыратын. Өз ұрпағына қай қасіретін айтсын, қай мұңын шақсын?!
Өз басым: Ұлы Отан соғысының ардагерімен көп кездестім, сөйлестім,– деп айта алмаймын. Оқушы кезімізде мектептегі тәрбиелік іс-шараларға шақыратынымыз есімде. Ол кезде тым кіші едік. Кейіннен ардагерлердің де қатары сирей бастады. Ақтөбе ауылының тумасы, соғыс ардагері Мұнарбаев Кенжебек атамыздың шапанын жерге жайып жіберіп, намаз оқып тұрған сәті есімде қалыпты. Ешкімге артық сөйлемейтін осы бір кісінің тұлғасы маған сол кезде алып көрінетін. Соғыс ардагері екенін естуім бар, басқаша көзқараспен назар аударғанымды білемін. «Ой-санам қалыптасқан жаста болсам, бірсыдырғы әңгімеге тартар едім-ау», – деп ойлап қоямын бүгінде.
«Өмір жайлы сұрай берме сен менен,
Өмірді мен әлі зерттеп көрмеп ем.
Өмір жайлы білгің келсе, қартқа бар,
Қан майданнан жалғыз ұлы келмеген», – деп жырлаған екен ақиық ақын Мұқағали өмір жайлы тебіренген жыр жолдарында. Соғыс – бір адамның тағдырына, тұтас бір халықтың тарихына ықпал ететін қасірет. Соғыстың куәсі болу, оның зардабын сезіну – өмірді сезінумен тең. Қан майданға жалғыз ұлын аттандырған адам өмір жайлы тереңінен толғанады. Өмір жайлы қилы кезең, тар заманның адамдары сыр шертеді.
Ұлы Отан соғысында КСРО бойынша соғыста 27 млн адам қаза тапты. Келтірілген сандық көрсеткіш – әрбір отбасының қасіреті. Қазақстан әрбір төртінші азаматынан айырылды. Жеңіс күні адамзатқа бейбітшіліктің қадірін түсіндірді. 9 мамыр бізге бірнеше маңызды түсініктерді қалыптастырды. Атап айтсақ, бірлік пен ынтымақ – кез келген қиындықты жеңудің кілті, тәуелсіздік пен бейбіт өмір оңайлықпен келмейді, тарихты ұмытпау – болашаққа дұрыс жол табудың негізі.
Бүгінде Жеңіс күні – ардагерлерге құрмет көрсетілетін, ескерткіштерге гүл қойылатын, шеру мен еске алу шаралары өтетін маңызды мереке. Қазақстанның көптеген қаласында мәңгілік алау оты маздап, лаулап тұр, бұл – соғыста қаза тапқандарға деген халықтың шексіз құрметінің белгісі. Әсіресе қазіргі бейбіт заманда өмір сүріп жатқан ұрпақ үшін соғыстың қандай ауыр болғанын түсіну аса маңызды.
Лаура БАҚТЫБАЕВА














