» » БАЛАҒА БАЛА КЕРЕК ПЕ?

БАЛАҒА БАЛА КЕРЕК ПЕ?

Мұхтар Әуезовтің «Қыз тәрбиелей отырып – ұлтты тәрбиелейміз, ұлды тәрбиелей отырып халықты тәрбиелейміз» дегеніндей, дана халқымыз әуелден бала тәрбиесіне баса назар аударып келген. Отбасында әрдайым «Әдепті бол, тәрбиесіздік көрсетпе, көргенсіз болма» деген сияқты сөздерді балаларының құлағына құйып өсірген. Тәрбие басы әдептілік деп білген ата-ана әуелі баласына өздерін сыйлап-құрметтеуді, әсіресе үлкендерге, сыпайылық танытуды, ешкімді мұқатпауды үйреткен. Сонымен қатар балаларының ер-азамат болып, халқына адал еңбек етуін басты міндет етіп қойған. Қызға мәпелеп қараумен қатар, керек жерінде қаталдық та танытқан. «Қыздың өзі үйде болғанымен, қылығы түзде» деп болашағына бейжай қарамаған.
«Біз қыз тәрбиесінің тізгінін босатып алдық. Бұл – шындық. Бұған қыздарымыздың қалай болса солай киініп, кіндігін көрсетіп жүргені дәлел. Жас қыздардың көшеде ашықтан ашық темекі шегіп, сыра ішіп жүргендерін көріп жүрсек те, мән бермеуге айналдық. Олардың ертеңгі ана екенін естен шығарып жүрміз. Ал біздің ата-бабамыз балалық дәурені өтісіменақ қызға дұрыс тәрбие беруді қолға алған. Қыз – аз күнгі қонақ. Сондықтан да күні ертең келін болып түскен жерінде ата-анасына, ауылына сөз келтірмеуін алдын ала ойлаған» дейді Зейнеп Ахметова апайымыз.
Ертеңгі ұлттың анасы – бүгінгі қыздарымызды тәрбиелеу барша қауымның міндеті. Халқымыз «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» деп осы бір мақалға қаншама философиялық ой сыйғызған. Қызға тек анасы емес, дүйім жұрт, бүкіл ауыл, ру жауапты деп отыр. Ер баланы да жігерлі, саналы етіп, қызға құрметпен қарауға, қыз алдында дөрекілік көрсетпеуге тәрбиелеген.
Жасыратыны жоқ, қазір бала тәрбиесі көбіне «әлеуметтік желінің» қолына ығысқан. Атаананың күнұзақ жұмыста болуы, бақылауының кемдігі, батыс мәдениетінің бір ұшы жастардың жөнсіз кетуінің бір мысалы. Мектеп өмірінде біліммен қатар, өнегелі істер мен сыпайылық қарым-қатынасқа тәрбиеленген қыздар ертең еңбекке араласқанда да өз ортасында сыйлы боп, құрметке бөленері анық. Баланы мектеп табалдырығын аттағаннан бастап тазалыққа, ұқыптылыққа, үлкенді сыйлауға, достарын құрметтеуге үйретсе, өсе келе мінез тұрақтылығын қалыптастыра отырып, әдептілікке, ізетті болуға, адал достық пен таза махаббатты түсінуге, қоғамның белсенді мүшесі болуға қалыптасады.
Кездейсоқ жүктілік – қазіргі біздің қоғамдағы ең бір түйткілді мәселелердің бірі. Атақты Шалкиіз жырау «Қыз он беске келгенде, шашынан көп жаласы» деген екен. Қырмызы қызыл гүлдей жайқалып өсіп келе жатқан қыз балаға құмарта көз тастайтындар көп. Осындайда нәпсіқұмар, арам ойлы адамдар жас қыздарды алдап-арбап, зорлық көрсетіп, обалына қалып, жезөкшелік жолға түсіреді немесе ерте жүкті етіп, абыройын айрандай төгетіндер де солар. Кейде жас қыздардың өзі зардап, зиянын түсінбей жатып, жақсы көрген жігітімен ерте жыныстық қарымқатынасқа түсіп, кәмелеттік жасқа толмай екіқабат болып жатады. Ойнап жүріп от басқан жас қыздардың көпшілігі кездейсоқ жүктілікке ұрынып, оның соңы жасанды түсікке баруға немесе сәбилерін бөбектер үйіне өткізуге мәжбүр. Бұл ең алдымен, қыз баланың денсаулығына зиян келтіріп, болашақ өміріне балта шабатыны белгілі. Жоспарланбаған жүктілік әйел затын психологиялық күйзеліске ұшыратады.
Ерте жастан опық жеген талай жасөспірім қыз құрсағына біткен баладан арылудың жолын іздейді. Мұндайда түрлі айла-шарғыға баратын олар ақырында дімкәс, мүгедек, кемтар сәбилерді дүниеге әкеліп, ұлт саулығы тұрғысында қоғам дертіне дерт қосуы мүмкін. Жастар арасында «өз еркімізбен жақындасып жатырмыз, бізде кімнің қандай жұмысы бар» деген қате түсінік те жоқ емес. Мысалға, 16 жасқа толмаған қыз 20 жасар жігітпен «төсек ләззатына бөленіп» үйленеміз деп жүрген сүйіктісі заңға сай бас бостандығынан айырылып жатса, алғаш рет ана атанайын деп отырған жас қыз өз қиындықтарымен жалғыз қалады да, тумай жатқан баланың әкесі сотты болады, кәмелетке толмаған қыз жалғызбасты ана болып қалады. Яғни нәтижесінде, келешекте отбасын құрамыз, бақытқа жетеміз деген жастардың жоспары күлге айналмай ма?!
Осы орайда ескерте кететін маңызды жайт бар, ол қазіргі қоғамды алаңдатып отырған АИТВ (адам иммунитет тапшылығы вирусы) дертінің аудан көлемінде таралуы. Бұл аурудың негізгі жұғатын жолдары – қан арқылы, анадан балаға және қорғалмаған жыныстық қатынас арқылы. Арнайы маманның қазірге дейінгі статистикасына сүйенсек, аудан бойынша (Байқоңыр қаласын қоса алғанда) 37 адам осы вирусты жұқтырған, олардың басым бөлігі 35 жасқа дейінгі жастар. Соның ішінде 4 әйел-ана дүниеге сау бала әкелген. Бұрын мұндай әңгімелер бізге жат еді, қазір құлаққа түрпідей тисе де, өкінішке орай, арамызға дендеп келе жатқандығы алаңдатады. Демек, жастарға жыныстық сауаттылықтың төмендігінен қорғалмаған жыныстық қатынасқа түсудің қауіптілігі жоғары. Мектептерде осындай тақырып төңірегінде жасөспірімдерге ақпараттандыру, түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажеттілікке айналып отыр.
Көбіне біз балаларымызды әлі кішкентай ғой деп санаймыз. Алайда қазіргі ақпараттық заманда балаларымыз тез есеюде. Ақпараттар ағымының қарқыны соншалық, балаларымызға қажетті, қажетсіз ақпараттарды екшеу мүмкін емес. Қыз бен ұл бой жетіп, ержеткен сайын ата-ана «қыздар неше жастан гинекологқа баруы керек?», «ерте жүктіліктің қалай алдын алуға болады?», «қыздар тәрбиесінде нені ескеру маңызды?», «ер баланың ерте жыныстық жетілуі», «жыныстық жетілу кезеңінде нені білу керек?» деген сұрақтар аясында жауап іздеп, түсіндіру қажет. Әр отбасындағы менталитет әртүрлі, кейбір ата-ана бұл тақырыпты баласына түсіндіре алмай жатады. Сондықтан мектепте жыныстық тәрбие шараларын психолог, дәрігер маманның қатысуымен өткізген дұрыс, өткізіліп те келеді. Қыз балаға ерекше күтім, дұрыс тәрбие қажет. Бүгінгі жасөспірім қыз – ертеңгі ана. Желкілдеп өсіп келе жатқан жасөспірімдерге отбасында, білім ошақтарында жыныстық тәрбиені дұрыс беріп отырсақ, біраз мәселелердің алдын алған болар едік.
Ертең ел қорғайды деп үміт артқан жасөспірім, бозбалаларымыздың миын басқа бұлыңғыр ойлар мазалап, теріс жолды таңдап кетпесі үшін қоғам болып бала тәрбиесіне атсалысқанымыз жөн.
Әмина КЕТЕБАЕВА
18 шілде 2025 ж. 191 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№63 (10431)

23 тамыз 2025 ж.

№62 (10430)

19 тамыз 2025 ж.

№61 (10429)

16 тамыз 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 273
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031