» » ОНЛАЙН САУДА ОҢТАЙЛЫ МА?

ОНЛАЙН САУДА ОҢТАЙЛЫ МА?

Бүгінде бәрі жұмысбасты. Салдарынан артық қозғалысқа да уақыты жоқ. Сондықтан олар қазір базар аралап жүрмейді. Киер киімі мен ішер асына дейін тапсырыспен алдырады. Тіпті баласын оқытуға, үй тапсырмасын орындатуға мұршасы болмағандықтан қосымша білім беретін орталыққа сүйрейді. Жазғыра да алмайсыз, себебі заманға сай жұмыс та күрделеніп барады. Бірақ атааналар тығырықтан шығатын жолды да табады. Жеңілдетуге тырысады. Коуч пен психологтардың «кез келген мәселені қиындатпа» дегеніне осындайда еріксіз келісесіз.
Адамның қажеттілігі өзгерген сайын жаңа мүмкіндіктер де күнделікті өмірді түрлендіруде. Соның бірі – онлайн сауда. Бұл – күйбең тіршілікте «барлығына үлгеремін» деп асыққан адам үшін ең қолайлы сауда түрі. Рас қой. Қарапайым жол ақысын төлеуден бастап, киім-кешек, азық-түлікке дейін қолымыздағы смартфон арқылы тапсырыс береміз. Сауда орталығына барудың, кезекте тұрудың қажеті жоқ. Телефонның түймесін түрте қалсаңыз болғаны керегіңізді үйіңізге дейін алдыруға болады. Онлайн сауданың нендей пайдасы бар, келтірер кедергі бар ма? Ыңғайлылықты таңдай отырып, қандай тәуекелдерге барып жатырмыз? Саралап көрсек.
40 жыл бұрын тек теледидар қалады дегендерге қазір күлгенмен, теледидар мүлдем жоқ болып кетпейтінін түсінеміз. Сол сияқты базарлар, тіпті сауда орталықтарының саудасы бітпесе де, сұйылатын секілді.
Базардағы бизнес
Онлайн сауда жасау қажеттілігі бірнеше маңызды факторлардың әсерінен туындайды. Мәселен, кезекке тұрып, уақыт жоғалтпау, іздеген затын дүкен араламай, интернет арқылы тезірек табу, сондай-ақ тауардың түр-түрі мен бағаны салыстыру қолайлылығы онлайн сауданы таңдауға түрткі болып отыр. Оған қоса, пандемия кезінде қашықтан қызмет алу қажеттілігі артып, онлайн сатып алудың маңызы одан әрі өсті. Осылайша қоғам онлайн саудаға қалай көшкенін аңғармай да қалды.
– Онлайн сауданың бір тиімділігі – баға мен уақыт жағынан өте тиімді. Жасыратыны жоқ, қазір базардың құны интернет-дүкендегіден айтарлықтай қымбат. Оған қоса үйге дейін жеткізу қызметі бар. Курьерлер алған тауарымды ыңғайлы уақытта үйге әкеліп тастайды. Ауыр заттарды тапсырыспен алған өте ыңғайлы. Сол себепті артық жұмыссыз онлайн тапсырыс берген тиімді,– дейді
Аружан есімді бойжеткен. Рас, базарға баратын адамдар сиреп барады. Себебі түрлі маркетплейстер мен қосымшалар, қала берді әлеуметтік желілер нағыз базарға айналған. Ұсақ-түйек, қажетті құралдың бәрі бар.
Онлайн саудамен айналысатындардың дені – жастар. Себебі олар заман ағымына сай тез бейімделеді. Ал базарда кәсіп қылатын сәйкесінше үлкен жастағылар. Бірақ бес саусақ бірдей емес, заманға ілесемін дейтін үлкендер де табылады. Ал сырттан тапсырыс беруге қорқа қарайтындар да бар арамызда.
Талғамға талас жоқ әр адам өзіне жайлы жағдай жасағысы келеді. Дегенмен онлайн сауданың кем тұстары бар екенін еске сала кетейік. Біріншіден, интернет-дүкендегі тауардың фотосуреті мен сипаттамасы қолыңызға тиген тауарға сәйкес келмеуі мүмкін. Екіншіден, алаяқтық және жалған сайттан сатып алу қаупі артады. Төлем жасау кезінде жеке деректердің ұрлануы немесе қаржылық ақпараттың қауіпсіздігіне қатысты мәселелер туындауы мүмкін. Сондықтан сенімді сайтты таңдау аса маңызды. Үшіншіден, жеткізу кезінде де мәселе туындауы мүмкін. Тауардың кешігуі, сынуы немесе мүлде жетпеуі сияқты жағдайлар сатып алушының жүйкесін жұқартары анық. Сондай-ақ кейбір өнімдерді қайтару немесе айырбастау жағы күрделі немесе ұзақ уақыт алуы мүмкін, бұл да тұтынушылардың көңілін қалдырады.
Танымал сауда алаңдары
Қазіргі таңда кеңінен қолданылып жүрген бірқатар танымал интернет-дүкендер бар. Олардың көшін бастап тұрған ресейлік Wildberries, қазақстандық TEEZ және Kaspi.kz қосымшасының дүкені. Аталған интернет-дүкендердің өзіне тән ерекшелігі бар. Мысалы, отандық TEEZ маркетплейсі тауарды 24 сағат ішінде жеткізіп береді. Бағасы да салыстырмалы түрде базардан әлдеқайда арзан. Ал Kaspi.kz қосымшасының қызметі банктік төлемге арналғанмен, бүгінгі күні пайдаланушы саны күн санап артып келеді. Оның бір ерекшелігі – тауарды постамат арқылы, яғни арнайы автоматтандырылған жүк салғыш жәшік арқылы алуға болады. Бұл арнайы жәшіктер қалада да, далада да орнатылған. Сондықтан тапсырыс беруші өз тауарын кез келген уақытта қолындағы смартфон арқылы ала алады. Тіпті шекті сомаға тапсырыс берсеңіз үйге дейін тегін жеткізетін қызмет түрі де қарастырылған. Маркетплейстердің ең танымалы әрі ыңғайлысы – Wildberriеs интернет-дүкені. Оның басқа қосымшалардан айырмашылығы – тауарды тегін тапсырыс беріп, жеткізу пунктіне келген соң сапасын тексеріп, кейін төлем жасауға болады. Ал тауар ұнамаған жағдайда қайтаруға құқылысыз.
Соңғы 5 жылда қарқынды дамып келе жатқан тағы бір ірі сауда алаңы – қытайлық «Pinduoduo» сайты. Бұл сайт арқылы тікелей қытай зауытынан тапсырыс беруге болады. Тапсырыс берушілердің тауарлары каргоға келіп түседі. Карго – тауарды клиентке жеткізу қызметі. Тапсырыс беруші, ең алдымен, «Pinduoduo» қосымшасына өзіне ыңғайлы каргоның ақпаратын енгізіп, тауарға тапсырыс береді. Тауар карго орналасқан мекенжайға келіп түскеннен кейін клиент тауарының бағасынан бөлек салмағына ақы төлейді. Клиенттердің сөзіне сүйенсек, «Pinduoduo» арқылы зат пен оның салмағына бөлек ақы төленсе де, қазақстандық бағадан әлдеқайда арзанырақ.
– Мен өз каргомды 2-3 жыл бұрын аштым. Қазіргі уақытта тұрақты клиенттерім бар. Шынында да, қытайлық сайттағы бағалар біздікімен салыстырғанда едәуір арзан. Сол себепті де тапсырыс берушілер көп. Клиенттердің басым бөлігі киімкешекке тапсырыс береді, – дейді Назерке Ұзақбаева.
Дүкеннің дәурені өтіп барады
Дәстүрлі сауданың бүгінгі ахуалын білмек болып базар араладық. Шынымен де, бұрынғыға қарағанда халықтың қарасы азайған. Сатушылардың сөзінше, онлайн саудаға төтеп беру қиын. Ал дәстүрлі сауданы қолдайтындардың дені – үлкен кісілер. Олар интернет-дүкендерге сенбейді. Онымен қоса, адамдардың біршамасы алатын затын көзбен көріп, қолмен ұстап, тексеріп үйренген.
Қазіргі қарқынмен шағын дүкен мен базарлар бәсекеге төтеп бере алмай қалуы мүмкін. Сондықтан сатушылар да заманауи форматқа бейімделіп, жаңа тәсілдерді меңгеруге мәжбүр. Қазір шағын дүкендер мен базар сатушылары өз бизнесін дамыту үшін әлеуметтік желілерді пайдаланып, онлайн тапсырыстар қабылдап, жаңа клиенттер тартудың түрлі әдістерін қолданып жүр. Олар нарықтағы өзгерістерге бейімделіп, өз орнын сақтап қалуға тырысуда. Осылайша дәстүрлі және заманауи сауда араласқан жаңа форматтар пайда болуда.
Бюджетке түсер пайда бар ма?
2022 жылдан Қазақстанда шетелдік интернет-компаниялар үшін қосылған құн салығы енгізілген болатын. Бұл салық «Google салығы» деп аталады. Қазіргі таңда елімізде ҚҚС төлеуші ретінде 110-нан астам халықаралық компания тіркелген. 2024 жылғы мәліметке сәйкес, елдегі ең ірі бес маркетплейс мемлекет қазынасына 185,5 млрд теңге аударған екен. Kaspi.kz – 133,7 млрд теңге, Wildberries – 37 млрд теңге, OZON– 9,8 млрд теңге, OLX – 3,6 млрд теңге, Flip.kz 831 млн теңге салық төлеген.
Бір сөзбен айтқанда, отандық интернет-компаниялар корпоративтік табыс салығы, әлеуметтік аударымдар, мүлік салығы, жер төлемдері, түрлі қорларға жарналар және мемлекет пен бюджет алдындағы басқа да тұрақты міндеттемелерді толық орындауы тиіс. Сонымен қатар мемлекет қазынасына қомақты салық түсіріп қана қоймай, жұмыс орындарын ашып, инфрақұрылымды дамытып, ел экономикасына тікелей инвестиция салады. Ал шетелдік интернет-алпауыттар өздерінің ауқымы мен табысына қарамастан, елімізде тек шартты салық төлеуші ретінде тіркеліп, ең аз көлемде ғана жауапкершілік алып отыр. Осылайша бюджетті толықтыру мен әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жүгі негізінен отандық компанияларға түсуде.
Сауда болса онлайн, өзгеріске бол дайын
Елімізде онлайн сауда қызып тұр. Сәйкесінше, базар мен дүкендерде табыс күрт азайған. Электронды сауда тіршілігімізге дендеп еніп жатыр. Онда не жоқ десеңізші – азық-түлік, киім-кешек, күнделікті тұтынатын заттар, жиһаз, техниканың да түр-түрі бар. Мейлі қала болсын, ауыл болсын тапсырыспен кез келген дүниені алдыруға болады.
Сымбат есімді кәсіпкер сауда-саттықтың қай түрін болсын бәрін сынап көргісі келеді. Өйткені қазір нарық заманында «алма піс, аузыма түс» деп жататын кез еместігін жақсы біледі.
– Бұрын тұтынушылар өзі базарға тауар іздеп келетін еді. Ал қазір барлығы әлеуметтік желі арқылы онлайн базарға көз тігеді. Бұл да тынымсыз еңбекті талап етеді. Тауарға бір рет жарнама жасап қойып қарап отыруға болмайды. Базарда 2-3 айда табатын қаражатты 1-2 сағат Инстаграм, Тик-ток қосымшалары арқылы тікелей эфирге шығып тауарымды өтікізіп жіберемін. Қазір сауда нарығында ең тиімдісі – Тикток. Себебі қазір жасы да, кәрісі де осы желіні тұрақты түрде пайдаланады, – дейді ол.
Таразының бір басында онлайн саудамен айналысатындар болса, екінші жақта тапсырыс берушілер тұр. Олар қандай пікірде? Құлақ түріп көрелік.
– Адам бүгінгі күннің тіршілігіне, сұранысына сай бейімделеді екен. Қазір үйде отырып, кез келген затты алдыруға мүмкіндік бар. Қаласаңыз, шетелден де тауар алдыруға болады. Бұрын базар жағалап Түркияның көйлектерін іздесек, қазір интернет арқылы сол елден тапсырыс беріп алдыра қоямыз. Тіпті азық-түлік пен тамаққа да тапсырыс беруге болады. Мәселен, мен аптасына бір рет дүкендерден азық-түлік алдырамын. Уақытылы жеткізеді. Төлемді онлайн аударамын. Бұрын базарға такси жалдап, қаншама затты арқалап қайтсақ, қазір онлайн саудаға үйрендім. Үйден шықпай азық-түліктен бастап, киім-кешекке дейін тапсырыс бере аламын. Кеше ғана мен өзіме телефон тапсырыс беріп, үйге дейін жеткізді. Тиімділігі сол – ешқайда шықпайсыз, үйде өз шаруаларыңызды жасап жүресіз де өзі әкеп береді, – дейді тұтынушылар.
Бүгінгі нарықта бәсекеге қабілетті болу үшін кәсіпкерлерге де өзгеріске дайын болу қажет. Цифрлық технологияларды меңгеру, әлеуметтік желілер арқылы жарнама жасау, онлайн төлем жүйелерін енгізу – бәрі де табыстың кілтіне айналды.
Онлайн сауда тек өнім сатудың құралы емес, ол – тұтынушымен байланыс орнатудың, сенім қалыптастырудың жаңа мәдениеті. Заманауи тұтынушы жылдам қызмет пен сапалы ақпарат күтеді. Демек, кім цифрлық бағытқа тез бейімделсе, сол нарықта өз орнын нығайта алады.
Түйін Сауда онлайн болса, кәсіпкер де, тұтынушы да жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Ең бастысы – өзгерістен қорықпау, жаңа технологияны өз пайдаңа жарата білу маңызды.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
10 қараша 2025 ж. 111 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№86 (10454)

11 қараша 2025 ж.

№85 (10453)

08 қараша 2025 ж.

№84 (10452)

04 қараша 2025 ж.

Хабарландыру

Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.
ХАБАРЛАНДЫРУ

ХАБАРЛАНДЫРУ

15 қыркүйек 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 853
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 572

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930