» » Тазалық жұмыстары тиянақталды

Тазалық жұмыстары тиянақталды

qarmaqshy-tany.kz Өңірде көркейту, көгалдандыру және санитарлық тазалық айлығы басталғалы біршама жұмыс атқарылды. Мұны жергілікті тұрғын мен еңбек ұжымдарының белсенділігінен анық аңғарамыз. Әр сенбіде сенбілік жұмыстар жалғасын тауып, талай тірліктің басы қайырылды. Иә, туған жердің тазалығы күн тәртібіндегі бірінші мәселенің бірі болып тұр. Себебі сенбілік – айналаны қоқыс қалдығынан тазартып, халықты ауызбіршілікке шақыратын игі іс. 2 айға созылған көркейтукөгалдандыру жұмыстары бүгінде аяқталды.
Таза үй, таза аула, таза көше кімнің де болсын еңсесін көтеріп, жақсы көңіл-күй сыйлайтыны белгілі. Сол үшін әр тұрғын сенбілікке салғырт қарамау қажет. Үйреншікті үрдіске айналған сенбілік жылдағы дәстүрге сай аудан әкімінің игі бастамасымен әр мекемеге белгіленген көшені абаттандыру, тазалау жұмысы қарқынды жүрді. Көктемгі тазалық жұмыстарын ұйымдастыру үшін көшелерді 6 аймаққа бөліп, ол мекеме, кәсіпорындарға бекітілді. Сол бойынша мекеме қызметкерлері әр сенбі таңертеңгі сағат 9.00-10.00-ден бастап сенбілікке қатысып, өз аумақтарынан қоқыс-қалдығын шығарып, мекеме ғимаратын әктеп, сырлаған ұжымдастар мен қызметкерлер ортақ үйдің әсемденуі үшін жұмыла еңбек етті. Әр сенбі сайын көшелер күл-қоқыс, тасталған бос құты мен қураған шөптерден тазартылып сыртқа шығарылды. Олардан бөлек сенбілік басталғалы аудан тұрғындары да білек сыбана жұмыс істеді. Осындайда тазалықты тек сенбілікке жүктемей әр тұрғын өз ауласын ұқыпты ұстаса дейсіз.

Көктемгі көркейту-көгалдандыру барысында көше бойына жиналған күл-қоқысты белгіленген орынға (полигонға) өздерінің техникаларымен шығарып тастап отырды. Алайда Жосалы кенті әкімшілігінің мамандары тұрғындар мен жеке кәсіпкерлерді тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаратын мекемемен келісім-шартқа отырғызу қазіргі таңда үлкен мәселе болып отырғанын айтады. Себебі, тұрғындар тарапынан қоқысты бей-берекет көше бойына қойып кету жағдайы жиілеген. Бұл тұрғыда құқықбұзушылықтарға қарсы бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Көше бойына қоқысты ретсіз тастаған тұрғындарға заң аясында шаралар көрілетін болады. Мәселен, өткен жылы көшеге қоқыс тастаған, ортақ пайдаланатын орындарды ластаған 70 азаматқа айыппұл салынса, биыл жыл басынан бастап 56 азаматқа айыппұл салынған. Сол себепті айыппұл арқалағыңыз келмесе, тазалыққа тиянақты болғаныңыз дұрыс.

Жосалы кентінің әкімшілігі тұрмыстық қалдықтар төгуге арналған қоқыс жәшіктерін (контейнер) бір жыл мерзімге, егер тараптар жағынан қарсылықтар болмаған жағдайда ұзақ мерзімге жалға беру және оған ақы төлеу үшін жекелеген тұрғындармен келісім-шарт жасасып отыр. Жалға беру ақысы айына – 400 теңге, жылына – 4800 теңге. Егер қоқыс жәшігін жалға алуға ниетті тұрғындар болса, Жосалы кентінің әкімшілігіне келіп, жалға алу келісім-шартын жасасқаннан кейін контейнерді алып кетіп пайдалануына болады.
Тазалық айлығы барысында Жосалы кенті мекемелерін арнайы тексеруге мониторингтік топ шығады. Оның қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктер аудан әкіміне және кентте жұмыс істейтін облыстық басқармаларға қарасты мекемелердің облыстағы басшыларына тікелей хат жазылып, ақпарат беріледі.

Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау, туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосу – әрбір азаматтың міндеті. Ал, сенбілікті ұйымдастырудың басты мақсаты – мекеме қызметкерлерінен бастап елге өнеге болу арқылы халықты ортақ іске жұмылдыру. «Ауылына қарап азаматын таны» деген нақыл сөз бар. Осы сөзді әрбір тұрғын санасында ұстаса, ауданымыз көркейіп, гүлдене түсері сөзсіз.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
23 мамыр 2023 ж. 390 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 322

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 416

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930