ТАЗА ӨҢІР – СЕНІҢ ТАҢДАУЫҢ
Прокуратура органдарының бастамасымен «Заң және тәртіп» апталығы аясында Жосалы кенті әкімі аппаратының мәжіліс залында «Таза өңір – сенің таңдауың» тақырыбында лудомания (құмар ойындарға тәуелділік) және интернет алаяқтық, басқа да қоғамға жат әдеттер бойынша аудан әкімдігінің кеңейтілген мәжілісі өтті. Оны аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов жүргізіп, көтеріліп отырған мәселелердің қоғамдағы маңыздылығына тоқталды.
Мәжіліске құқық қорғау, білім беру, денсаулық сақтау салаларының басшылары мен қызметкерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, жастар қатысты.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы соңғы уақытта аталған қылмыстардың ауданымызда белең алып отырғанын, әсіресе алаяқтықтың жиі қайталанатын түрі – банктік қолтаңбалар арқылы жасалатын алаяқтық, сату вебсайттары арқылы алдап-арбау әрекеттері қылмыстарының көбейгенін тілге тиек етті. Бұдан бөлек, «Ойын бизнесі туралы» ҚР Заңында көрсетілген ұғымдар мен талаптарды нақтылап, заң аясында түсіндіру жұмыстарын күшейтудің қажеттілігіне назар аудартты. «Осы бағыттағы заң мен тәртіпті сақтау – басты міндет» деп екпін берді.
Бүгінгі таңда жастарымыздың әлеуметтік желінің жетегінде кетіп, сол арқылы тәрбиеленіп жатқаны жасырын емес. Әлеужелінің зияны ересектермен қатар, еліміздің болашағы саналатын жастарға да тиіп жатқаны өкінішті жағдай. Бұл жөнінде сөз сөйлеген аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов лудомания, интернет алаяқтық, нашақорлық қылмыстары, қаржылық сауаттылық бойынша кеңінен тоқталып, түсіндірме жасады. Ол қылмыстық статистика бойынша талдаулар жасап, құқық қорғау органдарының бұл бағыттағы атқарылған жұмыстарын таныстырды. Сонымен қатар, прокуратура органдарының бастамасымен жүзеге асып жатқан шаралар мен алдын алу жұмыстары жайында баян етті.
Алаяқтықтың асқынған түрі банк қызметімен байланысты болып отырғаны қазіргі қоғамда жасырын емес. Ондай жағдайда қалай сақтану керек, не нәрсеге мән беру керек? Бұл туралы «Қазақстан Халық банкі» АҚ Байқоңыр өңірлік филиалының Қармақшы аудандық №4 сервис орталығының басшысы Нұрбол Үсенов өз тәжірибесімен бөлісті.
– Біз тұтынушыларымызға интернет алаяқтыққа байланысты түсіндірмелер жүргізіп отырамыз. Алаяқтықтың схемасы бойынша шағын карта түзілген. Соны халыққа барынша жеткізуге тырысамыз. Жасыратыны жоқ, тұтынушыларымызға әртүрлі көздерден, атап айтқанда 1414, заң орындарынан, пошта тапсырысы, ұялы байланыс операторлары, тағы басқалар болып телефондарына хабарласып, СМС хабарлама, кодтар жіберіп алдын ала құрған торларына түсіреді. Тұтынушы сол кодтарды айтып қойған жағдайда алаяқтарға оңай арбалып, аттарына несие рәсімделіп кететін жағдайлар орын алуда. Бұл жерде кодты айтпау керек. Жеке банк карталарының номерін айтуға болмайды. Танымайтын адамға ұялы телефон беруге болмайды. Бейтаныс адамдардың телефонына фото, видео түсіруге өзіңізді шектеңіз. Бейресми сайттардан байқау керек. Үлкен фирмалардың атын жамылып, тауардың бағасын арзан көрсетіп, оған алдын ала қаржысын төлетіп, нәтижесінде алданып қалып жатқан қаншама жерлесіміз бар. Тұтынушыларымызға айтарымыз, білмейтін сайттарға кіріп, ол жердегі ақпараттарға сенудің мүлдем қажеті жоқ. Әлеуметтік желілердегі инвестицияға ақша салуға қатысты жарнамалар да алаяқтықтың нағыз қызып тұрған ошағы деуге келеді. Whatsapp желісін бұзып, контактідегі таныстарынан чат арқылы ақша сұрап жатады. Соған алданып, аударып қоятын жандар да аз емес. Әдетте мұның барлығы дропперлермен жасалатын қылмыс. Яғни қаржы бір карта шотынан екінші карта шотына аударылып, түбінде ізін суытып таптырмай кетеді. Мұндайда алаяқты табу өте қиынға соғады. Банк қызметкері болған соң осындай жайсыз жағдайда қалған көптеген тұтынушы келіп жатады. Біз оларды сақтандыру жұмыстарында көмек көрсетуге, насихат жүргізуге әрдайым дайынбыз, – деді ол.
Жиында аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Қазыбек Әліп те аталған қылмыс түрлеріне қатысты өз ойын ортаға салды.
Мәжіліс соңында аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы тиісті мекемелерге тапсырмалар жүктеп, алдағы уақытта келеңсіз оқиғалардың алдын алуда ақпараттықнасихаттық жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілуін қатаң бақылауда ұсталатынын жеткізді.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ