» » ТАЗАЛЫҚ – ҚОҒАМ МӘДЕНИЕТІНІҢ КӨРІНІСІ

ТАЗАЛЫҚ – ҚОҒАМ МӘДЕНИЕТІНІҢ КӨРІНІСІ

Ауданда әлеуметтік нысандар салынып, жаңарған ғимараттар саны жылдан-жылға артып, көркейіп келеді. Дегенмен де бұл жағынан ауыз толтырып айтып, абыройымызды аспандатқанымызбен, аудан орталығының тазалығына келгенде әлі де ұялатын тұсымыз бар. Бұл ұялу тазалыққа жауапты жандарға емес, сол еңбекті бағаламайтындар үшін ұялу болып отыр.
«Тазалық – табалдырықтан басталады» демекші, тазалық әр ауладан, әр отбасынан басталады. Егер әркім өз ауласын таза ұстап, жүрер жолын түрлі қоқыс-қалдықтардан тазартып жүрсе, оның нәтижесі қоршаған ортаға да оң әсер ететіні анық. Керісінше, кішкентай қоқысқа немқұрайлы қарап, алып тастауға ерінетін болсақ, бір айналып келгенде әлгі жер құйын аралап кеткендай ыбырсып жатады. Демек, сіздің өзіңіздің тұрғылықты мекеніңіздің тазалығына бөлген кішкентай көңіліңіздің өзі үлкен рөл атқарады. Рас, кейде оны тазалауға міндетті мекемелер бар деп бар жауапкершілікті толығымен соларға ысырып тастаймыз. Міне, осы түсінік көбінесе ауданның таза болуына кері әсерін тигізіп жатады. Өзіңіз ойлаңызшы, әр ауданда тазалық жұмыстарымен айналысатын қанша мекеме бар және онда жұмыс істейтін қанша қызметкер бар? Ал сол мекенде тұрғындарының, тазалық қызметкерлеріне жұмыс тауып беретін адамдардың саны олардан бірнеше есе көп. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Жұмыс орнының айналасына жауапкешілікпен қарайтын басшылар, өз ауласын үнемі таза ұстайтын тұрғындар да баршылық. Алайда тұрғындардың бір пайызының өзі күніне кез келген жерге бір қоқыстан тастағанның өзінен қанша қоқыс жиналатынын бағамдай беріңіз.
Түптеп келгенде, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – бұл әрбір азаматтың басты міндеті.
Осы орайда аудан көлемінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жалпыаудандық сенбілік өткізілді. Сенбілікке мекеме басшылары мен қызметкерлер, ардагерлер, жастар және еріктілер де тартылды. Тазалық жұмыстары барысында орталық көшелер, қоғамдық орындар мен алаңдар ретке келтіріліп, арам шөптер мен ретсіз өскен өсімдіктерді жұлу, әктеу, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ тасталған қоқыстар тазаланып, арнайы техниканың көмегімен белгіленген орындарға шығарылды.
Мұндай жұмыстар тек аудан орталығында ғана емес, ауданымыздың барлық елді мекендерінде сенбілік шеңберінде тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Айта кетейік, бұл игі шара тұрғындардың тазалыққа бейжай қарамай, қоршаған ортаға қарым-қатынасын қалыптастыруға және ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған бастама.
Бір айта кетерлігі, мекеме қызметкерлері апта сайын сенбілікке шығып, өздеріне бекітілген аумақты тазалап кетеді. Алайда келесі сенбіде қоқысқа толы көше қайтадан алдыңыздан шығады. Оны да тазалап, жинайды. Келесі сенбіде де дәл осы көрініс. Бұл нені көрсетеді? Мәдениетсіздік пен немқұрайлылықты. Қарап отырсақ, лас, қоқысқа толы көшеде өзі тұрып, баласы сол көшеде ойнайды емес пе? Расында да тұрғындардың оянатын да, ойланатын да кезі келді. Өзіміздің қоршаған ортамызды біреудің итермелеуімен емес, шын әрекетімізбен тазалауымыз қажет. Көшедегі емес, ауламыздың айналасында шашылып жатқан «құрғақ» қоқысқа алдымен өзіміз жауаптымыз. Сондықтан да қоршаған ортаға деген қамқорлық өзіміз тұратын үйден, содан кейін көшеден басталуы керек. Осыны тереңірек түсінгеніміз абзал. Ал қоғамдық орындарда қолындағы қоқысты көзі түскен немесе қолы жеткен жерге тастай салмай, арнайы қоқыс жәшіктеріне салуды әдетке айналдырсақ болғаны.
Аудан тазалығына бәріміз де жауаптымыз. Егер әркім өзін мәдениетті санап, тазалықты өзінен бастаса, кез келген қала, аудан, ауыл, аула да аз уақыттың ішінде құлпырып шыға келетіні айдан анық.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
18 шілде 2025 ж. 79 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№55 (10423)

26 шілде 2025 ж.

№54 (10422)

22 шілде 2025 ж.

№53 (10421)

19 шілде 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 141
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031