» » АНА СҮТІ – ТІРШІЛІКТІҢ ТҰМАРЫ

АНА СҮТІ – ТІРШІЛІКТІҢ ТҰМАРЫ

Сәбидің тіршіліктегі ең алғаш татар нәрі – анасының сүті. Ал ана сүтін ембеген бала көп жағдайда, аурушаң болып өседі. Сәби мұрнында сүт иісін тез сезетін қасиеті дамыған. Соның арқасында жас нәресте ерніне тиген нәрсеге дереу ауыз салып, еме бастайды. Тіпті, туғанына жарты сағат өтпей жатып оның еміп кетуі таңғаларлық.
Ему кезінде баланың бүкіл ағзалары жұмыс істейді. Бастағы қан айналымы жақсарып, жақ сүйектері мен ауыз, ерін бұлшық еттері тез жетіледі. Оған ең алдымен уыз берілуі де ғажап. Өйткені уыз құрамы сәбидің әл жинауына, тез ширауына қажетті дәрумендерге өте бай.
Бір қызығы, бала өскен сайын ана сүті құрамындағы қоректік заттар да қоса өзгеріп отырады. Қазақтың әлсіз, әлжуаз балаларды көргенде «уызға жарымаған» деп жатуының мәні осы.
Ешқашан бірдей екі ана сүтін кездестіру мүмкін емес. Өйткені олардың құрамы, майлылығы баласының қажеттілігіне қарай әр әйелде өзгеріп отырады.
Ана мен бала арасындағы алғашқы байланыс та осы сүт арқылы беріледі. Ана сәбиін емізген сәтте екеуінің жүрек лүпілі үндесіп, жан дүниесі астасып жатады. Бұл – сөзсіз махаббаттың, шексіз қамқорлықтың көрінісі.
Ана сүтінің орнын ешқандай қоспа баса алмайды. Оның иісі де, дәмі де, қуаты да – ерекше. Ол – әр балаға Жаратқанның берген алғашқы несібесі.
Ана сүті мынадай тиімділігімен ерекшеленеді: ол қашанда қасыңызда, ылғи да тұтынуға дайын, арнайы әзірлеуді қажет етпейді; бірнеше күн анасы емізбесе де көкіректе не ашып, не бұзылып кетпейді, оны еш жерден сатып алмайсыз, ол тек сіздің балаңызға ғана арналған.
Мамандардың айтуынша, сүт қоспаларында кездеспейтін 400 түрлі қоректік зат ана сүтінде ғана кездеседі. Мысалы, сиыр сүтіне қарағанда емшек сүтінде балаға ең керекті А, Е, Д дәрумендері көп.
Ана сүтінің құрамына белок, май, түрлі витаминдер, гормондар, темір, көмірсутектер, үнемі жеткілікті су, минералды тұздар, кальций, фосфат, өмірге керекті микроэлементтер (селен, мыс, мырыш, молибден, магний, марганец) бар.
Бүгінгі жас аналарға айтарымыз – сәбиіңізге берер ең үлкен сыйлығыңыз да, ең қымбат дәруіңіз де – өзіңіздің сүтіңіз. Сондықтан осы табиғи байлықты бағалай білейік, пайдалана білейік. Ана сүті – болашақтың алтын діңгегі.
Әмина КЕТЕБАЕВА
15 тамыз 2025 ж. 58 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№60 (10428)

12 тамыз 2025 ж.

№59 (10427)

09 тамыз 2025 ж.

№58 (10426)

05 тамыз 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 218
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031