АСТЫҢ АДАЛДЫҒЫ – ЖАННЫҢ ТАЗАЛЫҒЫ
«Ас адамның арқауы» деген дана халқымыз. Адамзатқа арқау болған астың қазірде қадірқасиетін құртып отырған өзіміз. Қымызға су, сары майға маргарин, арам етпен шұжық дайындау секілді әрекетті аракідік байқап жатамыз. Бұл дүниелерді істеп отырған да өз қазағымыз. Арам етті жеп, сапасыз тағамдарды тұтынудың аяғы денсаулық деңгейімізді түсіріп отыр. Осындайда үлкендердің «ауылдың сүтін, құртын жеңдер» деп отыратыны еске түседі. Ал ішіп, жеп жүрген асымыздың адалдығына мән беріп жүрміз бе осы?
Адам баласы өмір сүру үшін тамақ ішеді, бірақ ішіп жүрген асыңыздың қайдан келгені, қалай дайындалғаны жайлы ойланып көрдіңіз бе? «Жеген асың адал ма?» деген сұрақтың болуы жай ғана діни немесе моральдық мәселе емес, бұл – қоғамның, адамның, тіпті ұрпақтың болашағына әсер ететін терең сұрақ.
Адал ас – тәннің ғана емес, жанның азығы. Бұл тек «халал» белгісі бар тағам ғана емес. Бұл – шынайы еңбектің, таза ниеттің, әділетті жолмен келген табыстың жемісі. Күнделікті азығымыздың қандай жолмен келіп жатқанын бағамдау – әрбір саналы азаматтың борышы. Біреу оңай келген ақшаға ас алады, біреу басқа біреудің маңдай терімен келген дүниені иемденеді – мұның барлығы адал асқа жатпайды.
Ана бір жолы үлкен жастағы апамның мына бір әңгімесі ойлантып тастады. «Бұрындары жаман ауру мүлде сирек кездесетін. Ал қазір дендеп тұр. Мұның ар жағында сойылған мал етінің арам не адал екені тұр. Себебі «ауру астан» деп жатамыз. Неге малды бауыздап сойып, бойдағы қанын шығарып сосын оның етін жейміз. Себебі осы арқылы бойдағы арам қан сыртқа шығады. Тазалық осы жерден басталады» дегені бар. Астың дұрыс болмауы салдарынан бәзбіреулер бала сүйе алмай, денсаулығы сыр бере бастағанын өзіңіз де көріп жүрген шығарсыз. Бұл заманда таза асты табудың, оны сараптап, саралаудың өзі қиын жұмысқа айналды. «Бисмиллә» деп бауыздаған мал етін не арам өлтірген еттен айыру мүмкін емес. Түрлі дүңгіршектегі «халал» деген жазуларға сеніп мәз боп жүрміз. Бұның бәрі түптеп келгенде арамды адалдан ажырата алмай қалған шарасыздығымызды көрсетеді.
Бүгінде базар мен дүкен сөрелерінде түрлі тағам самсап тұр. Дегенмен сол тағамның тазалығы мен дайындалу барысына қаншалықты сенім бар? Қазіргі таңда азықтүліктің құрамында зиянды қоспа, жасанды бояғыш, тез дайындалатын, бірақ ағзаға қауіпті өнімдер көбейді. Халал белгісі тағамның тек шариғатқа сай сойылғанын ғана емес, оның өндірілу, тасымалдану, сатылу үдерістерінің де адалдығын білдіруі керек.
Бабаларымыз «Адал еңбек – адал ас» деп бекер айтпаған. Жемқорлықпен, өтірікпен, біреудің маңдай терін жеп келген дүниеден дәметпеу – бұл имандылықтың, адамгершіліктің көрінісі. Біреудің ала жібін аттамай, шынайы еңбекпен келген астың дәмі де, берекесі де бөлек. Ондай асты ішкен үйде тыныштық, бақ-береке болады.
Бұл дүниеде бәрінің есебі бар. Арамдық, қулық жолмен келген ақшаңыздың да өз қайтарымы болады. Алдап сатқан асыңыз да алдыңыздан шығады.
Ал дүкеннен ет, тартылған фарш сатып аламыз. Оның қай уақытта, қалай дайындалғаны беймәлім. Қанша уақыт тоңазытқышта жатқаны, арам малдың еті емес пе екен деген ой да қылаң береді.
Ақнұр САҒЫНТАЙ