» » Қыз алып қашқан дұрыс па?

Қыз алып қашқан дұрыс па?

Ауылда еркелеп өскен әпкем болды. Оның сұлулығына тамсанбайтын адам жоқ-тын. Тіпті ауылдың жігіттері есік алдын торуылдаумен жүретін. Бірде әпкем сыныптастарымен серуендеуге кетті. Әдеттегідей ұйықтамай күтіп жаттым. Түн ортасы. Үй телефонының шырылы естілді. Тұтқаны көтерген анамның аяқ-қолы дірілдеп, дауысы қатты шықты, жылап та жатыр. Бала болған соң ба, қорыққанымнан көрпенің астына бүркеніп алдым. Үй іші абыр-сабыр...

Әпкемді алып қашқан екен. Алыс емес, бір көше әрі тұратын үйдің баласы. Өзінің сыныптасы. Анам мен жеңгем артынан қуып барды. Ал әкем екеуміз таң атқанша есікке елеңдеумен отырдық. Бірақ, үйге анам жалғыз келді. Шағын ауыл, таныс адамдар болған соң «ұят» деген сөз жібермейді ғой. «Есік көрген», «Қайтып келген қыз жаман», «Бірінші бақ – бақ» дегені тағы бар. Біршама уақыт өз-өзімізге келе алмадық. Көндік. Осы оқиғадан соң мен де есейгендей болдым. Реніш болды, әрине. Себебі, әпкемнің арманы әдемі той көйлегімен қара шаңырақтан ұзатылу еді. Алайда қазір әпкем жұбайы екеуі екі қыз тәрбиелеп отырған бақытты отбасылардың бірі. Қош. Негізінде қыз алып қашу – қазақ халқының үрдісі. Дәстүрлі қазақ қоғамында жол-жоралғы жасап, қалың мал беруге шамасы келмеген жігіт ұнатқан қызын өзара келісіммен алып қашқан. Яки, қыз алып қашу өз заманында қоғамның қажеттілігіне орай пайда болған үрдіс. Бірақ, қыздың келісімінсіз басып алып қашатындар қатары да жетіп артылады. Үлкен апалардың табалдырыққа жатып алатыны тағы бар. Сондағысы, «Біз де осылай келгенбіз», «менің үстімнен аттап өтсең бағың ашылмайды, теріс батамды беремін» дейді. Жалпы, қыз алып қашқан дұрыс па? Қазақ халқы қыз балаға қонағым деп құрметпен қараған. Екі жақ келісіп, жастар үлкендердің батасын алған соң, құда түсіп, сырға салып, ұзатылған. Ал «көрпесіне қарай көсілгендер» қыздың келісімімен алып қашқан. Онда да жеңгелері шығарып салған. Десе де, танымайтын қызды күштеп әкеліп, орамал таққызатындар әлі бар арамызда. Бір қызығы, елде қыз алып қашу статистикасы жүргізілмейді. Себебі, қылмыстың осы түріне арнайы бап жоқ. Арнайы бап болмаса да, қылмыскер жазаланады. Елдегі қыздарды еріксіз алып қашу деректері туралы нақты есеп жоқ. Бұл – ҚР Қылмыстық кодексінің «Адам ұрлау» бабына жатқызылған. Заманына қарай заңын білдік, ал дін не дейді? Имамдар алып қашу шариғатқа қайшы дейді. Жалпы адамның бостандығы мен құқығына қол сұғуға шариғатта қатаң тыйым салынған. Неке мәселесінде қыз өзі шешім қабылдайды. Тіпті, әкесі де еріксіз тұрмысқа бере алмайды екен. Бұл – адамның ар-намысын аяқасты ету, күнә іс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қоштасу қажылығында Мина жазығында тұрып, құрбандық күні: «Расында, сендердің қан дарың, мал дүниелерің және арнамыстарың бір-біріңе қасиетті (Мекке) қаласы, осы қасиетті (қажылық) айы, осы қасиетті (құрбан айт) күндей қастерлі», – деп адам ар-намысының қаншалықты биік екенін ескерткен. Ертеректен бері ата-бабамыз ислам дінін ұстанып келеді. Шариғатта қыз алып қашу дұрыс емес болса, бұл дәстүр қайдан шыққан деген сауал туындайды. Дінде некенің келісіммен болуы керегін айтқан. Яки, екі жастың келісімімен болған қыз алып қашу дінге сай келеді деген сөз. Кез келген қыз келін атанып, орамал таққысы келеді. Бірақ зорлықпен емес. Қыз – қонақ. Қонағын Құдайындай сыйлаған қазекем сол себепті де оларды алақанында аялаған. Өрімділер арқасында екі көпір жалғасып, өріс кеңейді деп білген. Ол рас. Арулар алысты жақындатады. Күйеуді жүз жылдық, құданы мың жылдық қа жеткізеді. Әр үйдің шолжаң еркесі үйінен өзі құратын отауға ұзатылады. Айтпағымыз, кәрі қыздарды жазғыру емес, әркім өз өмірінің қожасы. Не істейді, не қояды, өзі біледі. Алайда «айтпаса, сөздің атасы өледі». Сарғайған «сәулімдерді» азайту келелі мәселе болып тұрғаны тағы бар.

Түйін

«Қыз мұраты – кету» болса да көлденең жүрген көк аттыға ешкімнің тигісі де жоқ. Адам тағдыры, сезім, махаббат, адамгершілікті ескермей, жалғанды жалпағынан басып жүргендер жетерлік. Қыз алып қашу екі жастың сөз байласуымен болатын салт-дәстүр екенін ұмытпаған ләзім.

Айнұр ӘЛИ
18 қаңтар 2022 ж. 749 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 035

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031