СЫН САҒАТҚА САҚАДАЙ САЙ
Аудан аумағында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық шеңберінде «Көктем – 2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы ұйымдастырылды. Ауқымды шара Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі мен облыс әкімдігінің ұйымдастыру нұсқаулығына сәйкес өткізілді. Негізгі мақсат – көктем мезгілінде орын алуы ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу, азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күш-құралдарының әзірлігін пысықтау.
Оқу-жаттығу барысында табиғаттың тосын мінезіне қарсы әрекет етудің нақты алгоритмдері сараланып, ықтимал қауіпқатерлерге жедел жауап беру тетіктері іс жүзінде тексерілді. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов пен облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бекболат Әбдіқадіров қатысып, практикалық кезеңдердің орындалу барысын бақылады. Жауапты тұлғалар оқу-жаттығудың әр сәтін назарда ұстап, қызметтердің өзара үйлесімді іс-қимылына баға берді.
Шара аясында аудандық азаматтық қорғау қызметтері мен Байқоңыр қаласы аумақтық бөлімшелері бірлесе жұмыс атқарды. Ықтимал су тасқыны жағдайында басқару органдарының шешім қабылдау тетігі, эвакуациялау жоспары, халықты құлақтандыру жүйесінің дайындығы жанжақты пысықталды. Сонымен қатар, құтқару жасақтарының әрекеті, арнайы техникалардың жұмылдырылуы және апат аймағында үйлестіру жұмыстарын ұйымдастыру тәртібі тәжірибе жүзінде сынақтан өтті.
Су басу қаупі жоғары елді мекендерде қорғаныс бөгеттерін бекіту, жағалауларды нығайту, инертті материалдар қорын дайындау жұмыстары тексерілді. Көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, стратегиялық нысандарды қорғау және тұрғындарды уақытша көшіру мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Арнайы техника мен жеке құрам шартты түрде төтенше жағдай аймағына шығып, шұғыл әрекет ету қабілетін көрсетті.
Жаттығу барысында тек техникалық әзірлік емес, қызметтердің өзара үйлесімі, ақпарат алмасу жеделдігі, басқару шешімдерінің нақтылығы басты назарда болды. Мұндай ауқымды оқу-жаттығулар – төтенше жағдайлардың алдын алудағы маңызды қадам. Себебі көктемгі кезеңде қардың күрт еруі мен мұз кептелісі су деңгейінің көтерілуіне әкелуі мүмкін.
Айта кетейік, «2026 жылы көктемгі кезеңдегі су тасқыны жағдайының қолайсыз дамуында төтенше жағдайларды жою кезінде құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды дайындау және жүргізу» тақырыбындағы республикалық командалықштабтық оқу-жаттығуы алдағы күндері жалғасады.
«ҚТ» ақпарат
















