АРДЫ ОЙЛАҒАН АЗАМАТ
Қолыма қалам алып, осы естелікті жазуға сыйлас інім Сәбит Көшербаевтың ойда-жоқта соғылған телефон қоңырауы себепші болды. Сол-ақ екен биік тау басынан құлаған селдей естеліктер көшкіні көз алдымда жөңкіліп жүре берді...
Әрбір адам өзінше бір әлем. Мен үшін Жұмағали Маханов әлемі айрықша сырлы, өзгеше нұрлы әлем еді. Өзінен жаздың жайсаң лебі ессе, көзінен көктемнің шуақты нұры төгіліп тұратын.
Дәл қай кезде, қандай нақты жағдайда танысқанымыз есімде жоқ. Шамасы сексенінші жылдардың басы болса керек. Мен ол кезде аудандық газет редакциясының қатардағы қызметкерімін, ал ағамыз болса аудандық су шаруашылығы мекемесінің пілдей бастығы.
Ол кезде аудандық газет редакциясы мен баспаханасы екі қабатты еңселі ғимаратта. Ал жанындағы бұрынғы баспахана мекен-жайына аудандық су шаруашылығы мекемесі көшіп келді. Бұл ұжымда өзіміз қатарлы жастар көп, күнделікті жиі араласамыз. Ішінде Серік Құжымбаев деген азамат фотоаппаратпен түрлі суреттер, этюдтер түсіреді, олары газет бетінде жарияланып жатады, көркем жазуға да шебер. Кейін газет аты «Қармақшы таңы» болып өзгергенде осы атауды бізге көркемдеп жазып беріп еді.
Уақыт бір орнында тұрмайды. Мен де қызмет бабымен өсіп, 1990 жылы аудандық партия конференциясында газет редакторы болып сайландым. Енді Жұмағали ағамен түрлі жиналыстарда кездесулеріміз жиілеп, өзара ағалық-інілік байланысымыз бұрынғыдан гөрі нығая түсті.
Ағамыз жетпісінші, сексенінші жылдар мен еліміз егемендік алғаннан кейін де су шаруашылығы саласында белсенді қызмет атқарды. Өзге өңірлерді қайдам, ол жылдар Сыр өңірі үшін өсіп, өркендеу, әлеуметтік және экономикалық салада жемісті жылдар болды. Егін және мал шаруашылығы еліміз Кеңес Одағы құрамында болғанда еселеп дамыды. Жаңадан су жолдары қазылды, егістік алқаптар инженерлік жүйеге келтірілді. №30, №83 жылжымалы механикаландырылған калонналар тікелей осы жұмыспен айналысты. №1602, №18 ПМК-лар ауылдық жерлерде тұрғын үйлер салды, әлеуметтік мақсаттағы басқа да құрылыстар салып, пайдалануға берді. Ауыл еңбеккерлерінің еңсесі көтеріліп, түпкі нәтиже үшін жарыс көрігі қызды. Өнім көлемі артып, ел байлығы еселенді. Қосалқы шаруашылық жүргізуге айрықша көңіл бөлінді. «Осы Жосалы кентінің өзіндегі көптеген мекемелер бақша егетін еді» десең, қазір кейінгі жас толқын өкілдеріне ертегі айтып отырғандай көрінесің. Тіпті қауын, қарбыз, жуа өсіретін «гектаршылар» деген өзгеше қауым қалыптасты. Олар өсірген өнімді Кеңес Одағының түкпір-түкпіріне жөнелтетін бір қауын қабылдау пункті аздық етіп, екіншісі ашылды. Сонда да болса ол кезде қауын-қарбыз өткізуге келген машиналар тізбегі үзілмейді, кезегін күтіп кейде түн асыратын. Қармақшы қауыны ғарышқа да жіберілгенін білеміз.
Сол жылдары аудандық партия комитетін Ахметжан Жанпейісов, Елеу Көшербаев, Қаһарман Табынбаев, Әбдіразақ Әлібеков, халық депутаттары аудандық кеңесі атқару комитетін Нәжмадин Ысқақов, Елтай Құтыбаев, Аппаз Кәмішев басқарды. 1992 жылы басқару жүйесі өзгеріп, аудан әкімі болып Жақай Бодықбаев, кейін Бекмырза Еламанов тағайындалды. Жұмағали Маханов ағамыз осы кісілермен жақсы сыйластықта қызмет атқарды. Егін шаруашылығына, жалпы егістікті және шабындық жерлерді суландыруға қатысты өзекті мәселелерді тиісті жерлерде орынды қоя біліп, оның шешілуіне өзі тікелей араласты.
Тарих тағлымдарына қарап отырсақ, әр кезең өзінің шаршы топта суырылып сөз бастайтын, көпшілікті айрандай ұйытып, ел тізгінін қолда берік ұстайтын, қоғам алдындағы өз парызын терең түсінетін өз көшбасшыларын тудырып отырады. Сол кезеңде де Жұмағали ағамен қанаттаса еңбек еткен ел ағалары аз болған жоқ. Бүгінгі күнге дейін ел мен жер тарихында өшпес өз қолтаңбаларын қалдырған олардың есімдері үлкен құрметпен аталады. Алға қойған ортақ мақсат жолында тыным таппайтын Ж.Маханов ағамыз Социалистік Еңбек Ері Цай Ден Хак, Болат Сүлейменов, Қаратай Қуаңбаев, Ерназар Сексенбаев, Кәрімберді Жақанов, Исағали Жұмағұлов, Жақсылық Жалғасбаев, Кәжденбек Қалдашбаев, Жарылқасын Байсалов, Қылышбек Әбішев, Асан Төлегенов, Ким Герман, Әділбек Ибашев, Сақтапберген Медеуов және басқа шаруашылық, мекеме басшыларымен қоян қолтық араласа еңбек етті.
Білікті су маманы есебінде Жұмағали Маханов аудандық су шаруашылығы мекемесінде ширек ғасыр басшы болғанда ұжым өңірінде терең із қалдырды. Өзі басшы болған №30 жылжымалы мехкалоннадан магистарльді су жүйелерінің жоба-сметалық түпнұсқа құжаттарын алдырып, соның негізінде су жолдарының масштабтық картасы әзірленіп, ол күнделікті жұмыста тиімді пайдаланылды. Мекемеде суды үнемді падалануға байланысты мамандар оқуы ұйымдастырылды. Сөйтіп, өзі қаншама білікті шәкірттер тәрбиеледі десеңізші.
Осы мекемеде еңбек ететін алдыңғы буын мен кейінгі толқын өкілдері арасындағы дәстүрлер сабақтастығын көпшілік мақтанышпен атайтын. Ұжым қызметкерлері Қазақбай Бәшенов, Әділбек Әбдікеров, Әзірбек Ідірісов, Сахаба Атамәдинов, Темірбек Пернебаев, Мұратбек Өтебасов, Жалғас Түшкеев өз міндеттерін үлкен жауапкершілікпен атқарып, ұжым абыройына өз үлестерін қосқан мамандар болды.
Жөкең жақсы дауысымен, әдемі қазақы қалжыңымен түрлі басқосулардың көркі болған азамат еді.
Менің Жөкеңді жақын танып, білуіме мына бір жағдай да әсер етті: еліміз егемендік алған алғашқы қиын жылдары аудандық су шаруашылығы мекемесінде шаруашылықтарға іссапарға шығатын жеңіл автокөлік болмай қалды. Ал, редакцияның автокөлігі қай кезде де жолға сақадай сай. Сол себепті ағамызбен бірге жиі-жиі егін аралаудың сәті түсті. Мен қаншама жыл Жөкеңді танып, білгенде ол кісінің пенделікке салынғанын бір рет көрмеппін.
Шағын естелігімді қорыта келе айтарым, аудан өмірінде өз ізін қалдырған азаматтар көп болса, солардың ортасынан өз орнын алатын тұлғаның бірі Жұмағали Маханов деп білемін. Және бұл есімнің уақытпен бірге жаңғыра береріне сенімім мол.
Алтай ҮСЕНОВ,
Қызылорда облысының Құрметті ардагері,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы

















