МАЙДАНГЕРГЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері Жалғасбек Үсенов бастаған медицина мамандары қарт майдангердің үйіне арнайы барып, денсаулық жағдайын тексерді. Сала мамандарының қатарында дәрігер Айжан Ибраева, емхананың «Жалпы тәжірибелік» бөлімінің аға мейірбикесі Гүлзада Мырзабекова, ем-шара кабинетінің мейірбикесі Ақмоншақ Садақбаева бар. Сонымен қатар ізгілігі мол іске аудандық қоғамдық даму бөлімінің бас маманы Сәуле Сыздықова мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері куә болды.
Ең алдымен, дәрігер Айжан Ибраева майдангердің қан қысымын өлшеп, денсаулық жағдайын жіті тексерді. Ал мейірбикелер қазыналы қарттан қан алып, саламатты өмір салтын ұстануға қатысты кеңес берді.
– Майдан даласында зұлмат соғыстың бел ортасынан табылып, жаудың бетін қайтара білдік. Соғыс жылдары небір тауқыметті күндерді бастан өткеріп, елді, жерді қорғауға күш салдық. Кеудемізді оққа тосқанда тек жауға қарсы тұруды ойладық. Сырдария аудандық ауруханасының ұжымына дән ризамын. Бүгін шаңырағыма келіп, денсаулығымды тексеріп, жағдайымды жан-жақты бағдарлауда. Ақ халатты абзал жандарға ақ батамды беремін, – деді майдангер.
Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров 1922 жылы Тереңөзек ауданының бұрынғы Ақтүйе (қазіргі Қараөзек) елді мекенінде дүниеге келген. Майданнан 1945 жылы аман-сау елге оралып, еңбекке араласқан. Ардагер ерен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Ұлы Отан соғысы» І-ІІ дәрежелі орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
– Майдангер, жеңісті күндерді жақындатқан Яхия Тасыров атамыз аудандық емханаға қарасты №20 аймақтың емделушісі саналады. Қазіргі уақытта дәрігерлер тарапынан қазыналы қарттың денсаулығын тексеру мен жақсартуға байланысты ем-шаралар тұрақты жүргізіліп тұрады. Алдағы уақытта да дәрігерлер ардагердiң үйіне ұдайы келіп, майдангерге медициналық қызметтің бірнеше түрін көрсететін болады, – деді ауданның бас дәрігерi.