» » Мал ұрлығы мазаны алып тұр

Мал ұрлығы мазаны алып тұр

Сурет ашық дереккөз

Бірде ауылдағы апамның баласы жол үстінен өтіп бара жатқанда көлік қағып мерт болды. Түн мезгілі болатын. Көлік жүргізушілері «жылқы шығар» деп ойладық депті. Адам мен төрт түлікті айыра алмаған әлгі жүргізушінің немқұрайлы әрекетінің соңы кісі өліміне алып келді. Жазадан құтылу үшін осылай ақталғысы келді ме екен, әлде адам шығынынан малдың шығыны жеңіл деп ойлады ма кім білсін?! «Құлыным-ау» деп етегі жасқа толған апам, жарын жоқтап жылаған жеңгем, әкесін үйде келер деп тосқан інім сенер-сенбесін білмей осылай қала беріп еді...

Жалпы ауылдық жердегі ағайынның басты жұмысы – мал шаруашылығы. Алайда соңғы жылдары төрт түлікке иек артып отырған ағайынның жалғыз табыс көзі ұры-қарылардың пайдасына айналып отыр. Әрине, «жауыр» болған тақырып екені белгілі ғой. Заң күшейтілгенімен елімізде бұл қылмыс әлі күнге дейін неге тыйылмай жүр деген сауал санада сайрап тұр. Қоғамдық мәселенің бүгінгі жай-күйі қандай, ұрыларды ауыздықтау мүмкін бе, ауданымыздағы жағдай қандай? Саралап көрсек.

Ұрыда «ұят» жоқ
Мемлекет басшысы мал ұрлығына қатысты жазаны күшейткенімен, бұл мәселе ауыл-аймақтарда әлі де күрделі күйінде. Еттің бағасы қымбаттаған сайын, оңай жолмен олжалы болғысы келетіндердің қатары да үдей түскен. «Сайда саны, құмда ізі жоқ, ұшты-күйлі жоғалып кетіп жатқан мал мен ұстатпай жүрген ұрылар жер-жерден табылады. Заңнан қорықпақ түгілі бетінде бір шым-шым ұят та жоқ.

Иесіз жүрген малды сойып алып кететін жағдайлар да көп. Тіпті қараусыз кететін малды жол үстінен торуылдап жүретін әккі адамдар да бар. Жол көлік оқиғасы орын алса, малды сол жерде сойып алып, етін өз пайдасына жұмсап кететін көрінеді. Көлік жүргізушісі малдың құнын төлеуден қашады, ал мал егесі көлікті жөндеу үшін берілетін шығыннан қорқады. Осылай тараптар екі жақта алаңдап жүргенде ортада киліккен «әлгі адамдар» малдың етін бірлесе сойып алып, ізін «жоқ» қылады. Малының осы секілді жолмен жоқ екенін білсе де «ұрланды» деп шағым түсіретіндер де бар екен. Малдың өлексесін тауып бер деп даулайды. Ал заңда «өлексе» деген түсінік жоқ. Сол себепті ұрлық дерегі бойынша іс қозғайды.

Шын мәнінде мал ұрлығы жылдың қай мезгілінде де бәсеңдемейді. Дегенмен біреудің адал еңбегімен жинаған малына көз тігіп, оңай олжаға кенелгісі келетіндер де жоқ емес.

– Ауылда тұратын ағайын түсінеді. Саусақпен санарлық мал басы болса да, береке. Екі үйдің біреуінде ірі қара болмаса да, төрт тұяқтының бар екені анық.  Мінсеңіз – көлік, жесеңіз – азық, сатсаңыз – ақша, кәсіп бастаймын десеңіз – ағарғанның көзі. Сондықтан малда береке бар, – дейді ауыл тұрғындарының бірі.

Аудандағы ахуал қандай?
Қойын дәптерімізді қолымызға қысып, аудандық полиция бөліміне келдік. Мәселенің мәнісін білмекке келген бойымыз сол еді, сан сауалды жолдадық.
–        Мал ұрлығына қатысты қылмыстардың көрсеткіші ауданымызда төмен. Айталық 2022 жылы осы оқиғаға қатысты 3 қылмыс тіркелсе, 2023 жылы 2 қылмыстық іс қозғалды. Оның 1-еуі ашылса, 2-сі ашылмаған. Кейде мал өрістен жоғалады, кейде қораға түсіп ұрлық етеді. Бізде жоғалған малға байланысты уақытша қамап ұстап отыратын орын жоқ. Уақытша ұстау орны жоқ облыста жалғыз аудан тек біз ғана. Мұны бірнеше рет  мінберге шыққанда көтеріп жүрміз. Жергілікті атқару органдары да мәселені біржақты етуге даяр. Әйтсе де бұл бірден шешіле кететін жағдай емес. Оған арнайы орын қажет, малдың жем-шөп, суы бар деген секілді. Осы өзекті мәселе күн тәртібінен түскен емес. Жалпы аудан аумағында жедел жағдайды тұрақтандыру, мал ұрлығының алдын-алу, оған қарсы іс-қимыл мақсатында, мал ұрлығын кәсіп еткен қылмыскерлер мен қылмыстық топтарды құрықтап, оларды жауапкершілікке тарту мақсатында «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы тұрақты түрде өткізіліп тұрады, – дейді аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы полиция майоры Мерей Өмірбекұлы.

Жол көлік оқиғасы: жауапкершілік кімде?
Төрт түлік малдың ұрлығынан бөлек олардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары да орын алып жатады. Үй жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғасының басым бөлігі түнгі уақытта орын алады. Себебі, тәуліктің қараңғы уақытында бір-біріне қарсы жүрген автокөлік жүргізушілері алыс жарық шамын өзіне қарсы жүріп келе жатқан автокөлік әбден жақындағанша өшірмеу салдарынан жүргізушінің көзі жарыққа шағылысып, жол үстінен өткен малды көрмей соқтығысып жатады. Бұл оқиғада жүргізуші мал айдау жол белгісі аумағында мал айдаушы бақташы болған кезде үй жануарын қағатын болса, онда кінә жүргізушіге артылады, ал мал айдау жол белгісінен тыс жерде және мал айдаушы болмаған болса, онда жауапкершілік үй жануарының иесіне артылады.

Егер жол-көлік оқиғасына көлік жүргізуші кінәлі деп танылса, ҚР ӘҚБтК-нің 610 бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, іс әкімшілік сотқа жолданады. Ал, мал иесі кінәлі деп танылса ҚР ӘҚБтК-нің 408 бабының 2 бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бүлінген автокөліктің материалдық шығынын түгел өтейді. Сонымен қатар, үй жануарының иесі тас жол жиегіне өз иелігіндегі жануарды иесіз жайылымға жіберген жағдайда ӘҚБтК-нің 408 бабының 1 бөлігімен, жауапкершілікке тартылады. Үй жануарларының қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алған жағдайда ең бірінші мал  иесіне және көлік құралына материалдық шығын әкелетіні айдан анық. Сондықтан тұрғындар өз иелігіндегі жануарлардың мойнына арнайы жарық қайтарғыш элементтерді тағу жол-көлік оқиғаларының алдын алуына бірден бір себеп болмақ.

– Жол көлік оқиғасы кейде қараусыз кеткен малдың салдарынан да болып жатады. Мәселен ауданымызда өткен жылы малдың қатысуымен осындай 51 дерек тіркелген болса, оның ішінде 28 істе 58 малдың иесі анықталмаған. Бұл мәселеде халықтың тарапынан жалтару фактілері жиі орын алады. Малда белгіленген сырға мен чип болса да «сатып жібергенмін, менікі емес» деген секілді түрлі сылтау айтады. Қараусыз кеткен малға егесі жауапты болған соң олар түрлі айлаға барып жатады, – дейді аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Мерей Өмірбекұлы.
 
Жеген асың адал ма?
«Ас адамның арқауы» деген дана халқымыз. Адамзатқа арқау болған астың қазірде қадір-қасиетін құртып отырған өзіміз. Қымызға су, сары майға маргарин, арам етпен шұжық дайындау секілді әрекетті аракідік байқап жатамыз. Бұл дүниелерді істеп отырған да өз қазағымыз. Арам етті жеп, сапасыз тағамдарды тұтынудың аяғы денсаулық деңгейімізді түсіріп отыр. Осындайда үлкендердің «ауылдың сүтін, құртын жеңдер» деп отыратыны еске түседі. Ал ішіп, жеп жүрген асымыздың адалдығы мән беріп жүрміз бе осы?

Ана бір жолы үлкен жастағы апамның мына бір әңгімесі ойлантып тастады. «Бұрындары жаман ауру мүлде сирек кездесетін. Ал қазір дендеп тұр. Мұның ар жағында сойылған мал етінің арам не адал екені тұр. Себебі «ауру астан» деп жатамыз. Неге малды бауыздап сойып, бойдағы қанын шығарып сосын оның етін жейміз. Себебі осы арқала бойдағы арам қан сыртқа шығады. Тазалық осы жерден басталады» дегені бар. Астың дұрыс болмауы салдарынан бәзбіреулер бала сүйе алмай, денсаулығы сыр бере бастағанын өзіңіз де көріп жүрген шығарсыз. Бұл заманда таза асты табудың, оны сараптап, саралаудың өзі қиын жұмысқа айналды. «Бисмиллә» деп бауыздаған мал етін не арам өлтірген еттен айыру мүмкін емес. Түрлі дүңгіршектегі «халал» деген жазуларға сеніп мәз боп жүрміз. Бұның бәрі түптеп келгенде арамды адалдан ажырата алмай қалған шарасыздығымызды көрсетеді.

Бұл дүниеде бәрінің есебі бар. Арамдық, қулық жолмен келген ақшаңыздың да өз қайтарымы болады. Алдап сатқан асыңыз да алдыңыздан шығады. Ал дүкеннен алатын ет, ұнтатылған фарш сатып аламыз. Оның қай уақытта, қалай дайындалғаны беймәлім. Қанша уақыт тоңазытқышта жатқаны, арам малдың еті емес пе екен деген ой да қылаң береді.

Әлгі «5:35» фильмінен кейін біраз адам беляши жемей жиіркеніп жүрді емес пе?! Студент болып Алматыда оқып жүргенімізде самса алып жеуге қорқатынбыз. Еті таза ма екен деп. Себебі оған түрлі жануарлардың еті, адал емес дегенді айтатын. Қазір көзбен көрген дүниенің өзін көңілге секем алып қалып, көңілге күдік ұялататыны бар.
Түйін

Мал ұрлығын алдын алудың бір тетігі – пада ұйымдастыру.  Бұл ұрлықпен күресу барысында жалғыз құқық қорғау органдарының жұмысы жеткіліксіз. Әрі малды сырғалау, таңбалау, тіркеу сынды мәселені қолға алған жөн болар. Тұрғындардың өз малының қауіпсіздігіне бей-жай қарауын тоқтатпайынша, мал ұрлығының азаюы да екіталай…


Ақнұр САҒЫНТАЙ
02 ақпан 2024 ж. 407 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 288

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 383

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930