Көшедегі қауіп: көрінбейтін мәселе

11-сыныпта оқып жүрген кезім болса керек. Бір күні жаңа куртка алып, қуанып тұрып оны бірден киіп үйге келдім. Есіктен енген сәтте, өзім асырап жүрген итім мені танымай, аяқ астынан қауып алды. Арада 3-4 ай өтті, жарам жазылды. Бірақ көп ұзамай, көшеде күтпеген жерден бұрын өз итім тістеген жерден қаңғыбас ит тағы да тістеп алды. Сол сәттен бастап иттерге деген қорқыныш менің ішімде тамыр жайды. Міне, содан бері 17 жыл өтсе де, көшеде ит көрсем, айналып өтемін. Одан бөлек, жаңалықтардан да қаңғыбас иттерден зәбір көргендер туралы хабарларды жиі естиміз. Газетімізде де көпті толғандырған тақырып ретінде бірнеше рет қалам тербедік. Ал қазір әлем елдерінде үй жануарларына қатысты заңдар қатаңдай түсті. Ит немесе мысық адамға зиян келтірсе, жауапкершілік кімге жүктеледі? Қаңғыбас иттер мәселесі қалай реттеледі? Толығырақ тарқатсақ.
Шетел шектен шығармайды
Әлемдік тәжірибеде үй жануарларына қатысты заңдардың өзегі бір. Жануардың әл-ауқатына оның иесі жауап береді, ал жануар адамға немесе басқа жануарға зиян келтірсе, жауапкершілік ең алдымен иесіне немесе сол сәттегі ұстаушысына жүктеледі. Бұл қағида көптеген елдің заңнамасында тікелей немесе жанама түрде бекітілген және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі саналады. Алайда құқықтық механизмдер әр мемлекетте әртүрлі қалыптасқан. Деректерге сүйенсек, Еуропаның бірқатар елінде мұндай жағдайлар азаматтық-құқықтық жауапкершілік арқылы реттеледі. Яғни жануар келтірген зиян үшін иесі материалдық өтемақы төлейді. Ал Ұлыбританияда бұл мәселе әлдеқайда қатаң қарастырылады. Мұнда ит «қауіпті бақылаудан шыққан» деп танылса, иесіне қылмыстық жауапкершілік жүктелуі мүмкін. Мәселен, ит адамға шабуыл жасап, жарақат келтірсе, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Егер адам қаза тапса, жаза 14 жылға дейін ұлғаяды.
Германияда да иесінің жауапкершілігі нақты белгіленген. Азаматтық кодекстің 833-бабына сәйкес, жануар келтірген зиян үшін оның ұстаушысы толық жауап береді. Бұл норма «жануардың шабуылы – иесінің тәуекелі» деген қағидаға негізделген.
Францияда ит тістеу фактісі міндетті түрде тіркеледі. Ресми мәліметке сәйкес, мұндай жағдайда жануар ветеринариялық бақылауға алынып, оның мінез-құлқы арнайы бағалаудан өтеді. Сонымен қатар иесі барлық шығынды өтеуге міндетті. Бұдан бөлек, қауіпті санаттағы иттерге қатысты талаптар күшейтілген. Иесі арнайы дайындықтан өтуі, жануарды тіркеуі және бақылауда ұстауы тиіс.
Ал АҚШ-та бұл мәселе бірыңғай жүйемен реттелмеген. Сарапшылардың мәліметінше, шамамен 36 штатта «қатаң жауапкершілік» нормасы бар. Дегенмен кейбір штаттарда «бірінші рет тістеу» қағидасы сақталған. Яғни жануар бұрын қауіпті деп танылмаса, иесінің жауапкершілігі жеңіл қаралуы мүмкін.
Мәселе қалай шешілмек?
Қаңғыбас ит мәселесі әлем елдерінде өзекті тақырыптардың бірі болып қала береді. Алайда халықаралық тәжірибе көрсеткендей, оларды жаппай жою бұл мәселені түбегейлі шешпейді. Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының (WOAH) дерегіне сүйенсек, ең тиімді тәсіл – жүйелі басқару. Бұл тәсіл жануарларды ғана емес, адам мінез-құлқын да қамтиды. Яғни мәселенің түпкі себебі – бақылаусыз көбейту, тіркелмеу және жануарларды тастап кету. Осыған байланысты негізгі шаралар ретінде стерилизация, вакцинация, тіркеу және иелердің жауапкершілігін күшейту ұсынылады.
Мысалы, Үндістанда 2023 жылдан бастап қаңғыбас иттерді стерилизациялау және вакцинациялау арқылы бақылау жүйесі енгізілген. Ресми мәліметке сәйкес, бұл тәсіл олардың санын табиғи түрде азайтып, құтыру ауруының таралуын шектеуге мүмкіндік береді. Ал Францияда бұл мәселе жергілікті деңгейде реттеледі. Қаңғыбас жануарлар арнайы орталықтарға жеткізіліп, белгілі бір уақыт ішінде иесі табылмаса, олар қорғау ұйымдарына беріледі. Сонымен қатар «еркін мысықтар» моделі қолданылады. Иесіз мысықтар ұсталып, стерилизацияланып, қайта өз аумағына жіберіледі.
Соңғы жылдары Түркияда қаңғыбас иттерге қатысты саясат та қызу талқылануда. Заңнамаға енгізілген өзгерістерден кейін жануарларды көшеден алып, панажайларға орналастыру тәжірибесі күшейді. Алайда сарапшылар бұл тәсіл инфрақұрылым жеткіліксіз болған жағдайда жаппай эвтаназия қаупін арттыруы мүмкін екенін айтады.
Әлем елдерінде чиптеу үй жануарларын бақылаудың ең тиімді құралдарының бірі ретінде қарастырылады. Сарапшылардың айтуынша, чиптеу бірнеше маңызды функция атқарады. Біріншіден, жануар жоғалған жағдайда оның иесін тез анықтауға мүмкіндік береді. Екіншіден, заңсыз сауда мен жануарлардың бақылаусыз қозғалысын шектейді. Үшіншіден, жануар қандай да бір зиян келтірген жағдайда жауапты тұлғаны нақты анықтауға көмектеседі. Мәселен, Ұлыбританияда ит пен мысықты міндетті түрде чиптеу талабы енгізілген. Егер бұл талап орындалмаса, иесіне айыппұл салынады.
Нидерландта да чиптеу мен тіркеу жүйесі толық енгізілген. Ресми дерекке сәйкес, бұл жануарлардың әл-ауқатын арттыруға және олардың қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Ал Еуропалық одақта жануарларды шекарадан өткізу үшін микрочип, құтыруға қарсы вакцина және арнайы құжат талап етіледі. Маңызды талаптардың бірі – вакцина тек чип салынғаннан кейін ғана жарамды болып есептеледі.
Қазақстанда жағдай қалай?
Жақында Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин бұралқы иттерге қатысты заң жобасын таныстырып, мәселенің өзектілігі мен ұсынылып отырған өзгерістерге тоқталды. Депутаттың айтуынша, елімізде бұралқы иттер мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр.
– Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылы ит шабуылының 38848 жағдайы тіркелсе, оның 24410-ы бұралқы иттерге тиесілі. Бұл тұрғыда мәселе азайып жатқан жоқ. Ол әлі де жүйелі, өткір, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті мәселе болып отыр. Бұл сандардың артында жай ғана есеп емес, адамдардың тағдыры тұр. Оның артында балалардың жарақаты, азаматтардың қорқынышы, психологиялық күйзеліс, мүгедектікке алып келген жағдайлар, ал кейде – адам өлімі тұр, – дейді Еділ Жаңбыршин.
Ол бірқатар өңірде орын алған қайғылы оқиғаларды еске салды.
Өскеменде бұралқы иттер 11 жастағы балаға шабуыл жасады. Осындай жағдайлар Оралда, Көкшетауда, Жалпақсай ауылында, Қосшыда болды. Ал 2022 жылы Ақтөбе облысында бұралқы иттердің шабуылынан бала қаза тапты. Осындай әрбір қайғылы оқиғадан кейін қоғам мемлекетке өте орынды сұрақ қойып отыр. Депутат ұсынып отырған заң жобасы тек эмоция емес, жүйелі өзгеріске негізделген. Ол «Бүгінде мемлекет итті аулайды, стерилизациялайды, вакцинациялайды, содан кейін қайтадан сол ортаға жібереді. Яғни мемлекет өз қолымен ықтимал қауіпті қоғамға қайтарады. Қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан бұл тәсіл сын көтермейді» дейді.
Заң жобасында ауланған жануарларды ұстау мерзімі де қарастырылған. Бастапқыда 15 күн ұсынылғанымен, талқылау барысында ең төменгі мерзім 5 күн болып белгіленген. Сонымен қатар мәслихаттарға бұл мерзімді ұзарту құқығы беріледі. Ал иесі болуы мүмкін жануарларға 60 күндік мерзім көзделген. Мысықтарға қатысты бұрынғы тәсіл сақталады. Депутаттың айтуынша, иесіз мысықтарға қатысты гуманистік тәсіл сақталады. Заң жобасы аясында жергілікті атқарушы органдарға жедел әрекет ету құзыреті беріледі.
Заң жобасындағы маңызды жаңалықтардың бірі – иттер мен мысықтарды міндетті чиптеу. Бұралқы ит мәселесінің бір бөлігі шын мәнінде көшеден емес, адамдардың өзінен басталады. Итті алып, кейін қараусыз қалдырады. Сондықтан чиптеу – иесін анықтайтын және жауапкершілікті бекітетін құқықтық құрал. Сонымен қатар заң жобасы жануар иелерінің жауапкершілігін күшейтуді көздейді. Егер жануардың кесірінен адамға немесе мүлікке зиян келсе, иесі өтемақы төлеуге міндеттеледі. Ал ауыр зардап болған жағдайда эвтаназия қолдану қарастырылады. Депутаттың сөзінше, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге қатысты түзетулер де дайындалған. Алайда олар бөлек заң жобасы аясында қаралады.
Түйін
Расында депутат қозғап отырған мәселе өте орынды. Бірінші кезекте адам өмірінің қауіпсіз болуы өте маңызды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бұл мәселені тек жою немесе жазалау арқылы шешу мүмкін емес. Негізгі тетік – жүйелі бақылау, нақты заң және ең бастысы, жануар иелерінің жауапкершілігі. Осы ретте қаңғыбас ит мәселесін реттеу – тек мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Жауапкершілік пен тәртіп қатар жүргенде ғана бұл күрделі мәселенің тиімді шешімі табылмақ.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ













