» » ЖЫЛЫЖАЙ ӨНІМІ СҰРАНЫСҚА ИЕ

ЖЫЛЫЖАЙ ӨНІМІ СҰРАНЫСҚА ИЕ

Қазіргі кезде наны жүріп тұрған кәсіптің бірі – жылыжай десек, қателеспейміз. Көпшіліктің: «Салафанның ішіне бақша егіп те адам жари ма» деген ойының келмеске кеткені қашан. Тірнектеп істеген тірліктің табыссыз қалмайтынын түсінген қазекем бүгінде жылыжай жайын жетік меңгеруге кіріскен. Соңғы бір-екі жылда өңірде айтулы кәсіппен айналысушылар саны 10-ға жуықтаған.
Ғылым мен техника дамыған заманда жылыжай өніміне сұраныс еселеп артпақ. Жердің тозуы, топырақтың құнарсыздығы және климаттың өзгеруі – оған басты себеп болмақ. Жылыжай жұмысын жандандырып, егіс көлемін арттыруда, сонымен қатар, шығынды азайтып, өнімді көбейтуде ауыл шаруашылығы мамандары мен Қазақ ғылыми зерттеу институты ғалымдары бірлесіп жұмыс істеуде. Жылыжайдың болашағы зор. Келешекте өңірге көгілдір отын келгенде оған кететін шығын неғұрлым азайып, кәсіпкерге жеңілдік туады. Онда көктемнен бастап, ерте пісетін өсімдіктердің саналуан түрін өсіруге болады. Бұл бір жағынан жергілікті тұрғындарды табиғи отандық өніммен қамтуға септігін тигізсе, екінші жағынан экологиялық таза өнімнің адам денсаулығына тигізер пайдасы ұшан-теңіз.
– Төртінші индустриалды-инновациялық даму дәуірінде бұл гендік инженериялық өнімдерден сақтайды. Жылыжай өндірісі – оңтүстік өңірлерде дамыған. Жергілікті кәсіпкерлер тәжірибе жинақтау мақсатында ғылыми зерттеу институттарымен етене байланыста болса, құба-құп. Кез келген кәсіп иесі – арнайы маман емес. Сол себептен де тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізілсе, аудандағы жылыжай шаруашылығы қарқын алар еді. Бастаған істі соңына дейін апаруға сеп болар еді, – дейді ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Айдана Көздібаева.
Ақайлық кәсіпкер Асылхан Бегімов бұрын бақша егумен айналысқан. Былтыр «Бизнес Бастаумен» оқу курсын тәмамдап, Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 3 млн. теңге несиеге қол жеткізген. Жылыжайға бір адамды жұмыспен қамтыған.
– Негізгі егілетін дақыл – қызанақ пен қияр. Шығымы жаман емес. Қазір бірінші өнім алу маусымы аяқталып қалды. Тамыз айында екінші егу жұмысын бастаймыз. Оған керекті көшетті өзімізде өндіреміз. Болашақта егіс көлемін үлкейтуге тырысамын. Өнімді бүгінде Ақай ауылы мен Байқоңыр қаласы дүкендері мен базарларына салудамыз. Түсім ойдағыдай. Бұған қоса, есіктің алдында да бақшалық жеріміз бар. Оған да егеміз. Тірлік етіп, тіршілік жасаймын дегенге мүмкіндік көп, – дейді мемлекеттік бағдарламаға қатысушы.
Жылыжай кәсібіне қызығушылық танытқанның бірі – төретамдық Айнұр Бермағамбетова. Ол аталған кәсіпті үстіміздегі жылдың қыркүйек айынан бастауды жөн санаса, Қорқыт стансасының тұрғыны Жәмитбек Тортулов қияр-қызанағын аудандағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне әкеп түсіруде. Тұтынушылардың алғысын алып отырған кәсіпкердің келешекке де жоспары жетіп артылады.
– Қиярға қарағанда, қызанақтың күтімі күрделірек. Бапты қажет етеді. Ұзақ пісетін болған соң оған күннің жылуы керек. Шынымды айтсам, ауданға тезірек көгілдір отынның келгенін қалап жүрген кәсіпкердің бірімін, – дейді ол сөз арасында.
Жылыжай кәсібіне ден қойған жаңажолдық кәсіпкер Дәулет Жаппаров та осыны айтады.
Ғалымдардың пайымдауынша, соңғы 15-20 жылда жылыжай өніміне сұраныс артады. Қазірдің өзінде өңір кәсіпкерлері тұрғындарды жылына 2 тонна қияр, 1 тоннадай қызанақпен қамтуға қауқарлы. Әлі де айтулы кәсіппен айналысушылардың саны артарына күмәніміз жоқ. Себебі, тұтынушы сырттан тасымалданатын өнімнен гөрі, өзімізде өндірілетін таза отандық өнімнің қай жағынан алғанда да ұтымды боларын жақсы біледі.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».
03 шілде 2018 ж. 2 324 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 063

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031