Көктемгі кенеге қарсы күрес қарқын алды

Мамандардың айтуынша, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Аурудың негізгі таратушысы – кенелер. Сондықтан көктем және күз айларында кенелерге қарсы күрес шараларын дер кезінде ұйымдастыру – тұрғындардың денсаулығын сақтаудың басты кепілі.
Осы жылы аудан бойынша эпидемиологиялық тұрғыдан қолайсыз деп танылған 3 елді мекен анықталып отыр. Бұл аумақтарда залалсыздандыру жұмыстарымен қатар, санитарлық талаптарды күшейту, тұрғындардың тазалық мәдениетін арттыру бағытында кешенді шаралар жүргізілуде. Атап айтқанда, аула аумақтарын ретке келтіру, мал қораларын тазалау, қоқыс қалдықтарын дер кезінде шығару мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде.
Залалсыздандыру жұмыстары арнайы бекітілген кесте бойынша кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бірінші кезең 22-28 сәуір аралығында өтсе, екінші кезең 30 сәуір мен 6 мамыр күндеріне жоспарланған. Бұл жұмыстар барысында «Ципертрин» дәрмегі қолданылып, кенелердің таралуының алдын алу көзделіп отыр. Аталған препараттың тиімділігі тәжірибе жүзінде дәлелденген және қауіпсіздік талаптарына сай пайдаланылады.
Мамандар кенеге қарсы өңдеу жұмыстарының нәтижелілігі тек арнайы қызметтерге ғана байланысты емес екенін айтуда. Бұл – ең бірінші әрбір тұрғынның өз жауапкершілігіне тікелей қатысты мәселе. Үй іргесінің, қора-қопсының таза болуы, шөп-шаламның жиналуы, мал ұстайтын орындардың талапқа сай болуы – қауіпті жәндіктердің көбеюіне жол бермейтін негізгі факторлардың бірі.
Осыған орай аудан тұрғындарына өз аумақтарында тұрақты түрде тазалық жұмыстарын жүргізу қажеттігі ескертіледі. Әсіресе, мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар қора-жайларын жиі тазалап, залалсыздандыру шараларына белсенді қатысуы тиіс. Сонымен қатар, тұрғындар табиғат аясында демалған кезде сақтық шараларын сақтап, денені жабық киіммен қорғап, кенелердің жабысу қаупін азайтуы қажет.
«ҚТ» ақпарат















