Тұрмағамбетте наубайхана ашылды

Кәсіпкерлік саласы соңғы уақытта ауылдық жерде де дамып, оңды көрініс беруде. Оған қоса, бұл салаға мемлекет тарапынан көптеген қолдау мен көмек беріліп, алға жылжуына септігін тигізуде. Оның ішінде ауданға қарасты елді мекендер саланың ілгерілеуіне өз үлестерін қосып, кәсіптен нәсіп табуды жолға қойып келеді.
Сөзіміздің дәлелі – жақында Дауылкөл ауылдық округінде жаңа кәсіпкерлік нысанның тұсауы кесіліп, халыққа қызмет көрсете бастады. Кәсіппен айналысу – бұл біреуге тәуелді болмай өз жеке ісіңізді дөңгелету, алдыға мақсат қойып шаруаңызды ширату. Аяққа тұрған соң, айналаңызға, ауыл-аймағыңызға қолдау білдіріп, жомарттық таныту. Кәсіпкерлік бір сөзбен айтқанда, кішкентай қайықтың үлкен кемеге айналуы. Осылай дейді бүгінде кәсіпкерліктің жілігін шағып, майын ішкендер. Осы қағиданы ұстаным еткен Перизат Ғалымбекова Қуаңдария ауылының тумасы.
Кәсіптің тізгінін ұстаған бұрымды 23 жасында Тұрмағамбет ауылына келін болып түскен. Өзінің айтуынша, жас келінге үй жағдайында тәттілер пісіру өте қызықты болған көрінеді.
– Үлкеннен бата алу, бәліш, самса, жұмсақ нандар ұсынып қонақ күту мен үшін игі іс. Қаражат қашан да артық болмайды. Үйден шағын пеш арқылы нан өнімдерін пісіріп, тапсырыс қабылдай бастадым. "Еңбекпен тапқан нан тәтті" демекші, тапқан әрбір теңгем ыстық болды. Сол кезден бастап алдыма мақсат қойдым. Көкейімде жеке наубайханам, көпфункционалды пешім болса, келін болып түскен ауылымды нан өнімдерімен қамтамасыз етер едім деген арманым тұрды. Бұған дейін "Сәлима ана" балабақшасында балаларға тәтті тағамдар пісіріп, аспазшылық еттім. Осы жылдың мамырында көптен көкейімде жүрген арман-мақсатыма жол ашылғандай болды, – дейді П.Ғалымбекқызы жүзіне күлкі үйіріп.
Расымен де оның алдынан жол ашылған еді. Түпкі мақсатына жетуіне еліміздегі кәсіпкерлік саласын қолдауға арналған "Ұлттық жоба" шеңберіндегі қайтарымсыз грант бизнес жобасы септігін тигізген-ді.
Перизат жобаға көпбалалы ана ретінде қатысып, комиссия алдында бизнес жоспарын сәтті қорғап шыққан. Ауыл келіншегі бүгінде кәсіпкер атанып, ауылдастарының қатысуымен "Нұрхан" нан өнімдерін өндіру цехының ашылу салтанатын жасады.
– Үйдің кенжесі болдым. Ата-анам бетімнен қақпай, әлпештеп өсірді. Мектеп бітірдім, студент атандым. Өз деңгейімде өмірдің белестерінен өттім. Кәсіпкер болсам деген де ниетім қабыл болып жатыр. Грант жеңіп алғаныма өте қуаныштымын. Енді өзімнің жеке кәсібім бар. Құжат тапсырмас бұрын кәсібімнің өміршеңдігіне зерделеу жұмыстарын жүргіздім. Ауылда нан өнімдеріне сұраныс жоғары. Бұған дейін де тұрақты тұтынушыларым қалыптасқан. Тапсырыстан мәселе болмайды. Әрбір пісірген өнімімді бар ықыласыммен жасап, ауыл тұрғындары мен көрші ауылға ұсынып отырмын. Келешекте де бір емес, бірнеше ауылды нан өнімдерімен қамтамасыз етуді мақсат етудемін. Ұтып алған грант қаражатына нан пісіру, кіші және қысқа толқынды пеш, электрлік таразы, тоңазытқыш, сонымен қатар 20 нан пісіруге арналған қалып, миксер, ашытқыға арналған ыдыстар мен өндіріске қажетті басқа да құралдар сатып алдым. Қазіргі кезде цехта нан өнімінің 10-нан аса түрі дайындалып, тұрғылықты халықтың қажетіне жарауда. Сөредегі самса, таба нан, пицца, басқа да тәттілеріміз жылдам өтіп кетуде.
Осы жобаға қатысуға қолдау білдірген аудан әкімі Жандос Еркінбекке, бағыт-бағдар берген Дауылкөл ауылдық округінің әдіскері Аслан Бермановқа, басқа да азаматтарға шынайы алғысымды жеткізгім келеді, – дейді П.Ғалымбекова жаңа бастаған кәсібінің болашағына сеніммен қарап.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА