Сталкинг – заманауи қылмыстың үнсіз түрі

Аңду ма, қорқыту ма? Сталкинг деген не? Атауы өзгергенімен, бұл ұғым бұрыннан бар. Біреу жүйелі түрде маза бермей телефон соқса, есік аңдып, әлеуметтік желіде ұдайы бақыласа сталкинг саналады. Мұның ішіне қорқытып-үркіту, қоқан-лоқы көрсету секілді психологиялық қысым да бар. Қысқасы, зәбір көрушінің зәресін алып, мазасын кетірудің бәрі осы санатқа жатады.
Байқасаңыз, мұндай оқиға қыз-жігіт болып араласқан жұптарда, ажырасқан отбасыларда көп кездеседі. Екіге кеткенде де бұрынғы әйелінің өмірін бақылағысы келетін талай азамат сталкингтің түр-түрін жасаған. Бетін қайтарса да аяқ тартпайтын қаншама жігіт қызды қаратамын деп аңдумен болды. Қоғам мұндай істі «қалыпты қызғаныш», «жастықтың буы» дегенге салып біршамасын ақтап алуға тырысып, жазасыз жіберіп келген. Кейін көзқарастың салқыны қайғылы оқиғаға ұласқанын көріп жүрміз.
Сталкингті тек ерге тән деп тану дұрыс болмас, дегенмен жәбір көргеннің көбі – әйел. Еуропалық гендерлік институтының мәліметіне сүйенсек, әрбір оныншы әйел сталкингке ұшырайды. Ұдайы бақылау мен аңдудың кесірінен психологиялық жағдайы нашарлаған адамдар жетіп артылады. Мұның мысалын әлеуметтік желіден мыңдап кездестіруге болады. Өкініштісі, елімізде күйеуі не досы маза бермеген соң өзіне қол жұмсаған қыздардың саны көп.
Кейінгі жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдер мен балаларды қорғау бағытында арнайы заң қабылданды. Қоғамдық резонанс тудырған тақырыптан соң талап пен бақылау күшейді. Осы орайдағы қоғамның соңғы сұрауының бірі сталкингке қарсы жаза болғанын жасыра алмаймыз.
Сталкинг енді қылмыс саналады
Қазақстанда Қылмыстық кодекске сталкинг ұғымы енгізілді. Енді адамды аңдып, қорқытатындар қылмыстық жазаға тартылатын болады. Сарапшылар заңнамадағы өзгеріс көп адамның өмірін сақтап, қоғамдағы тәртіпті күшейтеді деп отыр. Адамды аңду, мазасын алу әрекеті үшін заңмен жауапкершілік қарастырылды. Егер біреу сталкингке барса, мынадай жазаға тартылады: 200 АЕК-ке дейін айыппұл (шамамен 786 мың теңге), 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс, 50 тәулікке дейін қамау.
Бүгінге дейін біз сталкингті көбіне отбасылық кикілжің, тұрмыстық түсініспеушілік немесе жай ғана мазасыздық деп қабылдап келдік. Қолданыстағы заңнамада мұндай әрекеттерге байланысты нақты ұғым да, арнайы бап та болған жоқ. Соның салдарынан құқықтық жауапкершілік те күмәнді деңгейде қалып отырды.
Арыз-шағымдар негізінен ҚР Қылмыстық кодексінің «Жеке өмірге қол сұғу» (147-бап) немесе «Қорқыту» (115-бап) баптары бойынша қаралатын. Алайда бұл баптар сталкингтің барлық формаларын толық қамти алмады. Жағдайды тек нақты оқиғаға қарай бейімдеп, бірде заңға сыйғызып, бірде назардан тыс қалдырып жүрдік.
Қазір сталкингтің бір түрі – киберсталкинг, яғни виртуалды кеңістіктегі аңду әрекеттері – қоғамда кең тарала бастады. Жәбірленушіні әлеуметтік желіде бақылау, жеке деректерін жариялаймын деп қорқыту, үнемі мазасыз хат жазу – осының бәрі киберқысымның көрінісі.
Мұндай әрекеттерге қолданылатын жаза бұрын тек жанама баптармен шектелетін. Мәселен, ҚР Қылмыстық кодексінің 115-бабына сәйкес, қорқытқаны үшін 120 АЕК көлемінде айыппұл немесе 30 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған. Ал 147-бапта – жеке өмірге қол сұққан адам 5 000 АЕК-ке дейін айыппұл төлеуі немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ бұл шаралар сталкингтің нақты сипатына сай келмейтін.
Ендігі қылмыстық кодекске сталкингке қатысты әрекеттерді біріктіретін 115-1-бап енгізілді. Құқық тіліне салсақ, мұндағы сталкинг түсінігі мына қадамдарды қамтиды: адамның еркінен тыс байланыс орнату, зорлық-зомбылықпен ұштаспайтын, алайда елеулі зиян келтірген әрекет, адамның ізіне түсу, адамды қудалау 115-1-баппен жазаланады.
Сонымен, кез келген адам өзгенің аңдып жүргенін сезсе, аталған баптар арқылы қауіптің алдын алуға қақысы бар. Құқық қорғаушылардың сөзінше, егер сталкинг жайлы күдік пайда болса, алдымен оны дәлелдейтін айғақ жинаған жөн. Оған екеуара сөйлескен әңгіме, әлеуметтік желідегі жазба, хат алмасу, бейнежазба секілді фактілер кіреді.
Бір дүниені түсінген жөн, мессенджелер арқылы хат алмасудың заңды күші бар. Дәлел ретінде әлеуметтік желідегі әңгіменің суретін (скриншот) ұсынуға болады. Ізіңізге түскен адамның тоқтаусыз қоңырау шалғанын видеоға түсірсеңіз, оны да дәлел ретінде қолдануға жол ашық.
Әлем елдерінде қалай?
Әлем елдері сталкингпен күрестің түрлі жолын таңдаған. Алғаш рет 1990 жылы Калифорнияда «сталкинг» туралы заң қабылданды. Бұл заң актриса Ребекка Шаффердің қайғылы өлімінен кейін енгізілген. АҚШ-та Сталкинг үшін жаза: 1 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал ауыр жағдайларда – 10 жылға дейін. Мұнан бөлек, АҚШ-та киберсталкинг те бөлек қылмыс ретінде қарастырылады.
Ұлыбританияда 2012 жылдан бастап «Сталкинг туралы Заң» күшіне енген. Онда сталкинг әрекеттері үшін 6 айға дейін түрме немесе айыппұл, қайталанған немесе қауіпті жағдайларда 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Германия, Канадада бұл әрекет ауыр қылмыс қатарына қосылған. Сарапшылар Қылмыстық кодекстегі арнайы баптың пайда болғанын әрі сталкингтің ауыр қылмыс қатарына енгізілмегенін құптайды. Бұл қоғамның қазіргі әлеуметтік, психологиялық портретін ескере отырып жасалған деген тұжырымдама. Бастысы, нақты жазаның барын түсінген азаматтардың заңсыз әрекеттен аяқ тартынатынына сеніп отыр.
Сталкинг суицидке әкеп соқтыруы мүмкін
Бұл ерлі-зайыптылардың арасында да көрініс табады. Отбасылы адамдар да, бір-бірімен ажырасқан жандар да бір-бірінің ізіне түсіп, қайда жүргенін аңдуы мүмкін. Мұндай жағдайда сталкингтің құрбаны болған адам дәлел келтіріп, өзін сотта қорғап шыға алуы керек. Бір өкініштісі, күйеуі немесе досы тыныштық бермеген соң суицид жасағандардың қатары көбейген. Соңы осылай қайғымен аяқталатын жайттар да кездеседі. Сталкинг қазір әлемде өзекті мәселеге айналды. Өйткені, ешқандай жаза қолданылмаған соң, сталкерлер құрбанын аңдуын тоқтатпайды. Бұл да психологиялық зорлық-зомбылықтың бір түрі.
Сталкер болуына не себеп?
Осы тұста адамның сталкер болуына не себеп болады деген сұрақ туындауы мүмкін. Психологтардың пікірінше, сталкердің адам аңдуға құштарлығына оның балалық шағындағы әдеттері себеп. Себебі, бала ата-анасының қыр соңынан қалмай, қайда барса да бірге жүріп аңдуы аталған мәселенің бастамасы болуы мүмкін. Егер бала ересек болғанда да дәл сол күйде қалып қойса, өзгені аңдуға құмар сталкерге айналады. Сондықтан балаға оның дұрыс емес әрекет екенін дәл сол сәтте түсіндіру керек. Қай жерге баратыныңызды да алдын ала айтып, оны біртіндеп жағдайға бейімдеу қажет. Психологтардың пайымдауынша, баланың сүттен қалай шығарылғаны да оның есейгенде біреуді аңдып, басқаруға құмарлығына әсер етеді. Мысалы, анасы баласын сүттен шығарған кезде анасы ешбір ескертусіз айтпай, баланы туыстарының үйіне қалдырып кетіп жатады. Бұл дұрыс емес әрекет, себебі бұл баланың жақынынан айырылып қалудан қорқуына, травма алуына түрткі болады. Оған қоса, бұл үрей бала есейіп, отбасын құрғанда да оған кері ықпал етеді. Себебі, бойында мұндай қорқынышы бар адам отбасы болған соң да бұл ісін тоқтатпайды. Екінші жартысынан күдіктеніп, оны басқадан қызғанып қадағалауы мүмкін. Тіпті жұбайынан бір сәт бөлек жүре алмауы да ықтимал. Ол өз кезегінде адамның өзіне де, оның өмірлік жарына да кері әсерін тигізеді.
Қалай қорғанамыз?
Аңду көбіне бірден байқалмайды. Алғашында қызығушылық, көңіл бөлу, тіпті романтикалық қадам ретінде көрінуі мүмкін. Алайда, бір адам үнемі жазса, қайталап қоңырау шалса, әлеуметтік желіден бақылап отырса, сізді көшеден аңдыса – бұл қауіпті сигнал.
Мұндай әрекеттерден өзіңізді ыңғайсыз, қорқып немесе бақылауда жүргендей сезінсеңіз – бұл жай ғана мазасыздық емес, бұл – қысым.
Шекараңызды нақты белгілеңіз. Көп адам қысымды «жай әзіл» деп қабылдап, үндемей өте салады. Бірақ ең алғашқы қадам – бұл адаммен нақты әрі анық сөйлесу. «Мен сізбен байланысқым келмейді», «Хабарласпаңыз», «Кездесуге қарсымын» деп кері қайтаратын сөздер болуы қажет. Бұл сіздің жеке шекараңыз. Ал шекараны бұзу – заңбұзушылық.
Айғақ жинау артық етпейді. Егер сталкинг күшейе түссе, бұл әрекетті дәлелдеу үшін материал жинай бастаңыз: хаттар мен қоңыраулардың скриншоттары, бейнежазбалар (мәселен, сыртынан аңду сәттері), әлеуметтік желідегі жазбалар, куәгерлердің түсініктемесі болғаны дұрыс. Құқық қорғау органдары сіздің сөзіңізге емес, дәлеліңізге сүйенеді. Сондықтан әрбір қадамды жазып, сақтау – өте маңызды.
Түйін
Сталкинг – жай мазасыздық емес, бұл – адамның жеке еркіндігіне, қауіпсіздігіне жасалған қасақана қысым. Қазіргі заңнама мұндай әрекетті қылмыс деп танып отыр. Ендігі жерде әр азамат өз шекарасын қорғауға, заңмен бекітілген құқығын талап етуге қақылы. Ең бастысы – үнсіз қалмаңыз. Өзіңізді де, өзгелерді де қорғаудың жолы – әрекет ету.
Қоғам дамыған сайын адамның жеке кеңістігіне, құқығына деген құрмет те күшеюі тиіс. Сталкингтің заңмен танылуы – азаматтық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған маңызды қадам. Ендігі міндет – заңды тек қағаз жүзінде қалдырмай, нақты іске асыру. Бұл – әрқайсымыздың жауапкершілігіміз.
Ақнұр САҒЫНТАЙ