ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ – ОРТАҚ МІНДЕТ
Елімізде азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары жыл сайын жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды сапалы ұйымдастыру – ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды міндеттердің бірі. Осыған орай жақында аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаевтың төрағалығымен осы жылғы көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқанын ұйымдастыру мәселесіне арналған арнайы мәжіліс өтті.
Жиынға тиісті сала мамандары, жауапты мекеме өкілдері қатысып, көктемгі шақыру науқанының ұйымдастырылу барысы кеңінен талқыланды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Жандос Бекмұрзаев баяндама жасап, алдағы науқан аясында атқарылатын жұмыстар туралы жан-жақты ақпарат берді. Ол өз сөзінде әскерге шақыру жұмыстарының белгіленген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтіп, шақырылушыларды медициналық тексеруден өткізу, құжаттарды рәсімдеу және әскерге жіберу кезеңдерінің ұйымдастырылу тәртібіне тоқталды.
Көктемгі шақыру науқаны барысында аудан аумағындағы әскерге жарамды азаматтарды уақытылы анықтап, олардың медициналық тексеруден толық әрі сапалы өтуіне ерекше назар аударылады. Сонымен қатар жас сарбаздардың әскери қызметке психологиялық және физикалық тұрғыда дайындығын бағалау да маңызды кезеңдердің бірі болып табылады.
Мәжіліс барысында аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев мерзімді әскери қызметке шақыру науқанын сапалы әрі жүйелі ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталды. Ол бұл бағыттағы жұмыстар тек қорғаныс саласының ғана емес, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар мен басқа да тиісті мекемелердің бірлескен әрекетін талап ететінін атап өтті.
– Әскерге шақыру науқаны – елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі. Сондықтан бұл жұмыстарды жоғары деңгейде ұйымдастыру – баршамызға ортақ міндет. Әрбір жауапты маман өзіне жүктелген міндетті сапалы атқаруы тиіс, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Жиын барысында өткен жылғы күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқанының қорытындылары да айтылды. Атап айтқанда, өткен науқан кезінде өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарып, ұйымдастыру жұмыстарына белсенді қатысқан бірқатар маман марапатталды. Оларға аудан әкімінің және аудан әкімі орынбасарының Алғыс хаты табысталып, атқарған еңбектері үшін ризашылық білдірілді. Мұндай марапаттар – сала мамандарының еңбегін бағалап қана қоймай, алдағы жұмыстарды одан әрі сапалы атқаруға ынталандыратыны сөзсіз. Айта кетейік, биылғы жылдың 1 наурыздан 30 маусымға дейін елімізде көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны өтеді. Осы кезеңде 18 бен 27 жас аралығындағы әскерге жарамды азаматтар медициналық тексеруден өтіп, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері мен басқа да әскери құрылымдар қатарына шақырылатын болады.
Ерсін СӘДУҰЛЫ

















