Жарты ғасыр қол ұстасып...

Отбасының бақыты – бірлігі мен татулығында. Ерлі-зайыптылардың бір-бірімен түсінушілігі мен сыйластығында. Адами құндылықтарды жоғары бағалай білуінде. Ұрпақ тәрбиесінде алдымен ата-ананың балаға үлгі-өнеге бола алуында. Иә, осындай қағиданы ұстаным еткен ауданымыздағы отбасының бірі – Серікбаевтар әулеті.
Шаттықты шаңырақтың отағасы Бахытбек Даниярұлы 1949 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген. №414-250 орыс мектебінен 8-сыныптық білім алып, Ақтөбе облысына қарасты Алға қаласындағы №149 қалалық училищесіне оқуға түседі. Арнаулы білім ордасын "Аппаратшы-химик-оператор" мамандығы бойынша бітірген жас әскер қатарында болып, Тараз химия зауытында екі жыл жұмыс істейді. Өндірісті іске қосуға, тынайтқыш шығаруға атсалысады. Жеті жыл сыртта жүрген ол әскерден соң туып-өскен жеріне оралады. Себебі, үйде жалғыз анасы ғана болатын.1973 жылдан бастап Жосалы автотранспорт кәсіпорнына "Техник-есепші" ретінде жұмысқа орналасып, әрі қарай түрлі қызметтер істейді. Атап айтқанда, ақы жөніндегі инженер, экономист, аға экономист, жоспарлау, пайдалану бөлімдерінің бастығы, техника бақылау инженері, сонымен қатар кадр бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарады. Одан бөлек, еңбекке адал басшы он жыл қатарынан бастауыш партия ұйымын басқарып, ұйымдастырушылық қабілетін таныта біледі. 2013 жылы зейнет демалысына шығып, бүгінде бейнетінің зейнетін көруде.
Бахытбек Серікбаев 1974 жылы Жұлдызай атты бойжеткенмен танысып, жүрек қалауымен отбасын құрады. Міне, екеуінің қол ұстасып бірге келе жатқанына да жарты ғасырдың жүзі болыпты. Қазіргі таңда екі ұл, бір қыз бала тәрбиелеп өсіріп, тоғыз немеренің ата-әжесі атанып отыр. Перзенттерінің барлығы да отбасын құрған, бір-бір мамандық иелері.
Ағамыздың жары, өмірлік серігі болып келе жатқан Жұлдызай Кетебайқызының есімі ауданымызға кеңінен таныс. Ол 1952 жылы Жаңақорған кентінде өмір есігін ашқан. №27 М.Фрунзе атындағы орыс мектебінің және М.Гоголь атындағы педагогикалық институттың "Физика-математика" факультетінің түлегі. Отанасы да бірқатар еңбек жолынан өткен. Облыстық статистикалық басқармасында жергілікті мәдениет және денсаулық сақтау бөлімінде "Экономист" қызметін атқарса, 1974 жылы Жосалы кентіндегі №414 ( қазіргі №250) мектепке бастауыш сыныптың мұғалімі қызметіне қабылданып, келер жылы "Математика" пәні мұғалімдігіне ауысқан. Сондай-ақ осы мектепте мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Басшыға тән парасаттылық, ұстаздық білім-білік, аналық мейірім, құрбылық қарым-қатынасты қатар ұштастыра білетін Ж.Кетебайқызы 1991 жылдан бастап аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы болып сайланады. Оған қоса, 1992-2002 жылдар аралығында аудандық Әйелдер кеңесінің төрайымы жұмысын қоғамдық негізде қатар алып жүрді. Кеңесті басқарған кезде де өзін ана мен бала жанашыры ретінде қоғамда қордаланып қалған мәселелердің күрмеуін тарқатып, шешімін табуына өзіндік үлесін қосады. Ол 47 жыл еңбек етсе, оның ішінде 28 жылын аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрайымдығына арнап, көптің құрметіне бөленіп жұмыс істеді.
Жұлдызай апайды аудан ұстаздарының ұстазы, қамқоршысы, біріне ана, біріне пана болған, өмір тәжірибесі мол деуге әбден тұрарлық.
Ол ұзақ жолғы еңбегінде мектептердегі моральдық-психологиялық ахуалдың қалыптасуына ықпал етсе, білім бөліміне әділдік іздеп келген қызметкерлердің жан айқайын тыңдап, мәселенің әділ шешілуіне мүдделік етті. Қызметкерлерді әлеуметтік жағынан қорғау, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруды облыстық кәсіподақ комитетінің бастамасымен бір жүйеге қойды. Ұстаз қауымының жан-жақтылығын танытқан келелі іс-шара жыл сайын көктемде өтетін "Наурыз шапағаты" өнер фестивалі. Бұл тек қана концерт емес, мұғалімнің шығармашылығын дамытқан, өнерін киелі сахнаға алып шыққан фестиваль. Фестиваль өнер сайысы ғана емес, талай ансамбльдің тұсауын кескен, өнерін бағалаған, педагогтің жаңа қырын ашқан мәні зор фестиваль болды. Өзіндік тарихы бар фестивальге үздіксіз қатысқан аудандағы "Әжелер ансамблі" жас ұрпаққа үлгі. Вокалдық топ, орыс ансамблі, бишілер тобы, әншілер, термешілер, әуез мектебінің оркестрі фестивальде өнер көрсетуде. "Көңілді тапқыштар клубы", спартакиада жарыстары жақсы деңгейде ұйымдастырылды. Ардагер ұстаздарға құрмет, әлеуметтік қолдау көрсету жұмыстары жолға қойылды.
Осы жылдар аралығында білім нәрімен сусындатқан шәкірттері қазіргі таңда Қазақстанның түкпір-түкпірінде әртүрлі салада қызмет атқаруда. Өмір жолын ізгі істерге арнаған ұлағат иесі бүгінде ардақты ана, асыл әже. Жеке басынан халық мүддесін, отбасынан өзі білім берген шәкірттерінің мүддесін жоғары қоя білген ұстаз ғана ұлы істердің ұйытқысы бола алма
Жұлдызай Кетебайқызының білім саласындағы еңбегі бірқатар марапатқа лайық деп табылған. Ол ҚР "Білім беру ісінің үздігі", ҚР "Тәуелсіздігіне – 10 жыл", "Наурыз шапағаты" өнер фестивалінің, "Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін" төсбелгілері, ҚР Президентінің Алғыс хаты, ҚР "Кәсіподақтары Федерациясының кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін" Құрмет белгісі, 2013 жылы облыстық кәсіподақ бірлестігінің "Іскер көшбасшысы" номинациясының иегері. 2018 жылы ҚР "Еңбек ардагері" медалі табыс етілсе, ҚР Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының, облыс, аудан әкімдерінің Құрмет грамоталары табысталған.
– Отбасын құрағанымызға елу жылдан асыпты. 1974 жылы үйлендік. Екеуміз де қызмет жасадық. Үш балалы болдық. Қызметімізді жасап жүріп, балаларды өсірдік, тәрбиеледік. Ата-ананың айтуымен, ақылдарымен осындай деңгейге жеттік. Ол кездегі тәрбие бөлек. Үлкенге қарсы сөйлеме дейтін. Бәріміз бірге тұрдық. Осындай жетістікке жетіп жатсақ, сол үлкен кісілердің арқасы. Балалардың барлығы да жоғары білімді, отбасылы. Олардың өз балалары оқу бітіріп, қызмет істеп жатыр. Солардың қызығын бұйыртып, біз көріп отырмыз. Біз – бақыттымыз. Бұған жеткен де, жетпеген де бар. Сондықтан еліміз бойынша мерекеленетін "Отбасы күні" барлық жастарға, отбасын құрып жатқан жастарға тілегіміз – жамандық болмасын, біздің жолымызды берсін. Ауызбірлікте болып ұрпақтарын тәрбиелесін. Себебі ертеңгі күні сол ұрпақтың қызығын өздері көреді. Ең бірінші отбасында ауызбіршілік болуы керек. Ауызбіршілік болса, барлығы болады. Отбасы болғасын ара-кідік ыдыс-аяқ сылдырайтын кез болады. Сондайда кешірімшіл болу керек. Соның ішінде әйел адам шыдамды болу керек. Ер мен әйел бірге болғанда ғана барлық қиындықты еңсеріп шығады, – дейді жарты ғасыр қол ұстасып бірге келе жатқан ерлі-зайыптылар.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ