Кәсіпкерлік жайы түсіндірілді
Өңірде жұмыс орындарын ашу, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту аудан экономикасы мен әлеуетінің алға жылжуына септігін тигізетін басты фактордың бірінен саналады. Әлеуметтің әлеуетін жандандырып, жұмыссыздықты азайтуға алаңдаған Үкімет маңызды жобаларды назарға алып отыр. Осындай мемлекет қолдауының арқасында кәсіпкерлік кең өркен жайып, қарыштап дамып келеді.
Осы орайда аудан әкімінің тапсырмасымен кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік бағдарламалар және қаржы ұйымдарының талаптары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында арнайы жұмысшы топ құрылып, тұрғындармен кездесу өткізілді. Жұмысшы топ құрамында аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі, ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі, кәсіпкерлер палатасы, жастар ресурстық орталығының мамандары болды.
Олар ауданға қарасты барлық ауылдық округ пен кенттерде кәсіп ашуға ниетті тұрғындармен кездесіп, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат берді. Сондай-ақ белгіленген грант қаражатына жүзеге асыруға болатын өндіріс және қызмет көрсету бағытындағы жобаларды таныстырып, ауыл тұрғындарын мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға шақырды.
Негізінде мемлекеттік қолдау бағдарламалары кешенді іс-шараларды қамтиды. Қолдаудың өзі бірнеше түрге бөлінеді. Атап айтсақ, ақпараттық-консультациялық, кәсіпкерлік негіздерін оқыту курстары, төмен пайыздық мөлшерлемемен несие, грант беру деген секілді. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге кәсібін әрі қарай өрбітуге арналған несиелеу бағдарламалары да қарастырылған.
Жиын барысында тұрғындардың кәсіпкерлікті дамытуға қатысты сұрақтарына жауап берілді, мәселелер талқыланды. Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтың басым көпшілігі мал шаруашылығына байланысты болса, біршамасы жеңілдетілген несиенің жай-жапсарын білгісі келген.
– Алдымен кәсіпкерлік саласындағы ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жүргізуді мақсат еттік. Біздің міндетіміз – халыққа жалпақ тілде түсініктеме беріп, мемлекеттік қолдау бағдарламаларының талап-шарттарымен таныстыру, олардың тиімділігін айтып жеткізу. Әрі қарай оны қалай жүзеге асыруға болады деген сұрақ-сауалдармен кәсіби тұрғыда айналысамыз. Қандай керекті құжаттар жинау керек, оған кімдер үміткер бола алады деген мәселелер бойынша жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз, – дейді жұмысшы топ өкілдері.
Иә, қазір ерінбей еңбектеніп, тынымсыз тірлік еткен адам мемлекеттің қамқорлығынан тыс қалмайды. Қолынан іс келетін кез келген азамат мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін көре алады. Тек елге еңбек етіп, халыққа пайдамды тигіземін деген ниетіңіз болса болғаны.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ