» » ҚЫЗ АЛЫП ҚАШУ: ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ, ҚОҒАМ НЕ КҮТЕДІ?

ҚЫЗ АЛЫП ҚАШУ: ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ, ҚОҒАМ НЕ КҮТЕДІ?

Қыз алып қашу – қоғамда әлі күнге дейін өзекті мәселелердің бірі. Оған қарсы заң қабылданса да, қыз тағдырын қор қылып, неке қиюға мәжбүрлейтіндердің қарасы азаяр емес. Кейінгі жылдары болған қайғылы оқиғалар бұл әрекеттің салт емес, салдары ауыр қылмыс екенін айқын көрсетіп келеді. Қоғамдық санада «үйленудің бір жолы» ретінде қалыптасқан түсінік талай жастың тағдырын тәлкекке салып, тіпті адам өліміне дейін апарып отырғаны белгілі.
Қоғамды селт еткізген қасірет
11-қаңтарда Шымкент қаласында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың кісі қолынан қаза табуы қоғамды елең еткізді. Өз үйінің маңында, күндізгі уақытта дүкенге бет алған бойжеткенге алдын ала аңдып жүрген ер адам шабуыл жасап, бірнеше жерінен пышақтаған. Нұрай оқиға орнында жан тапсырды.
Кейін анықталғандай, күдікті марқұмды ұзақ уақыт бойы аңдып, мазасын алып, қоқан-лоқы көрсеткен. Бұл – бір сәттік ашудың емес, жүйелі қудалаудың, сталкингтің соңы. Қайғылы жағдай ел ішінде үлкен резонанс тудырып, қыздардың қауіпсіздігі, полицияның алдын алу шаралары, сталкингке көзқарас мәселесі өткір талқыланды.
Бұл оқиға Мемлекет басшысының да назарынан тыс қалмады. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыз алып қашудың адам ұрлау екенін, ұлттың абыройына нұқсан келтіретін ауыр қылмыс екенін ашық айтты. Сондай-ақ Нұрайды ұзақ уақыт аңду мен қоқанлоқының адам өліміне алып келгенін атап өтіп, құқық қорғау органдарының әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырды. Осыдан кейін Шымкент қалалық полиция департаментінің бірқатар басшысы қызметінен шеттетілді.
Нұрай трагедиясынан кейін араға көп уақыт салмай, Шымкентте тағы бір оқиға жария болды. 17 жастағы кәмелетке толмаған қызды бейтаныс жігіттер көшеден күштеп көлікке отырғызып, Шымкенттен Сарыағаш жақтағы ауылға алып барып, үйіне кіргізгенде сол үйдің әйелдері ақ орамал алып шығып, «келін түсірдік» деп мәз-мейрам болған. Тіпті әулет мүшелері алдын ала жоспарлап, отшашу атып, бұл үйлену тойын видеоға түсірген. Кәмелетке толмаған қыз өзін студент екенін, мұндай дәстүрге қарсы екенін айтып жан ұшырғанымен, үлкендер жағы оның сөзін елеусіз қалдырған. «Әжеңді танимын, әкеңді білемін, жақсы жерге келдің» деген сияқты сөздермен үлкендер жағы қызды басуға тырысқан. Содан кейін қыздың ұялы телефонын тартып алып, «өз еркіммен келдім» деген қолхат жазуға мәжбүрлеген. Бұған бой бермеген қызды қорқытып-үркітіп, ақыры күш қолдану арқылы жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген.
Жәбірленуші қыз бұл үйден сәті түскен бір мезетте қашып шығып құтылған. Біраз уақыт бойы қорланған қыз әділдік іздеп, ақыры бұл оқиғаны жария етуге бел буып, әлеуметтік желі арқылы басынан өткергенін жұртқа жеткізді. Ол өзіне зұлымдық жасағандардың әлі күнге жазаланбағанын, қазір бауырларының жанында қорғанып жүргенін айтып, қылмыскерлердің қатаң жазаға тартылуын талап етті. Қоғамдық резонанс тудырған видео үндеуден кейін полиция ресми мәлімдеме жасап, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Салт па, санасыздық па?
Қазақ даласында қыз алып қашу – ғасырлар бойы айтылып келе жатқан дәстүрдің бірі. Біреу оны салт ретінде бағаласа, енді біреу санасыздықтың салдары деп сынайды. Бірақ бұл әрекет кез келген жағдайда қарапайым салттан гөрі күрделі, кейде қасіретті құбылыс болып келеді.
Ертеде қыз алып қашу көбіне екі жастың келісімімен орын алатын. Қыз бен жігіттің жүрегі бір арнаға бұрылып, ата-ананың қарсылығын жеңудің соңғы жолы ретінде жасалатын. Ондайда жастар өз махаббатын қорғағанымен, қазіргі кезде жағдай мүлде өзгеше. Қыздың келісімінсіз жасалған әрбір әрекет заңға қарсы болып саналады.
Қазіргі қоғамда кейде «дәстүр» сөзі бұл әрекетті ақтаудың қалқанына айналады. «Бұрын осылай болған», «ел не дейді?» деген сөздер зорлықты заңдай көрініске айналдырады. Ал шын мәнінде, келісімсіз қызды үйге әкелу – бір тағдырды бұзатын әрекет. Қыздың көз жасын, ананың уайымын, әкенің намысын ешкім ойламайды.
Қыз алып қашуды салтқа балай беру жастардың еркін таңдауына, қоғамдағы қауіпсіздікке кері әсерін тигізеді. Ұрпақтың болашағы қыздың бақытында екенін ескермей, оны қысыммен «қолға алу» – ойланатын мәселе.
Қылмыс неге тыйылмады?
Ұзақ жыл бойы қыз алып қашу фактілері нақты есепке алынбай, істердің басым бөлігі «қылмыс құрамы жоқ» деген желеумен жабылып келген. 2019-2024 жылдар аралығында мәжбүрлеп алып қашуға қатысты қозғалған істердің 94-95 пайызы тоқтатылған. Сотқа жеткені – саусақпен санарлық.
Мұның басты себебі – заңдағы олқылық. Қылмыстық кодекстегі «Адам ұрлау» бабында жәбірленушіні «ерікті түрде босатқан» жағдайда жауапкершіліктен құтылатын норма болған. Осы мүмкіндік қылмыскерлердің жазасыз қалуына жол ашты.
Заң қатайды, сана өзгере ме?
Заңнамалық өзгерістерге сәйкес, енді адамды бопсалау арқылы некеге тұруға мәжбүрлеу қылмыстық жауапкершілікке жатады. Мұндай әрекет үшін: 2 мың АЕК-ке дейін айыппұл немесе дәл осы мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу не бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Егер некеге мәжбүрлеу кезінде күш қолданылса, жәбірленуші кәмелетке толмаған болса, материалдық немесе өзге де тәуелділік жағдайы пайдаланылса, алдын ала сөз байласқан топпен бірге жасалса, қызмет бабын пайдалану арқылы жасалған болса, жаза күшейтіледі. Мұндай жағдайда 5 мың АЕК-ке дейін айыппұл немесе бостандығын шектеу немесе 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Ал алып қашу немесе некеге мәжбүрлеу кезінде жәбірленуші ауыр зардап тартса, кінәлі адам 5 жылдан 10 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін. Бұған дейін заңда бір жеңілдік болған: егер ұрланған адам өз еркімен босатылса, кінәлі адам жазадан құтылатын. Енді бұл норма заңнан алынып тасталды, яғни, күдікті адам жәбірленушіні босатқан күннің өзінде жауапкершіліктен құтыла алмайды.
Соңғы жылдары бұл әрекетке қатысты заң қатайды. Жаза ауырлады, жауапкершілік күшейді. Бірақ заңның қатайғаны сананың өзгергенін білдіре ме? Өкінішке қарай, әлі де «келісіп алып қаштық», «қызы өзі қашып келді» деген сөздердің тасасында талай шындық тұншығып жатыр десеңізші...
Қыз алып қашу – батырлық емес, күш көрсету. Ол бір адамның еркін екінші адамның қолынан тартып алу. Көзінде қорқыныш, жүрегінде үмітсіздік тұрған бойжеткеннің «тағдыры осылай болды» деп үнсіз қалуы келісім емес, амалсыздық. Ал амалсыздыққа құрылған неке бақыт әкеле ме?
Рас, заң қатаңдады. Бірақ кей сана әлі жұмсармады. Кей жігіт үшін бұл «ер жігітке жарасатын іс», кей орта үшін «абыройды сақтаудың жолы» болып көрінеді. Ал сол «абыройдың» астында қаншама қыздың арманы көмілгенін, тағдыры жараланғанын көргіміз келмейді.
Егер қоғамдағы сана оянса, заңды күтпес едік. Ой өзгерсе, қызды қорқытып емес, сыйлап алар едік. Сана биіктесе «алып қашу» емес, келісу, құрметтеу, таңдау еркіндігі алдыңғы орынға шығар еді.
Түйін Қыз тағдыры – тек бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның айнасы. Қандай да бір дәстүрдің артында жасырынған салт-сана, ескі әдет-ғұрып адамдық құндылықтардан жоғары тұра алмайды. Қыз алып қашу махаббатқа деген сезімнің бейнесі емес, зорлықтың көрінісі.
Бақыт күшпен келмейді, шаңырақ зорлықпен көтерілмейді. Ұлттың келешегі – қыздың келісімінде, оның таңдауы мен қауіпсіздігінде жатыр. Сондықтан дәстүрді сылтау етіп, жанның құқығын таптауға болмайтынын қаперде ұстайық!
Ақнұр САҒЫНТАЙ

31 қаңтар 2026 ж. 65 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№8 (10476)

31 қаңтар 2026 ж.

№7 (10475)

27 қаңтар 2026 ж.

№6 (10474)

24 қаңтар 2026 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 327
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 196

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031