ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАДІРІ – АРЫҢ МЕН АҚЫЛЫҢА ТӘУЕЛДІ
Әр мемлекет халқы бақытты болып, арманы мен мақсатына жету үшін ең қажетті құндылық, ол елдің тәуелсіздігі болмақ. Қазір тәуелсіз ел болдық, бұған шүкірлік етуіміз керек. Бірақ осы тәуелсіздікке жету үшін қазақ елі не көрмеді?.. Жұбан ақынның айтуы бойынша «мың өліп, мың тірілдік» емес пе?
Жоңғармен екі жүз жыл шайқасқанда аталарымыз еркімізді басқаға бермейміз деп қан төкті. Үлкен екі империяның ортасында отырып, одан жан бағып шығу да оңай болған жоқ. Амал жоқ, орыспен достық келісімге келуге тура келді. Бірақ олардың да «достығы» жетісіп тұрмағанын көз көрді. Жерімізді алды, тіл, дін, ділден айырды. Қанша қазақ шетелге ауып кетті. Осы уақытта 40 мемлекетте 5 миллиондай қазақ тұрып жатыр. Халықтың жартысынан астамы аштан қырылғанын да ұмытпауымыз керек. «Кеңес азаматы» боласыңдар деп төлқұжатымызға тәңірдің жаратқан аты емес, еріксіз қолдан таңған атау жазылды. Оның көшірмесі «орыс» ұлты екендігі айдан анық көрініп тұрды. Билік сонда, тіл соныкі болды. Барлық табылған өнім сол мемлекетке жол тартып отырды. Біз тек шикізат өндіруші елге айналдық. Шындықты айтсақ, күріш өсіріп отырып күрішке, сүт сауып отырып сүтке, мал бағып отырып етке жарымадық. Өйткені барлық өнімнің қожайыны бар болатын. Солар жейтін, тұтынатын. Бұл – ащы шындық. «Тәуелсіз ел боламыз» деп ниет еткен Алаш арыстарын атты, түрмеге тоғытты. Үрім бұтағына дейін қудалауға түсіріп, тозтозын шығарды. Дегенмен, тәңірдің қолдауымен 1991 жылы 16 желтоқсанда еліміз тәуелсіздік алды. Ақын, азамат Айбек Қалиевтың айтуынша, «қазақ – қазақ болғалы ең бақытты қазақ қазіргі біздер», яғни тәуелсіз елімізді көрген, соның шуағына бөленіп, қадірін сезінген ұрпақтың өкілдеріміз.
Қытайда адамды қарғағанда «өтпелі кезеңде өмір сүр» дейді екен. Осы сөздің шындығын бастан өткердік. Сауда орындарының сөресі босап қалды. Азық карточкаға берілетін болды. Жарық алаңсыз жоғалды, теледидар көру мұң болды. Жолдар жөнделмеді, ауызсу қат. Тізе берсе, «керектің» тізімі сала-құлаш болды. Еркіндік берген «ұлы халықтың» өзі біздің ел болатынымызға сенген жоқ.
Әкімдердің алғашқы халыққа есеп беруі қиын болды. Халықтың талабы зор, оны бірден шешу мүмкін емес. Айлық, зейнетақы уақытылы төленбеді. Мекемелердің көбі жабылған, жұрт жұмыссыз. Адамдар не тірлік істерін де білмей қалды. Бірақ бәріне уақыт емші екен. Жаймендеп тірлікке бет түзедік. Құлап жатқан жерімізден қолымызды тіредік, тізерлеп тұрдық, содан біртіндеп еңсемізді тіктей бастадық. Қазіргі кезеңге жеттік.
Отыз төрт жыл өткенде адам танымастай өзгердік. Көрмегенді көрдік, ішпегенді іштік, кимегенді кидік. Жолдар салынды, үйлер тұрғызылды, су мен газ үйге кірді. Байланыс қалтада, көлік астыңда болды. Іздеген затың базарда, айтылған сөзің назарға алынды. Қаншама елмен экономикалық, достық байланысқа түстік. Алым-берім көбейді. Қазақты бүкіл әлем танитын дәрежеге жеттік. Өнеркәсіп орындары көптеп салынып, кен игеру жұмыстары қарқын алды. Елдің саясаты айқын, жоспары қомақты. Тек тәңірім тыныштығын берсін.
Осы жағдай өздігінен орнай қалмағандығын бәріміз де білеміз. Талай азаматтар бел шешпей күресті, намысқа тырысты. Ақылдары мен жігерлерін жаныды. Мен осы тұрғыда көзім көрген, бірге жұмыс істеген ауданның атқа мінген азаматтары жөнінде айта кетейін.
Аудан әкімдері тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қиналған халық пен қираған жүйені қалпына келтіру үшін көп еңбек жасады. Олардың қатарында Бекмырза Еламанов, Шакизат Төребаев, Рзақұл Нұртаевтар болды. Ауылшаруашылығын өрге бастыру үшін еселі еңбек етіп, жақсы жұмыстарды ұйымдастыра білген Шыназбек Бисенбаев, «атойлап» желтоқсанда бас көтерген Текей батырдың ұрпағы Ерлан Бисенбаевтардың еңбегі тарих таразысының еншісінде қалды. Шаруашылық төрағалары Қылышбек Әбішев, Орынбасар Төлепов, Жомарт Жалғасбаев, Нұржан Пірмантаев, Нұрлан Іздібаев, тағы басқалар еңбегі тұралап қалған шаруаны тіктеп, бағасы тірлік көшіне ілесуімен өлшенсе керек. Білім саласы да қандай қиын заман болса да тоқтамай жұмыс жасайтын қоғамның локомотиві болып қала береді. Білім бөлімінің басшысы қызметін атқарған Сәбит Отызбаев өз саласын ұрпақ тәрбиесіндегі өрелі іске ақылмен бастап, қиындығын сабырмен жеңе білді. Мектеп басшылары Дәмелі Жалғасбаева, Дариға Әмзебекова, Базаркүл Құлахметова, Жұпаркүл Иманбаева, Мұрсал Әбдіқасовтар ұжыммен ортақ тіл таба отырып, ұрпақ тәрбиесін биік шыңдарға жанкештілікпен шығаруға күш салған тұлғалар деп батыл айтар едім.
Қай кезде де баспасөздің қоғамда алатын орны ерекше. Ол – заман тынысын жеткізуші, болып жатқан ахуалдың барометрі қызметін атқарады. Газет редакторы Алтай Үсенов, тілшілер Рашид Жарылқасынов, Бақыт Қаналиева, Нарша Алданазаров, Сәрсенкүл Райымбаевалар елмен етене араласып, болған жайды талдап, жаңалықтар мен күрделі мәселелерді көтеріп, қаламмен ой айтып, көлемді мақалалар жазып, аудандық газет әр шаңырақтан табылып жатты. Денсаулық саласы да қиын жағдайды бастан кешірді. Халықтың денсаулығына алаңдап, уақытпен санаспай еңбек еткен ақ халатты дәрігерлер Бақытжан Нысанбаев, Владимир Шерғазин, Қалдыгүл Бәлібаева, Алмас Қаржаубаев, Әсия Бекбергенова, тағы да осы азаматтардың әріптестері өз мамандықтарының абыройы мен жетістігін құлатпау үшін тер төкті. Тәуелсіздіктің тағы бір жемісі – жеке адамдардың кәсіпке жол ашуы еді. Бойындағы қабілеті мен қарымын дұрыс пайдалана білген аудан азаматтары қиыннан жол, жоқтан бар жасап жұмыс жасады. Сөйтіп халықтың қажетін өтеді, елдің алғысын алды. Осы үлкен істі қолға алған кәсіпкерлер қатарында Үрзада Бекмұрзаева, Шынар Махмутова, Рабиға Балғабаева, Бақтияр Ешмұратов, Жомарт Жаппасбаев, Әсем Сержанова секілді жандар тұрды. Сонымен қатар әр салада тынбай еңбек жасаған тұлғалар Ұрзахия Махамбетова, Гүлжауһар Раева, Зере Метерова, Әділ Қошалақов, Аққозы Байсынов секілді азаматтардың еңбегін ел біледі.
Иә, бір мақалада барлығын бірдей атап шығу мүмкін емес. Біз солардың ішінен тілге тиек еткен азаматтарды ғана атап өттік. Тәуелсіздікті алу бар да, оны ұстап қалу, дамыту, өркениет көшінен қалмай ілесу өте маңызды және жауапты жұмыс. Бұлай болу үшін әрбір азамат соның қадірін біліп, елдің мүддесі үшін күресіп, намысты оятып, бірлік пен береке үшін атсалысуы керек. Қоғам адамнан құралатынын ескеру керек. Сол себепті тырнақ астынан кір іздеп емес, «мен елім үшін не істей аламын?» деп ойлансақ, елдің дамуына үлес қоссақ, сонда ғана сол елдің босағасы бекіп, көсегесі көгереді.
Қазіргі кезде бізде өзекті мәселелердің қатарында тіл мәселесі бар. Ана тілі кең қолданысқа енбей, тәуелсіз ел болу мүмкін емес. Сол себепті әр қазақ азаматы өз ұрпағын ана тілінде оқыту керек. Бұған салғырт қарауға болмайды. Осы тұрғыда тәуелсіздікті танып, қадірін сезіну әрбір адамның бабалар алдындағы ары мен дұрыс істі қолдаудағы ақылына тәуелді дер едім.
Қанша ғасырдан бері аңсаған тәуелсіз елге айналдық. Оның қадірін білмеу надандық пен дәрменсіздіктің көрінісі болмақ. Оған жол беруге болмайды және кешірілмес күнә болар еді. Сол себепті тәуелсіз ел болғанымыз үшін тәңірге «тәубе» айтайық. Егемен еліміздің бостандығы мен босағасын бекіту үшін тер төгу, еңбек ету әрбір саналы азаматтың абзал борышы болып қала бермек.
Дастан МЫРЗАБЕКҰЛЫ,
ардагер ұстаз















