Облыс әкімі білім күнімен құттықтады

Құрметті жерлестер!
Сіздерді 1 қыркүйек - Білім күнімен құттықтаймын!
Бүгін облыс мектептері жазғы демалыстан оралған барша оқушыларын қарсы алуда. Білім ордасының табалдырығын алғаш аттаған 1- сынып шәкірттері, олардың ата-аналары үшін де жауапты сәт.
Жаңа оқу жылы – жас ұрпақтың білімге, ғылымға деген құлшынысын арттыратын, ал ұстаздар қауымы үшін жаңа жетістіктерге бастайтын маңызды кезең.
Ел ертеңі – жас ұрпақтың қолында. Бүгінгі оқушы – ертеңгі ел тұтқасы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді», деген болатын.
Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен өңіріміздің білім саласында жаңашыл бастамалар мен жарқын жетістіктер мол.
Аймағымызда білім беру саласына соңғы үш жылда
812 млрд. 245 млн. теңге бөлінді. Биылғы жылы 346 млрд. 800 млн. теңге қаралды.
Сәулеті мен келбеті келіскен жаңа мектептер бой көтерді.
Қаржыландырудың барлық көзінен өткен жылы 13 білім беру ұйымы жаңадан ашылды.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 6 900 орындық 10 мектептің құрылысы жүргізіліп, бүгінде 9 мектеп ел игілігіне табысталды. Қалған бір мектеп Мұғалімдер күнінде іске қосылады.
Білім күні қарсаңында Арал ауданының Сексеуіл кентінде 300 орындық, Қызылорда қаласының Арай мөлтек ауданында 1500 орындық, Қызылжарма ауылында 600 орындық «Келешек мектебі» ресми түрде ашылды.
Арал ауданы Тоқабай ауылындағы 100 орындық мектеп, Шиелі ауданындағы 200 орындық "Оқушылар үйі" мен 50 орындық "Өнер мектебі" пайдалануға берілді.
2023 жылдан бері облыстық бюджет есебінен 9 мектепке 2 900 орындық қосымша ғимарат салынып, үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты.
«Білімді қолдау қоры» арқылы 400 орындық дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты ел игілігіне табысталды.
Аталған қор есебінен Арал ауданы Мергенсай елді мекенінен 150 орындық заманауи мектеп салынуда. Нысан қараша айында пайдалануға беріледі.
Президентіміздің тапсырмасына сәйкес алдағы үш жылда аймағымыздағы 51 мектеп күрделі жөндеуден өтеді.
Биыл облыстық бюджеттен 9 мектеп қайта жаңғыртылды.
Соңғы үш жылда 15 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде апатты жағдайдағы 7 мектептің мәселесі толық шешімін тапты.
Қайтарылған активтер есебінен 5 мектептің құрылысы қаржыландырылмақ.
Облыстық бюджет қаржысына балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы салынып, мамыр айында пайдалануға берілді.
Өткен жылы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында 350 орындық заманауи үлгідегі "Оқушылар сарайы" ашылды.
Қайта жаңғыртудан өтіп жатқан Президент саябағында жылдың төрт мезгілінде үздіксіз жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері, Ботаникалық білім беру орталығы (қысқы бақ) салынуда.
Бұл байыпты бастамалар мен ауқымды жобалар еліміздің ертеңі - жас ұрпақтың білімді, саналы болып өсіп-жетілуіне салынған инвестиция деп білеміз және оның қайтарымы болатынына сенеміз.
Құрметті ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар!
Білім күні - үміт пен арманға толы ерекше мереке.
Оқушыларымыздың білімге деген құштарлығы артып, асыл армандары орындала бергей!.
Пайымы терең, ойы озық ұрпақ оқыту ісіне өлшеусіз үлес қосып жүрген барша ұстаздар қауымына жетістікке толы табысты жыл болғай!
Білім күні құтты болсын!
Құрметпен, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев