Буллинг-бала болашағына балта шабады
qarmaqshy-tany.kz «БУЛЛИНГ» СӨЗІ – МАЗАЛАУ, ҚУДАЛАУ, ҚОРЛАУ ДЕГЕНДІ БІЛДІРЕДІ. ӨКІНІШКЕ ОРАЙ, БҰЛ МӘСЕЛЕ БІЗДІҢ ҚОҒАМДА БҰРЫННАН БАР, ҚАЗІР ТІПТІ ЖИІЛЕП КЕТТІ ДЕСЕК, АРТЫҚ АЙТПАҒАНЫМЫЗ БОЛАР. ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ ТҮРЛІ ВИДЕОНЫ КӨРГЕНДЕ ДЕНЕМІЗ ТҮРШІГІП КЕТЕТІНІ АНЫҚ.
Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, Қазақстанда 11-15 жас аралығындағы әрбір бесінші оқушы қатарластарынан қысым көреді екен. Бұл мәселе тек осы жастағы балаларға қатысты деген сөз емес. Буллинг балабақшада да, бастауыш сыныпта да, жоғары сынып, тіпті жоғары оқу орындарында да бар. Күнделікті жаңалықтардан қатарластарынан қысым көрген, сыныптастарының сынына ұшыраған, жәбір көрген, өз-өзіне қол жұмсамақ болған және жұмсаған оқушылардың жантүршігерлік оқиғаларын жиі еститініміз осының дәлелі.
Негізінде буллинг дегеніміз – арнайы ұйымдастырылып белгілі бір мақсатпен жасалады. Жиі немесе күнделікті қайталанады, екі тараптың күші тең болмайды, агрессия үнемі бір тараптан болады. Құрбан да ауыспайды. Бір жақ қатты қысым көреді, екінші жақ үнемі жеңіске жетіп отырады. Әрине, балалардың арасында конфликт болады. Сондықтан, кез келген жағдайда «буллинг» деп кесіп айтпай, ара жігін ажырата білген дұрыс. Қазіргі таңда буллингтің түрлерін бөліп қарастырады. Физикалық буллинг – күш көрсету, әлімжеттік жасау, денесін зақымдау, ұрып-соғу. Әлеуметтік буллинг – бұл құрбанды ортадан бөлектеу, ортақ шаралардан шектеу. Мысалы, барлығын шақырып, бір баланы әдейі туған күнге шақырмау, жарыстарға қатыстырмау, командаға алмау, ешкімнің онымен дос болмай, шетке ысыруы. Вербальді буллинг – сөзбен намысына тию, мазақ ету, келемеждеу, ар-ұятын таптау, қорқыту. Вербальді буллингке тап болған баланың ең әуелі тәбеті нашарлайды. Өзімен-өзі болып қалады. Өзін ренжіткен сөзді айтып, «Мен сондаймын ба?» деп сұрауы мүмкін. Кибербуллинг – әлеуметтік желі, байланыс құралдары арқылы зиян келтіру. Біреуге жария түрде жала жабу немесе жеке хаттармен қорқыту.
Буллинг белгілері: өзін жалғыз сезінеді, тәбет нашарлайды, бала алаңдап телефонына жабыса береді. Көңіл-күйі төмендейді, ұйқысы нашарлайды. Жалпы айтқанда өзгеріске ұшырайды, өзінен кіші балалар мен жануарларға агрессиямен қарау баланың қоршаған ортаға қызығушылығының төмендеуі.
Ата-ана буллинг құрбаны болып жүргенін аңғару үшін баласының мінез-құлқын, іс-әрекетін үнемі бақылап, әрбір өзгеріске мән беруге тиіс. Негізгі белгілері баланың денесінде көгерген, қызарған, жарақат іздерінің болуы, киімінің жыртылып, заттарының жоғалуы, бүлінуі, баланың мектепке барғысы келмеуі, сыныптастарымен достығының байқалмауы мәселен туған күніне ешкімнің келмеуі, ешқайда шақырмауы, сабаққа жалғыз барып, жалғыз қайтуы, өзінен кіші балалар мен жануарларға агрессиямен қарауы ұйқы немесе тамақтану режимінің бұзылуы, тез шаршау, өзгелерден оқшаулану, жалғыз болғысы келуі.
Буллингті туғызатын адам аталған әрекетке бекерден-бекер бармайды. Ішінде бір мазасыздық, көңілдің жеткіліксіздігі, жайсыздық, қандай да бір мәселе, отбасында қысым көру, ата-ананың теріс тәрбиесі, дұрыс емес үлгі, психологиялық ауытқу, тағы басқасы итермелейді. Атаана тарапын кететін қателіктер – балаға оның қымбат жан екенін ұғындырмау, жиі құшақтамау, жиі баланы иіскеп, сүймеу. Дәл осы әрекеттерді дұрыс жасап жүрген ата-ананың баласы өзінің қандай қымбат екенін түсінеді. Баланың қажеттіліктеріне көңіл аудармау. Бірнәрсе айтып, сөйлескісі келсе, «қоя, тұр», «кейін» деген сөздермен оған «сенің айтатының немесе жағдайың маңызды емес» деген қатынасты көрсету. Өзіне деген сенімін сындыру. Бала мәселесін айта бастаса, «Өзің де кінәлі шығарсың. Сені білемін ғой» немесе «Ешкіммен тайталаспа, сабағыңды оқып тыныш жүр», дегендей сөздермен сенімсіз қатынас орнату. Әрине, барлық ата-ана осындай дегенді білдірмейді. Буллингті болдырмау үшін ата-ана балаларына адамдармен дұрыс қарым-қатынас құру, қысым көрген адамды қолдау, өзгелерді құрметтеу үлгісін көрсетуге тиіс. Баламен ашық және жиі сөйлесіп тұруы қажет. Бала ата-анасына барлық тақырыпта ойын еркін айта алатындай, өзін тыңдайтынын, түсінетінін білетіндей сенімді қатынас орнату қажет. Мектепте пәндердің қалай өткенін, дене шынықтыруда қандай жаттығулар жасағанын, қатарластарымен қарым-қатынасының қандай екенін, интернетте не істейтінін, неге көңіл-күйі жоқ екенін сұраған жөн. Сол сияқты буллинг тақырыбында көбірек сөйлескен жағдайда бала қатарластары туралы айтатын болады. Бала сіз тарапынан психологиялық және эмоционалдық қолдауды әрдайым сезінуі тиіс.
Фариза ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ,
аудандық Оқушылар үйінің психологі