РЕПЕТИТОР БАЛА БАҒЫН АША МА?
Фото
Биыл үлкен ұлымыз 1-сыныпқа барды. Сабаққа үйрену үшін қосымша (тегін) үйірмеге бердік. Бірде ата- аналардың чатында ақылы түрде репетитор болатын мұғалім іздеді бір ана. Ұлымның барып жүрген сабағы көңілімізден шыққан соң соған барып көруге кеңес қылдық. Ондағы білімге қанағаттанбағанын, тегін дүниенің қадірі болмайтынын баса айтты. Қош. Бұл қазірде көп ата-ананың қалауы боп тұр. Иә, мектеп білімімен сусындай алмай, мықты маман іздеп қосымша білім беру орталықтарына жазылып жатады.
Қосымша оқу орталығына баратындар дені – көбіне бастауыштың оқушылары мен ҰБТ-ға қатысатын түлектер. Бүгінде баласының мектепте алған біліміне қанағаттанбай, репетитор іздеп сандалған ата-ананың есебі жоқ. Рас, бүгінде көп ата-ана жалдамалы ұстаздың жәрдеміне жүгініп жүр. Сонда мектеп жеткілікті білімді бере алмағаны ма? Қосымша білімнің көмегіне неге жүгінеміз? Олардың берген білімі сапалы ма? Саралап көрсек.
ҚОСЫМША БІЛІМГЕ НЕГЕ СҰРАНЫС КӨП?
Немісше «Repetitor», французша «répétiteur», «répéter» – қайталау, зерделі болуға ұмтылыс деген ұғымды білдіреді. Бірақ мектептен алған білімді үйде қайталау емес, баланы ақылы оқыту деген түсінікке дәл келеді. Бұл қызмет кеше-бүгін пайда болған жоқ. Оның тарихы ертеден басталған. ХVІІІ ғасыр гувернанттық қызметтің нағыз өркендеген дәуірі еді. Сол уақытта еуропалық бай-манаптар балаларына гувернанттар жалдап, оқуға бейімдеген. Осыдан-ақ бұл қызметтің маңызды рөл атқаратынын ұғынуға болады. Дегенмен соңғы кезде жаңаша түрленді. Соның негізінде сұраныс көбейіп, қосымша орталықтардың қажеттілігін сезіне бастады.
Ал қазір жыл он екі ай білім беретін репетитордың дәурені. Артық қаржы болса, мектеп табалдырығын аттаған өренді де, бітіруші түлекті де ақылы мұғалім жалдап оқытқанды жөн көреді. Бұл бір жағынан мұғалімді де, әрі ата-ананы да артық жүктен арылтатын сияқты. Жасыратыны жоқ, қазір ата-ананың көбі жұмысбасты. Сол үшін де баланы сабақ оқытумен әуре болғысы келмейді. Сабақты терең меңгертіп, баласын білімді ету үшін бірі репетитор жалдаса, келесі біріне тек үй тапсырмасын орындаса болды деп тегін үйірмеге тығады. Қалтаңыз көтерсе қалаған оқу орталығына қосымша сабаққа бере аласыз. Алайда, репетиторға жүгінудің де зияны бар екен. Психологтардың айтуынша, репетитордың көмегіне сеніп үйренген балада өздігінен білім алуға деген құлшыныс азаяды. Баланың өз-өзіне сенімі жоғалады. Сыныпта берілген тапсырманы орындаған сәтте оның дұрыс-бұрыстығына күмәнмен қарайтын әдет пайда болады.
Қазіргі уақытта шәкірт бойында өз бетінше іздену, мектептен тыс үйге берілген тапсырманы өзі орындауға деген ынта-ықыласы азая бастады. Бәлкім, әрбір төртінші ата-ана өз баласының түрлі пәннен сабақ үлгерімін арттырамын деген ниетінен туындаған репетитор жалдау мәселесі де осыған сайса керек. Бұрын сабақ үлгерімі нашар оқушыларға қосымша сабақ, ұзартылған күн тобы дегендер бо- латын. Онда баланың өзінің немесе ата-анасының қалауымен белгілі бір пән бойынша мұғалім қосымша сабақ өткізіп, шәкірттің түсінбеген тақырыптарын тағы бір рет тереңдетіп түсіндіріп, үлгерімі нашар оқушылармен арнайы жұмыс жүргізетін. Бұның бәрі мүмкіндігінше тегін болатын. Ал қазір ше? Қазір мұның орнын жалдамалы мұғалімдер немесе заманауи тілмен айтсақ, репетиторлар алмастырған. Бұл мамандықты екінші кәсібі еткендер саны жылдан-жылға артып келеді.
Қалтаға түсер салмақ қанша?
Баласы үшін ата-ана ештеңе аямайды. Әсіресе, мектеп бітіретін баласының сынақтан өтуі үшін барын салады. Қай ата-ана баласының білімді, саналы болғанын қаламасын?! Жоғары оқу орнына түсіп, білікті маман иесі болғанын құп көреді. Кейде білімді тек мектептен алмай, қосымша оқып, тереңінен меңгергені балаға да жақсы. Оған, әрине, қалта көтеру керек.
Балаға «ілім үйрететін» репетитордың әр сағаты ақылы. Бүгінгі күні олардың әр сағаты 2000 теңгеден басталып жоғарылай береді. Сонымен репетитор жалдап оқыту үшін ата-ана қалтасынан қанша қаражат шығарады? Мәселен, 9, 11-сыныпты бітіретін оқушылардың көбі техникалық пәндерге басымдық береді. Әсіресе, сынақ барысында негізгі пән саналатын математика, орыс мектебінің оқушылары қазақ тілі, тарих пәнінен репетитор жалдайды екен. Одан соң таңдаған мамандығына сәйкес пән бойынша физика, химия, биология, ағылшын сынды пәндер бар. Сонда бітіруші түлектер кем дегенде екі пәннен репетитор жалдауы тиіс. Мейлі ағылшынды, не физиканы таңдасаңыз да қосымша математиканы игеруіңіз керек. Бір пәнді жетік меңгеріп, басқасының шолақ шыққаны тиімсіз. Енді жоғарыда көрсетілген баға бойынша есептей беріңіз. Әр пәнге бір сағаттан бөліп, аптасына 3 рет бардыңыз делік. Репетиторды екі пән бойынша жалдасаңыз, ең төменгі баға 2 мың теңге дегенде аптасына 2 пәнге 6 сағат уақыт, 12 мың теңге ақша жұмсайсыз. Айына шамамен 50 мың теңгеге шығады екен.
– Мектептегі ұстаздарды кінәлаудан аулақпын. Олардың еңбегі зор. Баламызды матема- тикадан қосымша сабаққа бердік. Себебі тереңдетіп оқыту қашанда артық етпейді. Сол үшін бар тапқан- таянғанымызды баламыздың оқуы үшін аямадық. Айына 60 мың теңге төледік. Адал еңбекпен тапқан соң ақша далаға кетпесе екен деп уайымдадық. Жақын-жуықтың «ақылы түрде оқытып еді, балалары оқуға түсе алмай қалыпты» деп бетімізден баспаса екен деп ойладық. «Грантқа түстім» деп баламыз сүйінші сұрағанда жүрегіміз жарылардай қуандық. Сол үшін мүмкіндігінше баланың біліміне инвестиция құйған дұрыс деп есептеймін. Көп болса жарты не бір жыл артық шығындалмай, қосымшаға берсеңіз, есесіне төрт жыл тегін оқып нәтижесін береді, – дейді Жанар Ахметқызы.
Жалдамалы ұстаздың жәрдемі Ата-аналардың репетитор жалдауларына негіз болатын бірнеше нұсқаны талдап көрейік. Бірқатар ата-ана қызметтен қолы босамайды, яғни күнделікті перзентінің сабағын қадағалауға қолдары тимейді. Екіншілері – ақшалы жандар. Сол себепті де мұғалім жалдауға құмар, қызы мен ұлының мәселесін қаржының көмегі арқылы шеше салады. Ал келесі бір топ баланың қабілетін жалдамалы мұғалімнің көмегі арқылы арттыруды қалайды, ең соңғылары репетитор қызметі бүгінгі күнгі оқу жүйесіндегі «жаңалық» деп қабылдайды. Десек те, тәжірибелі тәлімгерлер бұлардың бәрінен бұрын оқушыға репетитор жалдау ата-ана үшін екі жағдайда ғана қажет екенін ескертеді. Біріншіден, 45 минут аясында оқушыға берілетін білімді шәкірт өз қатарластарына қарағанда баяу қабылдап, санасына сіңіре алуы қиын болған жағдайда жүгінуге болатынын айтады. Екіншіден, қандай да бір себептерге байланысты (оқушының сырқаттануы, спорт түрлерінен жарыстарға қатысуы) бала пән тақырыптарын толықтай меңгере алмай қалса, үшіншіден, ата-ана мен мұғалімнің оқушы бойындағы бір пәнге деген ерекше қызығушылығын танып, оны жетілдіру барысында қосымша сабақты дұрыс таңдау деп табуы.
– Мектеп ол білімді бере алады, әрине. Дегенмен, әр оқушының қабілеті әрқалай. Кейбір оқушылар зерек болып, ақпаратты тез қабылдайды. Ал екінші біреулері о бастағы негізгі білімді дұрыс алмағанның әсерінен берген білімді қабылдай алмауы мүмкін. Осы орайда репетитор әр оқушымен жеке жұмыс арқылы оқыту нәтижесінде жақсы жетістікке жете алады. Біз әр оқушымен жеке жұмыс істеп жан-жақты талдау жүргіземіз. Оқушыларымыз білім деңгейі жағынан қала оқушыларынан кем түсіп жатқан жоқ, – дейді Жазира есімді мұғалім.
Рас, әр оқушының қабылдау деңгейі әртүрлі. Кейбірі жеке жұмыс негізінде, жан-жақты талдау, мысал келтіру арқылы жақсы түсіне алады. Бірақ мұғалім бір сабақ уақытында әр оқушымен жеке жұмыс жүргізе алмайды. Оны үй тапсырмасы ретінде беруі мүмкін. Дегенмен әрқайсысынан жекелеп сұрауға уақыт тапшы. Сол себептен болар, репетитор жалдап оқытуға мәжбүр. Бір жағынан алып қарасақ, оқушы барлық пәнді терең меңгере алмайды ғой. Бейімділігіне қарай өзінің сүйіп оқитын сабағы болып, басқа пәнге ықылассыз болуы мүмкін. Ал екінші жағынан алып қарайтын болсақ, мұғалімге тікелей байланысты. Оның білім деңгейі мен оқытуда қолданатын әдіс-тәсілі болады. Бұл да баланың қабылдауына әсер етеді. Педагог сәйкесінше психолог та бола алады. Қай оқушымен қалай жұмыс істеу керек екенін, қандай тапсырма берсе оны жақсы түсінетінін айыру білікті ұстазға қиынға соқпайды.
Әлбетте, жалдамалы мұғалім еңбегін түкке тұрғысыз, тек құлқын қамы десек, шындыққа қиянат жасаған болар едік. Кейбір білікті мұғалімдер сыныптан тыс, оқушыға жеке тапсырма беру арқылы-ақ, онымен жеке жұмыс ретінде әңгімелесіп, пікірлесу арқылы оның әлі де ашылмай жатқан қабілет-мүмкіндіктерінің оянуына түрткі бола алатыны сөзсіз. Бірақ бұл ұстаным да барлық оқушыға тең келетін әдіс емес. Өйткені баланың әу бастағы табиғи потенциалы қанша жерден жаттатып, оқытқызса да, бәрібір өз деңгейінен не артып, не төмендемек емес. Білім сапасын жақсартуда жеке жұмыстың көмегі көп екені түсінікті. Егер осы тұрғыда саралар болсақ, репетитордың пайдасы мол екенімен келіспеуге болмайды. Алайда жалдамалы мұғалімдердің де біліктілігінен бастап, кісілік келбетінің әртүрлі екенін баса айтуымыз қажет. Олардың арасында біреулері балаға сабақты жанын салып түсіндіріп, оқушының бірден қатарға қосылып кетуіне түрткі болса, енді біреулері репетитор атауын желеу етіп, өз кәсібін тек қосымша табыс көзі ретінде пайдаланып, ақша табудың оңтайлы амалы ретінде қолданады. Күнделікті таңнан кешке дейін 8 сағат еңбектеніп тапқан жалақысын ешбір есті ата-ана оңды-солды шаша бермейді.
Түйін Қазіргі таңда бұрынғыдай тек 11-сынып оқушылары ғана емес мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндер де репетитордан алдын ала білім алады. Ата-ананың ондағы ойы – ойын баласы 1-сыныпқа білім алып барып, ертеңгі күні қиналып қалмауына алаңдайды. Оған өзінің жұмысбастылығын, қазіргі мектеп бағдарламасының ауырлығын, түсініксіздігін, балаға үйде сабақ оқытып отыратын шамасы жоқтығын себеп етеді. Сұранысқа сай бүгінде оқу орталықтары да көбейген. Қалтаңыз көтерсе, ондағы мұғалімдер балаңыздың зейінін ашып, тақылдатып шығарады.
Тақырыпты зерттей келе байқағанымыз, бізде репетиторға қажеттілік оқушы мектепке баратын және бітірер тұста артады. Расымен, оқушы сабақ барысында түсінбегенін қосымша оқып білсе немесе кез келген сынып оқушысының ата-анасы баласының біліміне осылай көңіл бөлсе үлгерімі төмен оқушы болмас па еді?! Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?
Ақнұр САҒЫНТАЙ