ҚОҚЫС ЖӘШІГІ ЖОҚ ЕЛ
Тақырып таңырқатқан болар. Алайда бұл шындық. Қоқысты арнайы қоқыс жәшігіне тастауды қиын көретін біздің тұрғындар үшін бұл тіпті миф секілді көрінер. Ал таза ел саналатын Жапонияға бір барғандар оны мойындайтыны анық. Ол елдегі тазалық деңгейін басқа ешбір елмен салыстыра алмайсыз. Әрине, бұл елде де лас аудандар кездеседі. Мәселен, Токионың кейбір аудандарында қоқыс көп деседі. Бірақ ол жерлерде жапондар емес, шетелдіктер өмір сүреді екен. Ал жергілікті тұрғындар мекендейтін аумақтар әрқашан айнадай тап-таза болып тұрады.
Көптеген дерекке сүйенсек, Жапония көшелерінде қоқыс жәшігі болмайды және адамдар да қоқысты жиі лақтыра бермейді. Алайда түнде мерекелік кештер мен би кештері өтетін, шетелдіктер көп жүретін жерлерде шашылған қоқыстарды көруге болады. Егер, сіз мұндай аумаққа таңертең ерте баратын болсаңыз, қоқысқа сүрінесіз. Дегенмен, бірнеше сағаттан соң мұндай жерлердің өзі тап-таза болып тұрады екен. Өйткені жапондардың әрбір жанұясында үйде және тыста тазалық сақтау тәртібі ерекше қадағаланады. Сондықтан олардың тазалық сақтау мәдениеті әлем жұртын тамсандырып келеді.
Одан бөлек, жапон қалалары әрдайым жарқырап тұрады. Олардың мектептерінде барлық қызметкерден бастап, балаларға дейін тазалық орнатуға міндетті. Тіпті, барлық жапондар осы идеяға топтасқан. Осыдан жиырма жыл бұрын мектептерде еденді оқушылар жуатын еді. Әр сыныптан кезекші тағайындалып, сол күнгі тақта мен еден тазалығына жауапты болатын. Бұл оқушыларды тазалыққа, өзгенің еңбегін құрметтеуге, жауапкершілікке үйреткен еді. Бүгінде оқушылар сынып тазалығына бас қатырмайды. Үйінде де көмекші ұстап немесе клининг компанияларын шақыратындар қазір көбейген. Сондықтан балалар тазалыққа байланысты тәртіпті түсінбей келеді. Көшедегі қоқыстың шашылуы – үйдегі мәдениетпен тікелей байланысты екені анық.
Ал жапондар бала кезінен қоқыс үшін жауапкершілікті мойнына алып, оны өзімен бірге үйіне апарып, одан құтылу жолдарын қарастыруға дағдыланады. Көшеде қоқыс жәшіктері болмауының тағы бір себебі – Токио метросындағы шабуылдан кейін көшедегі қоқыс жәшіктерін алып тастау туралы шешім қабылданған. Дегенмен, стансаларда, перронда, сонымен қатар тәулік бойы жұмыс істейтін дүкендерінің жанында әрқашан бірнеше қоқыс жәшігі болады. Сондай-ақ Жапонияда дүкеннен азық-түлік немесе 1-2 ғана зат алған адамдар міндетті түрде пакет алады. Ол қалдықтарды бір жерге жинап жүру үшін қажет. Мәселен, адамдар жол бойында қоқыс жәшігі кезікпей жатса, қалдықты қалтасы немесе сөмкесіне салғысы келмейді. Осындай жағдайда жаңағы пакеті көмекке келеді. Сонымен бірге мұндағы қоғамдық көліктердің көпшілігінде қоқыс салатын пакеттер болады. Бұл пакетті ысырап ету сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ бұл адамдарға әдептілік пен тазалықты сақтауға көмектеседі.
Ал жеке үйлерде тұратындар мен кеңседе отыратындар ғимараттарының айналасындағы тазалыққа өздері жауап береді. Жапония тұрғындары күн сайын таңертең өздері мекен ететін және жұмыс істейтін ғимараттардың айналасын тазалап, қоқыстарды жинап жүреді. Олар ғимараттарға қызмет көрсететін персонал емес, қарапайым сатушылар, кеңсе қызметкерлері, медбикелер және тағы басқалар. Көптеген жапондық компания қызметкерлері кезек-кезек кесте бойынша тазалық жұмыстарын жүргізеді. Тиісінше, бұл тек тазалыққа үйретіп қана қоймай, қоқысқа тастамайтын жерде, басқа адамдардың жұмысын бағалай отырып өмір сүруге үйретеді. Оның үстіне адамдарда «ертең өзім жинайтын жерге қоқысты неге тастаймын» деген пікір қалыптасады.
Сонымен қатар еріктілер ұйымдары тазалық пен тәртіпті сақтауға көмектеседі. Жапонияның көптеген аумағында жұмыс істейтін Greenbird деп аталатын ұйым үнемі тұрғындарды тазалық сақтауға шақырады. Бір қызығы – олар бос бөтелкелерден бұрын, қағаздың кішкене бөліктерін және темекі тұқылдарын жинайды. Бұл идеяның түпкі мәні – тазалықты көзге көрінбейтін қоқыстан бастау. Ал Jambo International деп аталатын еріктілер тазалыққа шақырумен ғана емес, тауға серуендеуді, халықаралық кештерді, қайырымдылық концерттерін және тағы басқа игі ісшараларды ұйымдастырады. Жалпы, Жапонияда мұндай ұйымдар өте көп екен.
Жапон тұрғындары үшін қоғамдық көліктегі мінсіз тазалық – қалыпты жағдай. Жапонияға барған адам ондағы көліктердің де қаншалықты таза екенін байқайды. Мұның себебі жуу ғана емес, жолдардың таза болуы. Мұнда тіпті қолайсыз ауа-райында да көліктер ластанбайды. Құрылыс пен өндірісте қолданылатын жүк көліктері де ерекше таза болады. Себебі, ауысымнан кейін әр жүргізуші көлігін мұқият жуады. Сондай-ақ такси жүргізушілері көліктерін жылтыратып, әрдайым ақ қолғап киіп жүреді.
Бұл елде тұратын адамдар бірбірін қоғамдық тазалық жұмыстарына шақырады. Сөйтіп, бәрі белгіленген уақытта қолғап киіп, айыр, шөп шабатын машина, тырма алып, көше арықтарын бірге тазалап, ағаштар мен шөптерді қырқып, әсіресе шағын саябақтар мен қоғамдық дәретханаларды ретке келтіреді. Міне, Жапонияның соншалықты таза болуының көптеген себебі. Біз олардың бірнешеуін ғана қамтыдық. Сондықтан біз жапондықтардан өз қалалары мен ауылдарын қалай таза ұстау керектігін үйренуіміз керек сияқты. Қарапайым ғана өз үйіңнің айналасын таза ұстау, оны ұрпағыңа үйрете білу – қоғамға деген құрметтің белгісі. Себебі бүгінгі ұрпақ – ертеңгі қоғам өкілі. Қоғам мәдениетті, еліміз өркениетті, көшеміз қоқыссыз болсын десек, өзімізден бастайық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ