» » Жеңіл ән жиілеп барады

Жеңіл ән жиілеп барады

Кешегі күннің кештерінде домбырамен шертіліп, термемен тербетіліп, жүректің тереңінен тамыр тартатын ән көп еді. Әні мен сөзі егіз, әуені мен ойы тең, тыңдаған жанның көңіл пернесін дөп басатын. Ол әндерді тыңдасаң көкірегің ашылып, көзіңе жас келетін. Өйткені ол әндерде тарих, тағдыр, арман, сағыныш, махаббат, қайрат, қайғы, ұлт пен рух қатар сөйлейтін. Ал бүгінде сол әндердің орнын не басты? Жылт еткен бейне, жылтыр сөз, мағынасыз мақам, жадыны жаулап алған «жалаң жеңілдік».

Мұны бір сәттік қызығушылық, уақытша құбылыс деп қарауға болар еді... Бірақ «жеңіл әннің» желдей есіп, жаппай жайылып, жұрттың талғамын жұқартуы – ойланарлық жайт.

Жеңіл ән неге көбейді деген сұраққа келсек. Себебі, сұраныс бар, той бар, тренд бар. Қазір көп ән тек «тренд үшін» жазылады. TikTok-та 15 секунд «жарқ» етіп, вайрал болса жеткілікті. Әннің мазмұны емес, әуеннің тез жұғуы маңызды. Бүгінде ақын да, композитор да, әнші де бәрі тез танымал болғысы келеді. Өйткені қазіргі уақыттың ең керекті нәрсе – танымалдық. Ал шынайы өнер уақыт сұрайды, тер төгуді қажет етеді.

Бүгінгі тыңдарман да тез жалыққыш. Оны мойындау да қажет. Сол себепті оларды ойлантатын ән емес, билететін әуен қызықтырады. Міне, осындай ортада терең әндер тасада қалды. Осылайша жеңіл ән жиілеп барады. 

Иә, «әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын кесері бар» деген Абай атамыздың осы бір сөздері бүгінгі қоғамның нағыз бетпердесін ашып тұрғандай, сірә. Бүкіл әлемді әуезді әуенімен жаулаған музыка адамзаттың негізгі тәрбие құралына айналды десек, еш қателеспейтініміз анық. 

Тарихқа сүйенетін болсақ, музыка терминдері алғаш Ежелгі Грекияда пайда бола бастаған. Біз оны әлемнің ұлы ойшылдары саналатын Платон мен Аристотель еңбегінен көз жеткізуімізге болады. Оның балаға, ересектердің психологиясына тигізер пайдасынан бөлек, зияны бар екенін ұмытпаған жөн. Музыка адам баласын ерекше күйге бөлейтін, бойында жаңа әсер қалдыратын, белгілі бір істі орындауға шабыт сыйлап, алға жетелейтін тылсым күшке ие.

Психологтардың пікірінше, адам санасының, ой-өрісінің жақсы қалыптасуына классикалық бағыттағы әннің берер пайдасы мол. Тіпті, Ежелгі Грекияда классикалық сарындағы музыканы емдік мақсатта пайдаланған деседі. Өзіңізге рухани демалыс сыйлағыңыз келсе, жаныңыз тыныштықты қаласа, классикалық ән сіз үшін  таптырмас құрал бола алады. Егер бала жан-жақты айналасын танып, көріп өссін десеңіз психологтар тек бір емес, бірнеше жанрдағы әндерді тыңдауға кеңес береді. Музыкалық терапия жүйке жүйесінде әртүрлі ауытқуы бар науқастарды күйзелістен арылтады. Емдеудің бұл түріне Бах, Моцарт, Бетховен музыкаларымен қатар, қазақтың күйлері де қосылған. Себебі «күй – жабыққанның жанын емдейтін құдіретке ие» дейді мамандар.

Бірақ бір нәрсені ұмытып алмайықшы. Ән – ұлттың үні, рухтың тілі, сана мен сезімнің айнасы. Егер сол айнада тек жасандылық көрінсе – бұл ұлттық эстетика мен рухани әлемнің азып бара жатқанын білдірмей ме?

Жеңіл ән қажет те шығар. Бірақ ол уақытша көңіл көтерудің құралы ретінде шектелуі керек. Жаңашылдыққа қарсы емеспіз. Бірақ жаңалық – жасандылықпен емес, жан-тәнмен жасалуы тиіс. Ал халықтың рухани азығы болуға лайық ән – мағыналы, көркем, терең болуы шарт. Себебі ертеңгі ұрпақ бүгін тыңдаған әннің бояуымен өседі.

Қазақ әнінің өзегі – ұлттық рухта, даланың тынысында, адамның жанында. Сол өзекті үзіп алмасақ екен дген ой біздікі...

Ақнұр САҒЫНТАЙ


06 қыркүйек 2025 ж. 40 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№69 (10437)

13 қыркүйек 2025 ж.

№68 (10436)

09 қыркүйек 2025 ж.

№67 (10435)

06 қыркүйек 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ

ХАБАРЛАНДЫРУ

15 қыркүйек 2025 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

02 қыркүйек 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 412
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Халықтың асыл қазынасы

Халықтың асыл қазынасы

09 қыркүйек 2025 ж.
Ұлттық код

Ұлттық код

09 қыркүйек 2025 ж.
Театрдың ғажайып әлемі

Театрдың ғажайып әлемі

07 қыркүйек 2025 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 209

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930