» » ҚҰРҒАҚ МОТИВАЦИЯ – ҚАҒЫЛҒАН ҚАЛТА

ҚҰРҒАҚ МОТИВАЦИЯ – ҚАҒЫЛҒАН ҚАЛТА

Қазір барлығы цифрлы техниканың құлағында ойнайды. Әлемдік ақпарат алақандарында. Тіпті кішкентай балалардың өзі жоқ дегенде телефонды түртіп ашып, YouTube-ты емін-еркін қолданады. Аратұра шығатын жарнаманы жабуды да біледі. Бір қарағанда сол телефондағы табыс табу, тегін үйрету, бай болуға шақыру ұраны жастардың санасын улап бара жатқандай көрінеді...
Бүгінде бәрі өзінше ақылды. Бұрынғыша үлкеннің сөзіне құлақ асып, «тәйт» дегеннен теріс айналып, қаймығатын жас жоқ. Себебі, өмірдің ащысын да, тұщысын да көріп, тәжірибе жинаған, ақ пен қараны ажырата алатын ақылын бұлдамай-ақ, тегіннен-тегін қолмен қойғандай айтып беретін үлкендерден гөрі, әлеуметтік желідегі ақылгөйлердің ақылын «ақылы» түрде тыңдағанды жөн көреді. Не керек талай жас осылай қолда бар қаржысын текке шашып жүргенін білмесе керек-ті.
Соңғы жылдары ел ішінде «бай болудың құпиясын үйретемін» дейтін коучтардың көбейіп кеткені жасырын емес. Әлеуметтік желіде жарқырап сөйлеп, миллионер болудың жолын үйретемін деп ағынан жарылатын бұл тұлғалар шынымен пайда әкеле ме, әлде ел ішіндегі аңқау халықты алдап, ақша табудың жаңа тәсілін меңгеріп алған ба? «Бай болуды үйретемін» дейтін коуч кімге керек? Коучтар адамды шабыттандырады, бағыт береді, көзқарасын өзгертеді дейді жақтастары. Көп жағдайда олардың айтатын сөздері «Бай болу үшін байлардың ортасына бар», «Ақшаны жақсы көр, онымен қарым- қатынасыңды түзе», «Таңертең ерте тұр» деген сынды. Бұлар көп естілген, бірақ тереңдігі шамалы кеңеспен жұртты баурап алмақ. Тіпті кейбірі: «Ақша өзіңе деген қарым-қатынасыңа байланысты келеді» деген секілді наным-сенімнің арасындағы тұманды пікірлерді алға тартып, елді елеске ертіп жүргендей көрінеді.
Бұрын бұл туралы ашық айта бермейтін бе еді, әлде баюдың біз білмейтін құпиясы болды ма қазір бәрі жапа-тармағай баюдың жолын үйрететін болды. Екінің бірі – бай, табысты. Бірақ бұл тек желіде ғана жарқырайды. Шынтуайтына келгенде, барлығы дерлік қалталы емес қой. Қолына миллион ұстап көрмегендер миллиардер болуды үйретеді-мыс. Өзінде жоқты өзгеге қалай үйретпек? Ілуде біреу болмаса мұны зерттеп, байыбына барып жатқан ешкім жоқ. Тек әлеуметтік желіде әдемі болып, шет елге саяхаттап жүрген фотоларды көріп есі кетеді. Үйде отырған, жұмысы жоқ жандар «мен де осылай күректеп ақша тауып, қалағанымды алсам» деп әлгіндей өмірге қызығады, үйренгісі келеді. Бәлки бар жиған-тергенін, тапқанын өзін емес, біреуді байытуға арнап жатқан жоқ па? Мұндайда бірі – тегін болатын сабағына шақырады, енді бірі – табысты болуды үйретемін деген желеумен қалтасын қағып ақша алуды ойлайды (білім де, ақша да жоқ) кейбірі – ақылын сатады. Сатқанда да жай сатпайды, құнынан құндылығы жоғары деп бағаны аспандатып қояды. Дей тұра бүгінде соңғы қатардағылар саңырауқұлақша көбейіп кетті ғой.
Коучтардың көбінің нақты кәсібі, белгілі бір салада жеткен жетістігі жоқ. Бірақ өздерін табысқа жеткен тұлға ретінде көрсетіп, әлденеше курс өткізіп, «мастер- класс» арқылы ақша табуға бейім. Ал сол курстарға қатысып, соңында түк пайда көрмеген қарапайым адамдардың өкініші айтылмай қалады.
Мәселе – бай болуды үйретуде емес. Мәселе – еңбексіз, терлемей табысқа жетуге сеніп қалатын қоғамда болып тұр. Әсілі нағыз байлық – білімде, білікте, тәжірибеде. Кәсіп бастау үшін коучтың құрғақ сөзі емес, нақты жоспар, салалық сараптама, нарыққа бейімделген әрекет керек. Шынайы баю күнделікті еңбек пен ұдайы үйренудің нәтижесінде болмақ.
Желінің қай-қайсысын ашсаңыз да, ақыл айтатын коуч пен курс сататын блогерлер желдей еседі. Қалағаныңыз бен қолдағы қаражатыңызға қарай шертіп жүріп таңдайсыз. Бәрінің айтатыны сол бір дүние – «бедный мышлениеден» баз кештіріп, бай болуға үндейді. Қош. «Мен осылай байыдым. Табысты болуды үйретемін. Бүгін болатын тегін мастер класқа қатыс. Қапы қалма». Міне, дәл осылай өзінің ақылын саудаға салады. Арзанынан бастап сатылап өсе береді. Өзгелер осының қалтаға қонымды 2-3 түрінен өтіп алып, өзі де осыны өзгеге үйрете бастайды. Құдды «дүмше молда» секілді санасына сіңірмей жатып, шала- пұла алған білімін сатуға шығарады. Сананы тұрмыс билеп тұр дейміз. Бірақ мұндай дүниемен қалта томпайтқанымен, бұл уақытша екенін ескермейтін секілдіміз. Себебі астарында адамды алдау жатыр. Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам дегендей, шындық шырпыға ілінсе бітті емес пе?!
Қалай құйқылжытсақ та сананы қу дүние, жақсы тұрмыс, қымбат көлік, зәулім үй, шетелге саяхат, үлде мен бүлдеге оранған өмір, бос мақтан меңдеп алғандай. Қай салада болсын бәрін сатуға қойып жатыр. Желіде бәрі тым жақсы ақыл айта бастайды да, соңын сатуға әкеліп тірейді. Тіпті кітап шығаратындар көбейді. Азды-кемді жүріп өткен өмір жолы мен қиындығын, одан қалай шыққанын жазып көпшілікке ұсынады. Біз қазақ жазушыларының тамаша туындысын, ой-азығын емес, қай-қайдағы біреудің өмір жолын оқуға құмартып барамыз. Міне, сананы тұрмыс билеп алды дегеніміз – осы. Билемек түгілі сананың төбесіне шай қайнатып, әңгіртаяқ ойнатып жатырмыз. Шымбайға батқанда да шырқырататын шындықтан қашып әлекпіз.
Әлбетте қоғамға кеңесші керек. Бірақ кеңестің де сапасы, шындығы, шынайылығы болуға тиіс. Ел ертеңін ойлайтын, шынайы жол нұсқайтын маман мен ақшаға бола елді алдайтын жалған коучтың аражігін ажырата білу – бүгінгі күннің талабы.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
01 тамыз 2025 ж. 90 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№57 (10425)

02 тамыз 2025 ж.

№56 (10424)

29 шілде 2025 ж.

№55 (10423)

26 шілде 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 163
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031