АҚЫЛЫ БІЛІМНІҢ АҚИҚАТЫ: МҮМКІНДІК ПЕ, МӘЖБҮРЛІК ПЕ?
Бүгінгі қоғамда білім – жай ғана рухани құндылық емес, бәсекенің басты құралына айналды. Баласының болашағын ойлаған әр ата-ана бұл майданда шет қалмауға тырысады. Сол үшін де қазір оқушылардың көбі мектептен кейін оқу орталығына барады. «Балам оқысын» деген ата-ана да ақшасын аямай курстарға жібереді.
Бұрындары ақылы білімге тек жоғары сынып оқушылары жиі барса, бүгінде бастауыш сынып оқушылары бұл білімге көбірек мұқтаждай көрінеді. Себебі бала әріптермен таныса салып, сөздің басын құрап оқып кетуі тиіс. Оқу бағдарламалары да күрделі. Ал бір сыныптағы оқушылар санын ескерер болсақ, олардың бәрі сабақты толық игеріп шыға алмайды. Үйден жәрдем беретін, қадағалайтын ата-ана болса құба-құп. Олар да жұмысбасты екені белгілі. Сондықтан ата-аналар баласын қатарынан кем қылмай қосымша білім беру орталықтарына апарады.
Рас, қосымша білім беру орталықтары қанатын кеңге жайды. Себебі сұраныс көп. Ал ата-ана перзентінің жарқын болашағы жолында барды беріп, жоқты табатындығы тағы ақиқат. Баланың білімі бір сабақтан төмендесе, ата-ана алып-ұшып қосымша оқу орталықтарын жағалайды.
Қазір қосымша білімге бәрі құмар. Балалардың білім деңгейі неге төмендеп кетті? Қосымша білімге сұраныс неге артты? Мектептегі бағдарлама жеткіліксіз бе, әлде атааналардың талаптары өзгерді ме? Оқу орталықтары үмітті ақтай ма? Саралап көрсек.
Білім бәсекеге айналған дәуір
Мектеп – білімнің негізгі іргетасы. Онда мұғалімдер күн сайын мыңдаған баланың тағдырына жауапты. Бағдарлама бар, талап бар, тәртіп бар. Бірақ бір сыныпта жиырма бала отырғанда, әрқайсысының қабілетіне жеке үңілу, әлсізін жетелеп, мықтысын шыңдау оңай шаруа емес. Осы олқылықты толтыру үшін ата-ана қосымша білімге жүгінеді. Бастапқыда бұл таңдау секілді көрінгенімен, уақыт өте келе таңдау емес, қажеттілікке айналып бара жатқанын аңғару қиын емес.
Ақылы білімнің «мүмкіндік» саналатын тұсы да бар. Репетитордың алдына барған бала өзіне ғана бөлінген уақытты алады. Ұстаздың назары – түгел соған.
Сабақ үстінде сұрақ қоюға да, қателесуге де еркін. Кей бала дәл осы ортада ашылып, өзіне деген сенімді табады. ҰБТ, олимпиада, шетелдік оқу орындарына түсу жолында қосымша сабақтың септігі тигенін жоққа шығаруға болмас.
Алайда мәселенің екінші беті де бар. Ақылы білім кей жағдайда ата-ананың еркін таңдауынан гөрі, қоғамның қысымына көбірек ұқсап барады. «Балам артта қалып қоя ма?» деген үрей қалтаға салмақ салса да, тоқтауға мүмкіндік бермейді. Бір баланы жетілдіру үшін екіншісінен қарызға кіру, бір үміттің жолында тұрмыстық қажеттіліктерден қысқарту бүгінде көпшілікке таныс көрініс. Сонда бұл мүмкіндік пе, әлде амалсыз қадам ба? Ойланарлық жайт.
Бұрындары, қосымша білім ордаларының ауқымы әлі арта қоймаған тұста, мұғалімдер сабақтан қалып қойған немесе үлгерімі нашар оқушыларды сабақтан соң алып қалып, кейде бос уақытында мектепке немесе үйіне шақырып алып оқытатын. Олар мұны еш ақы талап етпей-ақ ұстаздық борышым деп ұғатын. Себебі ұстаз алдына келген оқушының өзіне берілген аманат екенін біледі, жауапкершілікті сезінеді. Қазір де білгентүйгенін шәкіртінің бойына дарытуға тырысатын, оның болашағы үшін шынымен қам жеп, білімді болғанын қалайтын, ізденімпаз, жаңашыл, шығармашыл, ешнәрсе талап етпейақ кез келген уақытта алдына келген шәкіртіне білгенін үйретуден жалықпайтын ұстаздар жетерлік. Дегенмен, ай сайынғы еңбекақысын алып отырған негізгі жұмысына селқос қарап, 45 минут уақытының «аман-есен» өткеніне қуанатын, есесіне репетиторлық қызметке бел шеше кіріскен мұғалімдерді кездестіретініміз өкінішті. Иә, ол ақылы қызметпен айналыспауы да мүмкін, бірақ мұғалімнің жауапкершілік жүгін сезінбей, дұрыс жөн сілтеп, білім бере алмауынан да ата-ана ақы төлеп, қосымша оқытуға мәжбүр болып жатқан жоқ па?
Қосымша білім қосалқы жол ма?
Немісше «Repetitor», французша «répétiteur», «répéter» – қайталау, зерделі болуға ұмтылыс деген ұғымды білдіреді. Бірақ мектептен алған білімді үйде қайталау емес, баланы ақылы оқыту түсінікке дәл келеді. Бұл қызмет кеше-бүгін пайда болған жоқ. Оның тарихы ертеден басталған. ХVІІІ ғасыр гувернанттық қызметтің нағыз өркендеген дәуірі еді. Сол уақытта еуропалық байманаптар балаларына гувернанттар жалдап, оқуға бейімдеген. Осыдан-ақ бұл қызметтің маңызды рөл атқаратынын ұғынуға болады. Дегенмен соңғы кезде жаңаша түрленді. Соның негізінде сұраныс көбейіп, қосымша орталықтардың қажеттілігін сезіне бастады.
Ал қазір жыл он екі ай білім беретін репетитордың дәурені. Артық қаржы болса, мектеп табалдырығын аттаған өренді де, бітіруші түлекті де репетитор жалдап оқытқанды жөн көреді. Бұл бір жағынан мұғалімді де, әрі ата-ананы да артық жүктен арылтатын сияқты. Жасыратыны жоқ, қазір ата-ананың көбі жұмысбасты. Сол үшін де баланы сабақ оқытумен әуре болғысы келмейді. Сабақты терең меңгертіп, баласын білімді ету үшін бірі репетитор жалдаса, келесі біріне тек үй тапсырмасын орындаса болды деп тегін үйірмеге тығады. Қалтаңыз көтерсе қалаған оқу орталығына қосымша сабаққа бере аласыз. Алайда, репетиторға жүгінудің де зияны бар екен. Психологтардың айтуынша, репетитордың көмегіне сеніп үйренген балада өздігінен білім алуға деген құлшыныс азаяды. Баланың өз-өзіне сенімі жоғалады. Сыныпта берілген тапсырманы орындаған сәтте оның дұрыс-бұрыстығына күмәнмен қарайтын әдет пайда болады.
Қазіргі уақытта шәкірттер бойында өз бетінше іздену, мектептен тыс үйге берілген тапсырманы өзі орындауға деген ынта-ықыласы азая бастады. Бәлкім, әрбір төртінші ата-ана өз баласының түрлі пәннен сабақ үлгерімін арттырамын деген ниетінен туындаған репетитор жалдау мәселесі де осыған сайса керек. Бұрын сабақ үлгерімі нашар оқушыларға сабақтан кейінгі қосымша сабақ, ұзартылған күн тобы дегендер болатын. Онда баланың өзінің немесе атаанасының қалауымен белгілі бір пән бойынша мұғалім сабақтан соң қосымша сабақ өткізіп, шәкірттің түсінбеген тақырыптарын тағы бір рет тереңдетіп түсіндіріп, үлгерімі нашар оқушылармен арнайы жұмыс жүргізетін. Бұның бәрі мүмкіндігінше тегін еді. Ал қазір ше? Қазір мұның орнын жалдамалы мұғалімдер немесе заманауи тілмен айтсақ, репетиторлар алмастырған. Бұл мамандықты екінші кәсібі еткендер саны жылдан-жылға артып келеді.
Қалтаға түсер салмақ қанша?
Баласы үшін ата-ана ештеңе аямайды. Әсіресе, мектеп бітіретін баласының сынақтан өтуі үшін барын салады. Қай атаана баласының білімді, саналы болғанын қаламасын?! Жоғары оқу орына түсіп, білікті маман иесі болғанын құп көреді. Кейде білімді тек мектептен алмай, қосымша оқып, тереңінен меңгергені балаға да жақсы. Оған, әрине, қалта көтеру керек.
Балаға «ілім үйрететін» репетитордың әр сағаты ақылы. Бүгінгі күні репетиторлардың әр сағаты 2000 теңгеден басталып жоғарылай береді. Сонымен репетитор жалдап оқыту үшін ата-ана қалтасынан қанша қаражат шығарады? Мәселен, 9, 11-сыныпты бітіретін оқушылардың көбі техникалық пәндерге басымдық береді. Әсіресе, сынақ барысында негізгі пән саналатын математика, орыс мектебінің оқушылары қазақ тілі, тарих пәнінен репетитор жалдайды екен. Одан соң таңдаған мамандығына сәйкес пән бойынша физика, химия, биология, ағылшын сынды пәндер бар. Сонда бітіруші түлектер кем дегенде екі пәннен репетитор жалдауы тиіс. Мейлі ағылшынды, не физиканы таңдасаңыз да қосымша математиканы игеруіңіз керек. Бір пәнді жетік меңгеріп, басқасының шолақ шыққаны тиімсіз. Енді жоғарыда көрсетілген баға бойынша есептей беріңіз. Әр пәнге бір сағаттан бөліп, аптасына 3 рет бардыңыз делік. Репетиторды екі пән бойынша жалдасаңыз, ең төменгі баға 2 мың теңге дегенде аптасына 2 пәнге 6 сағат уақыт, 12 мың теңге ақша жұмсайсыз. Ал айына шамамен 50 мың теңгеге шығады екен.
– Мектептегі ұстаздарды кінәлаудан аулақпын. Олардың еңбегі зор. Баламызды математикадан қосымша сабаққа бердік. Себебі тереңдетіп оқыту қашанда артық етпейді. Сол үшін бар тапқан-таянғанымызды баламыздың оқуы үшін аямадық. Айына 60 мың теңге төледік. Адал еңбекпен тапқан соң ақша далаға кетпесе екен деп уайымдадық. Жақынжуықтың «ақылы түрде оқытып еді, балалары оқуға түсе алмай қалыпты» деп бетімізден баспаса екен деп ойладық. «Грантқа түстім» деп баламыз сүйінші сұрағанда жүрегіміз жарылардай қуандық. Сол үшін мүмкіндігінше баланың біліміне инвестиция құйған дұрыс деп есептеймін. Көп болса жарты не бір жыл артық шығындалмай, қосымшаға берсеңіз, есесіне төрт жыл тегін оқып нәтижесін береді, – дейді Жазира Омарова.
Жалдамалы ұстаздың жәрдемі Ата-аналардың репетитор жалдауларына негіз болатын бірнеше нұсқаны талдап көрейік. Бірқатар ата-ана қызметтен қолы босамайды, яғни күнделікті перзентінің сабағын қадағалауға қолдары тимейді. Екіншілері – ақшалы жандар. Сол себепті де мұғалім жалдауға құмар, қызы мен ұлының мәселесін қаржының көмегі арқылы шеше салады. Ал келесі бір топ баланың қабілетін жалдамалы мұғалімнің көмегі арқылы арттыруды қалайды, ең соңғылары репетитор қызметі бүгінгі күнгі оқу жүйесіндегі «жаңалық» деп қабылдайды. Десек те, тәжірибелі тәлімгерлер бұлардың бәрінен бұрын оқушыға репетитор жалдау ата-ана үшін екі жағдайда ғана қажет екенін ескертеді. Біріншіден, 45 минут аясында оқушыға берілетін білімді шәкірт өз қатарластарына қарағанда баяу қабылдап, санасына сіңіре алуы қиын болған жағдайда жүгінуге болатынын айтады. Екіншіден, қандай да бір себептерге байланысты (оқушының сырқаттануы, спорт түрлерінен жарыстарға қатысуы) бала пән тақырыптарын толықтай меңгере алмай қалса, үшіншіден, ата-ана мен мұғалімнің оқушы бойындағы бір пәнге деген ерекше қызығушылығын танып, оны жетілдіру барысында қосымша сабақты дұрыс таңдау деп табуы.
Санаға түскен салмақ
Бүгінгі бала – кешегі күннің еркесі емес, ертеңнің елге қызмет ететін тұлғасы. Оның иығына артылған жүк жеңіл емес. Таңертеңгі мектеп, түстен кейінгі қосымша сабақ, ал түнге қарай таусылмайтын үй тапсырмасы. Осы бір үздіксіз айналым баланың уақытын ғана емес, санасын да шаршатып бара жатқандай.
Қазіргі қоғамда білім бәсекеге айналды. Баға, рейтинг, тест, нәтиже бәрі баланың өмірін өлшейтін басты құралға ұқсайды. Атаана баласының қатарынан қалмауын ойлайды, ұстаз талап қояды, қоғам салыстырады. Ал бала осының ортасында өзін табуға емес, өзгеден озып шығуға ұмтылуға мәжбүр.
Қосымша білім баланың ой-өрісін кеңейтуі тиіс еді. Бірақ бүгінде ол кейбір отбасыларда демалыссыз еңбекке ұқсап кетті. Балаға демалуға уақыт қалмайды, ойнауға орын тарылып барады. Бір қарағанда, балалық шақтың орнына кесте, еркіндіктің орнына талап, қызығушылықтың орнына міндет үстемдік етеді.
Психологтар күйзеліс, өз-өзіне сенімсіздік, ішкі қорқыныш балалар арасында жиілеп бара жатқанын айтады. Бірақ біз көбіне оның белгілерін үлгермеушілікпен немесе еріншектікпен шатастырамыз. «Тырыссаң болады», «басқалар істеп жүр ғой» деген сөздер баланың жан дүниесіне салынған тағы бір ауыр жүкке айналады. Сана шаршағанда, білім де бойға сіңбей кететінін ойлап жатпаймыз.
Бұл жерде кінәні бір жаққа аудару қиын. Ата-ана да, мектеп те, қоғам да өз шындығымен өмір сүріп отыр. Дегенмен бір нәрсені ұмытпауымыз керек, бала – нәтиже үшін жаратылған құрал емес, сезімі бар, арманы бар тұлға. Оның қабілеті тыныштықта, қызығушылықта, қолдауда ашылады.
Санаға түскен салмақты азайту – баланың болашағын әлсірету емес. Керісінше, оны өмірге дайындаудың ең дұрыс жолы. Білім тек тапсырма мен тест арқылы өлшенбейді. Ол баланың өзін тануынан, қателесуге құқығы бар екенін сезінуінен, өмірге қызығушылықпен қарауынан басталады. Егер біз осыны түсіне алсақ, баланың санасы салмақтан арылып, ойы еркін, жүрегі жеңіл болар еді.
Түйін Алдағы уақытта қосымша білім беретін орталықтар мен репетиторлардың қатары сиремек емес, қайта көбейе түсері анық. Уақыттың талабы да, қоғамның сұранысы да осыған жетелеп барады. Ең бастысы – бұл сала тек күнкөрістің қамына айналмай, шын мәнінде ойы сергек, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақты тәрбиелеуге қызмет етсе екен дейміз. Сонда ғана қосымша білім қосалқы емес, келешекке апарар кемел жолдың біріне айналмақ.
Ақнұр САҒЫНТАЙ













