Қызылорда облысында спорт нысандары пайдалануға берілді
Астананың 20 жылдығы қарсаңында Сыр өңірінде спорт кешендері пайдалануға берілді.
Қазалы, Қармақшы және Жалағаш ауданының тұрғындары енді заманауи спорттық құралдармен жабдықталған кешенде жаттығып, дене шынықтыруға мүмкіндік алып отыр. Әлеуметтік нысандардың салынуына 350 миллион теңге жұмсалды.
Байқоңырға іргелес орналасса да, Төретам, Ақай ауылдары спорт кешеніне жарымай келді. Жаттығу залы талапқа сай келмей, төретамдық боксшылар облыстық, аудандық жарыстарда есе жіберіп жүрді. Елорда мерейтойы қарсаңында елді мекенде жаңа спорт нысаны ашылып отыр. Шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алған өрендер енді үнемі топ жарамыз деп отыр.
Бекзат Орынбеков, боксшы:
– Қармақшы ауданындағы турнирге қатыстым. Финалдағы қарсыласым өте мықты болды. Алдағы уақытта мен оны жеңемін деп ойлаймын. Себебі біз жаңа спорт кешеніне кірдік. Бізге боксқа керек заттардың барлығын берді.
БЛИЦ:
– Менің қатысқаныма 3 ай болды. Жаңа спорт мектебі қатты ұнады.
– Геннадий Головкин сияқты мықты болғым келеді. Сол үшін боксқа қатыстым. Маған бокс үйірмесі қатты ұнайды.
Сұлтан Мақашов, Қармақшы ауданының әкімі:
– Қармақшы ауданы қазақ күресі, дзюдо, самбодан облыс құрама командасының 90 пайызын құрайды. Бізде 7 әлем чемпионы, Азия чемпиондары бар.
Салауаттылыққа баулитын дәл осындай нысандар Қазалы мен Жалағашта да ашылды.
Олжас Әкімов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
– Осы жылы 7 дене шынықтыру кешені салынып жатыр. Енді көшелерде спорт алаңдары салынып, бұқаралық спортқа байланысты жұмыстар жүргізіледі.
Жалпы өңірде 42 әлеуметтік нысанның құрылысы жүріп жатыр. Жыл аяғына дейін 32-сі ел игілігіне берілетін болады.