» » ҰРПАҚ ҰСАҚТАЛЫП БАРА МА?

ҰРПАҚ ҰСАҚТАЛЫП БАРА МА?

Бүгінгі таңда «ұрпақ ұсақталып барады» деген пікірді жиі естиміз. Бұл – тек көпшіліктің алаңдауы ғана емес, қоғамдағы терең өзгерістердің белгісі. Қазіргі жастардың мінезқұлқындағы, дүниетанымындағы, өмірге көзқарасындағы ерекшеліктер кей ата-ананы алаңдатып, «бұрынғыдай емес» деген ойға жетелейді. Алайда мәселені жан-жақты қарастырсақ, ұрпақтың «ұсақталуы» – бір ғана себептен туындаған құбылыс емес. Оның түп-тамыры қоғамдағы құндылықтар жүйесінің өзгеруімен байланысты.
Рас, адамзаттың жүрісі өзгерді. Қазір уақыт бұрынғыдай баяу ағатын өзен емес жарқ-жұрқ еткен, толқыны тасыған тасқынды дария. Адамдар шапшаң қимылдайды, ой үзіліп, назар бөлшектенеді, ақпарат күндіз-түні жауып тұрған нөсер секілді. Сол нөсердің ортасында тұрған бала кейде өз жүрегінің үнін де ести алмай қалады. Дәстүрлі тәрбие – баяу әуен еді, технологиялық ғасыр – жылдам музыка. Әуен ауысқанда адамның көңілі де, мінезі де өзгереді.
Бүгінгі балаға сұрақ қойсаңыз, жауабын «Chat GPTден» сұрайды. Осылайша ойлануға ерінеді. Иә, бүгінгі ұрпақ жаңа заманның жедел ырғағына ілесіп келеді. Олар цифрлық кеңістікте еркін, батыл, шапшаң. Бірақ осы жылдамдықтың көлеңкесі бар – ойға тоқтау азайды, өзін тану қиындады, терең толғану сиреді. Ұсақталудың бір парасы осы – ой тереңдігінің азаюында жатыр.
Жастар әлеуметтік желіге терең үңілген сайын бала шынайы өмірдің бояуын сезуден алыстайды. Онда көрінетіні – әзіл, сән, табыс, идеал бейнелер. Бәрі мінсіз, бәрі әдемі. Ал өмірдің өзінде шаршау да бар, сабақ та бар, беймәлімдік те бар. Бірақ жас буын жалған «идеалдардың» көлеңкесінде жүріп, өз болмысын қадірлеуді ұмытып бара жатқандай.
Қазақ рухы – ешқашан таяз болмаған теңіз. Атабабамыз Отанды қорғауды, үлкенді сыйлауды, сөзге тоқтауды, балаға мейіріммен қарауды қасиет тұтты. Бұл қасиеттер ғасырлар бойы ұлттың өзегіне айналды. Сол өзекті сақтап тұрған – рухани байлық, адамдық тазалық, ұлттық мінез. Ал қазір қоғамда екі құндылық жарысып келеді, бір жағында – рухани тереңдік, екінші жағында – жалт-жұлт еткен материалдық әлем. Адамдар көбіне жылтыр дүниенің соңына жүгіреді. Жылтыр нәрсе жарық сияқты көрінеді, бірақ оның сәулесі уақытша ғана. Ұзақ жолға жарығы түспейді. Бала да сол жарыққа еліктейді. Өйткені оның жүрегі – таза қағаз, оған қоғам қандай өрнек салса, соны қабылдайды.
Ұрпақ ұсақталуының тағы бір себебі – жан дүниенің жұтаңдауы. Рухани нәр жетпеген жерде көңіл әлсірейді, ерік босаңсиды, мінез жұмсарады. Ал рухтың мықтылығы – ең үлкен байлық. Ұрпақтың әлсіздігі емес, рухани қоректің азаюы – басты мәселе.
Жастарды сынау, әрине ең оңай іс. Бірақ олар – қоғамның айнасы, өзіміздің қолымызбен жасап отырған орта. Тәрбие әлсіресе бала да әлсірейді. Қоғам құндылықтан алыстаса ұрпақ та алыстайды. Жаңа заманның дауылы қатты соққанда, терең тамырлы ағаш қана құламайды.
Ұрпақ – ұлттың тамыры. Тамырды кінәлау – ағаштың көлеңкесіне өкпелеумен тең. Тамырды суару керек, нәр беру керек. Топырағы құнарлы болса, ағаштың бұтағы биікке созылады, жапырағы жайқалады. Сол сияқты, рухы мықты тәрбиені бойына сіңірген ұрпақ ешқашан ұсақталмайды. Жерге жылу, тамырға нәр, жүрекке мейірім берілсе, оның жемісі де мол, көлеңкесі де кең болады.

Ақнұр САҒЫНТАЙ

20 желтоқсан 2025 ж. 50 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (10465)

20 желтоқсан 2025 ж.

№96 (10464)

16 желтоқсан 2025 ж.

№95 (10463)

13 желтоқсан 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 104
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 753

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031