» » Жаңа салық кодексі: қандай салықтар қысқарады?

Жаңа салық кодексі: қандай салықтар қысқарады?




2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізіледі. Ол салық салу тәсілін түбегейлі өзгертеді, салықтық әкімшілендіруді жеңілдетеді және бизнес пен жеке тұлғаларға арналған цифрлық сервистерді енгізеді. Осыған орай аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының жаңа салық кодексін түсіндіру туралы семинар өтті. Жиынға Қызылорда облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшының орынбасары Асқар Сейткәрімұлы, аудан әкімі аппаратының басшысы Диас Молдабаев, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Данияр Қосбергенов, ауылдық округ әкімдері, жеке кәсіпкерлер мен бірқатар сала мамандары қатысты.
Жаңа салық кодексін жеке кәсіпкерлер мен тұрғындарға жете түсіндіру мақсатында Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы департаментінің өкілдерінен арнайы жұмысшы топ құрылып, аудандарда түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
2025 жылғы 18 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексін және оған ілеспе «Салық салу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды бекітті. Бұл – салық әкімшілендіру, жеңілдіктер мен мөлшерлемелерді қоса алғанда, барлық негізгі бағыттарды қамтитын ауқымды салық реформасы.
Негізінен салық кодексіндегі өзгерістер ел экономикасы мен бизнестегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.Тағы бір айта кетерлігі, 2026 жылдан бастап салық есептілігінің көлемі 30 пайызға, салықтардың саны 20 пайызға азаяды. Елеулі өзгерістер жеке табыс салықтарынан бастап барлық бағытты қамтиды, яғни жеке табыс салығының сараланған мөлшерлемесі белгіленеді. Салықта жеңілдік көбейеді. Жоспарлы тексеріс деген болмайды. Қосылған құн салығының мөлшері де өзгереді. Кездесуде мамандар жер, мүлік салығына қатысты өзгерістерге тоқталып, кеңінен түсіндірді.
Сонымен қатар салықтық рәсімдерді цифрландыру, талдау, есептеу жүйесін оңтайландыру секілді мәселелер талқыланды. Кәсіп иелерін толғандырған сауалдарға мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері жауап берді. Соңғы жылдары елімізде «көлеңкелі экономика» тамырлап, кәсібінен түскен табысты салыққа төлеуден жалтарғандар көбейген. Ал «жаңа салық кодексінде осындай олқылыққа жол бермес үшін барлық мәселелер ескерілген» дейді мамандар.
Негізгі өзгерістер
Жаңа салық кодексіне сай корпоративтік табыс салығы 20% деңгейінде сақталады, бірақ дифференцияланған тәртіппен қолданылады: банктер мен ойын бизнесі үшін 25%, әлеуметтік сала ұйымдары үшін – 2026 жылы 5%, 2027 жылы 10%, ауылшаруашылығы өндірушілері үшін – 3% (жеңілдік мөлшерлеме сақталады).
Қосылған құн салығы 16%-ға дейін көтеріледі. Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге төмендетілген мөлшерлеме белгіленеді: 2026 жылы – 5%, 2027 жылы – 10%. Ал тегін медицина, әлеуметтік сақтандыру, кітап басып шығару және археологиялық жұмыстар ҚҚС-тан босатылады.
Жеке табыс салығы прогрессивті жүйеге көшеді. 8 500 АЕК-тен (жылына шамамен 34 млн теңге) асатын табысқа 15% мөлшерлеме қолданылады. Сондай-ақ дивидендтерге де прогрессивті салық шкаласы енгізіледі. Бұл ретте зейнетақы төлемдеріне берілетін салықтық жеңілдіктер сақталады.
Қосымша акциз салығы (10%) енгізіледі, қымбат өнімдерге қатысты: бағасы 75 млн теңгеден асатын жеңіл автокөліктерге, 100 млн теңгеден жоғары тұратын кемелерге, литрі 500 мың теңгеден қымбат алкогольге, бір данасы 10 мың теңгеден асатын темекілерге.
Егер жылжымайтын мүліктің жалпы құны 450 млн теңгеден асса, мүлік салығы өседі.
Арнаулы салық режимдері оңтайландырылып, енді үшеуі ғана қалады: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін (мобильді қосымша арқылы төлеу мүмкіндігімен), жеңілдетілген декларация негізінде, шаруа қожалықтары үшін.
Цифрландыру және әкімшілендіруді жеңілдету аясында: салық есептілігінің нысандары 30%-ға қысқарады, декларацияларды алдын ала толтыру жүйесі енгізіледі, ҚҚС-ты қайтару тәртібі жеңілдетіледі, салық органдары қызмет көрсету моделіне көшеді.
Сондай-ақ салықтық берешекті өндіріп алу ережелері өзгереді:
Қолданылатын шаралар берешек сомасына қарай кезең-кезеңімен жүргізіледі. Бизнес үшін мүлік кепілі мен банк кепілдігінсіз төлемді кейінге қалдыру және бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылған.
Не жеңілдетілді?
Салық есептілігінің көлемі 30 пайызға қысқартылды. Ал салық түрлері 20 пайызға азайтылды. Салықтық жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылды. Сонымен қатар салық әкімшілендірудің жаңа тәсілдері енгізілді. Берешекті өндіріп алу және төлем мерзімін кейінге шегеру тәртібі қайта қаралды.
Енді салық жүйесі бизнеске де, жеке тұлғаларға да анағұрлым түсінікті және ашық болады.
Кәсіпкерлер көкейіндегі сұрақтарды қойды
Семинар барысында Қызылорда облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшының орынбасары Асқар Сейткәрімұлы жеке кәсіпкерлер мен салық төлеушілерге жиынныңашық форматта өтуіне ұсыныс білдірген болатын. Осылайша қатысушыларға өз сұрақтарын тікелей қоюға мүмкіндік берді. Аудан кәсіпкерлері көбінесе келесі мәселелерге қызығушылық танытты:
Патент негізінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлерге салық жүктемесінің өзгеруі, 270 декларация аясындағы сұрақтар, әлеуметтік салық пен міндетті төлемдердің мөлшерінің өзгерісі, салықтық тексерулердің жаңа тәртібі мен жиілігі, Қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша шектер мен тіркеу тәртібі бойынша тиісті сала мамандарына сауалдарын жолдадаы.
Мемлекеттік кірістер басқармасының өкілдері әрбір сұраққа жеке тоқталып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олар сондай-ақ кәсіпкерлерді салық мәдениетін арттыруға және заңнаманы сақтауға шақырды.
Түйін
Жаңа Салық кодексі – кәсіпкерлік орта үшін маңызды құжат. Мұндай түсіндіру семинарлары бизнес өкілдері мен салық органдары арасындағы өзара сенімді арттырып, көлеңкелі экономиканың алдын алуға септігін тигізеді. Ауданда өткен жиын осы бағытта жасалған нақты қадам болды.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
14 қыркүйек 2025 ж. 44 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№69 (10437)

13 қыркүйек 2025 ж.

№68 (10436)

09 қыркүйек 2025 ж.

№67 (10435)

06 қыркүйек 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

02 қыркүйек 2025 ж.
Баршаның назарына!

Баршаның назарына!

21 шілде 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 401
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Халықтың асыл қазынасы

Халықтың асыл қазынасы

09 қыркүйек 2025 ж.
Ұлттық код

Ұлттық код

09 қыркүйек 2025 ж.
Театрдың ғажайып әлемі

Театрдың ғажайып әлемі

07 қыркүйек 2025 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 202

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930