Құқықтық тәртіп пен әлеуметтік қолдау мәселелері талқыланды
Алғашқы мәселе ретінде «Қармақшы ауданында құқықбұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды есепке алуды жүргізу, оларды көтермелеу түрлері мен тәртібін айқындау туралы» аудан әкімдігінің қаулы жобасы қаралды. Бұл бағытта аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Т.Сүлеев баяндама жасап, ұсынылып отырған құжаттың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, қоғамдағы құқықбұзушылықтың алдын алу ісінде белсенді азаматтардың рөлі айрықша. Сондықтан оларды жүйелі түрде есепке алып, ынталандыру тетіктерін нақтылау – уақыт талабы. Бұл өз кезегінде қоғамдық тәртіпті нығайтып, құқықтық мәдениетті арттыруға ықпал етеді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – әлеуметтік қолдау саласына қатысты болды. Атап айтқанда, аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 8 қыркүйектегі №77 шешіміне өзгеріс енгізу туралы жоба қаралды. Бұл жөнінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Н.Махамбетов хабарлама жасап, ұсынылып отырған өзгерістердің мәнін түсіндірді.
Жиын барысында кеңес мүшелері екі мәселе бойынша да өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді. Талқылау нәтижесінде ұсынылған жобалар жан-жақты сараланып, олардың өзектілігі мен қажеттілігі атап өтілді. Кеңес мүшелері құжаттардың мазмұнына оң баға беріп, оларды қолдау жөнінде ортақ шешімге келді.
Отырыс қорытындысында аудан әкімдігінің қаулы жобасы мен аудандық мәслихаттың шешім жобасы қоғамдық кеңес тарапынан мақұлданып, тиісті келісім берілді. Бұл шешімдер алдағы уақытта ауданның құқықтық тәртібін нығайтуға және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге бағытталған нақты қадамдардың жүзеге асуына негіз болмақ.
Қармақшы аудандық қоғамдық кеңесі















