» » БОЛАШАҒЫН ОЙЛАҒАН ҰЛТ САНАЛЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕЙДІ

БОЛАШАҒЫН ОЙЛАҒАН ҰЛТ САНАЛЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕЙДІ

Жалпы білім беру мәселесінде бүгінгі қазақ баласына бәсекелі білім көшінен қалмай, заманауи технологияларды меңгере отырып, бірнеше тілде ойын жеткізу мүмкіндігі берілген. Олар заманның қозғаушы күші болу қабілетіне де ие. Дегенмен, бала тәрбиесінде қоғамда айқын көрініп отырған кемшілік – біздің балаларымыздың бойынан ұлттық құндылықтардың көрінбеуі. Қаны да, жаны да, санасы да қазақ баласын тәрбиелеуде отбасы, балабақшалар мен мектептер осы бағыттағы жұмыстарды атқаруда нақты іске қарағанда қағазбастылыққа көп ден қоюда.
Білім беру ордаларында оқушыларға саналы тәрбие беру мақсатында тиісті жобалар бойынша жұмыстар ұйымдастыру көзделген. Алайда ол жұмыстардың жүзеге асу жағдайы қандай халде? Тиімділігі мен сапасы қандай дәрежеде? Жұмыс нәтижелерін кімдер және қалай бағалап жатыр? Жалпы тәрбие беру жұмыстарының жүйелілігі қандай деңгейде?
Осы орайда өткен жылдың желтоқсанында облыстық мәслихат төрағасына облыстық мәслихаттың 2025 жылға арналған жұмыс жоспарына «Орта білім беру мекемелеріндегі тәрбие беру жұмыстарының тиімділігі мен сапасы жайлы Қызылорда облысының білім басқармасы басшысының есебін» енгізу ұсынылды. Аталған ұсынысты депутаттар мен облыстық мәслихат төрағасы қолдады. Білім саласындағы тәрбие беру жұмыстарының сапасын қарау ағымдағы жылдың 2-тоқсанына жоспарланды. Осыған байланысты менің ұсынысыммен осы жылдың қаңтарында ауданға қарасты барлық елді мекен мен Байқоңыр қаласы, Төретам кенті, Ақай ауылындағы барлық мектептің балалар тәрбиесіне қатысы бар мектеп басшылары, мамандар, сынып жетекшілері мен ата-ана кеңестері өкілдерінің қатысуымен 3 дүркін кездесу өткізіліп, «Мектептердегі тәрбие беру жұмыстарының сапасын арттыру үшін қандай өзгерістер болу қажет?» деген тақырып жанжақты талқыланды. Осы жиындарда тәрбие жұмыстарына байланысты жинақталған ұсыныс-пікірлер мен мемлекеттік қызметте еңбек ету барысында жинақталған тәжірибем негізінде мына мәселелерге назар аудартқым келеді.
Жас ұрпақты рухани-адамгершілік қасиетке баулу, тәрбиелеу – барлық кезеңде өзекті. Тәрбие мен білім беру өзара тығыз байланысты, бір-бірінен бөліп алуға болмайтын біртұтас жүйе. Білім беру ұйымдарындағы тәрбие пән мазмұны, сынып сағаттарының және мектептен, сыныптан тыс қосымша білім беру мазмұны арқылы жүзеге асады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы қасиетті Түркістан қаласы (2023 жылдың 17 маусымы), Түркі елінің шаңырағында өткізілген «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты ІІ Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «...Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл үлкендердің кінәсі» дей келе, «Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Мемлекеттің ең басты байлығы – адам, яғни азаматтар. Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс. Сол сияқты мектеп те – білімнің ғана емес, тәлімтәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай балабақшадағы және мектептегі тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ белсене атсалысуымыз қажет. Балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал. Оқушылар мектеп бітіргенде, ең алдымен, адал азамат болып шығуы керек..., әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер» болатынын нақты атап көрсетті. Осы тапсырмаға сәйкес 2023 жылдың 19 қыркүйегінде ҚР Оқуағарту министрінің бұйрығымен «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» қабылданды. Бұл құжаттың мақсаты – жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеу. 2024 жылдан еліміздің Оқу-ағарту министрлігі Біртұтас тәрбие бағдарламасының жаңартылған формасын енгізді. Осы арқылы, тек қана мектеп емес, ата-ана, білім ошағы үштік болып, болашақ ұрпақты тәрбиелеу міндеті алдымызға қойылды. Жалпы бағдарлама орта білім беру мекемелеріндегі тәрбие беру жұмыстарының жүйелі жүргізілуіне бағытталған.
Ұстаздар, ата-аналар мен оқушылардың ойынан шыққан, білім саласының уәкілетті мемлекеттік органы тарапынан әзірленген, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған негізгі құжат болып саналады және пайдасы мол бастама деп айтуға болады. Алайда, аталған бағдарламаның іске асырылып жатқанына екі жылға жуық уақытта іс жүзінде әртүрлі кедергі мен үйлесімсіздіктер орын алып жатқаны мектептерде болған кездесулерде байқалды. Олардың сантүрлі объективті және субъективті себептері бар екені белгілі. Олқылықтар тікелей бағдарламаны іске асыру барысына және бағдарламамен қамтылмаған сол тәрбие жұмыстарына байланысы бар басқа да жағдайларға қатыстары бар деп айтуға болады. Біртұтас тәрбие бағдарламасының мақсаты білім беру мазмұны, сынып сағаттары мен сыныптан тыс іс-шаралары арқылы 6 құндылықты енгізу жүзеге асырылады, олар – Тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық. 8 әлеуметтік жоба мен іс-шаралар арқылы аталған құндылықтарды оқу бағдарла­ масына кіріктіру межеленген. Осы ретте мектептерде оқу жылының басында қабылданған Бағдарламаны жүзеге асыру бойынша жұмыс жоспарымен танысуда негізгі жауапкершілік директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, сынып жетекшісі, жоба (үйірме) жетекшісі, тәлімгер мен психологтарға жүктелгені байқалады. Оның ішінде сынып жетекшісіне айрықша жүктеме түсіп тұрғаны айдан анық. Қазіргі таңда сынып жетекшісіне көп жауапкершілік міндеттелген. 15 оқушысы бар сынып жетекшіге 10 мың теңге төленсе, одан төмен бала болса 5 мың төленеді. Оқушылардың шығармашылығын дамыту, балалардың бойына рухани қазынаны сіңіруде «Мектеп театры» жобасы енгізілген. Театр өнері аса талғампаздық пен шынайылықты талап етеді. Кәсіби актерліктен алыс болса да жас өнерпаздар басты рөлдерді сомдайды. Сахнадағы қойылымдар оқушылардың киелі сахнаға шығып қалыптасуына септігін тигізіп, рухани тәрбиелейтіні сөзсіз. Әр баланың жұлдыз болып жануына ұстаздың ықпалы зор. Ал осы керемет бастаманы іске асыратын жоба жетекшісіне ешқандай жалақы төленбейтінін, яғни ақысыз негізде атқарылатынын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Осы жобаны жүзеге асыру үшін сахналық киім, дыбыс күшейткіш аппаратура, декорацияға қаржы қарастырылса деген ұсыныс айтылуда. Жалпы бағдарлама аясындағы жобалардың толыққанды жұмыс жасауы үшін барлық жоба жетекшілеріне ақы төленгені дұрыс болады. Яғни мамандар ақылы негізде жүргізілгенін қалайды. Ақысыз болған соң кез келген жұмыстың құр науқаншылдық сипат алатыны белгілі. Осы ретте 2023 жылы алдырылған «Мектеп театры» жобасы бойынша деректер келтіруге болады. Облыста жалпы мемлекеттік 295 мектеп бар. Оның 294-інде «Мектеп театры» жобасы жұмыс жүргізеді. Оларда 171324 бала оқиды. Жобамен қамтылған бала саны 24636, яғни 14,37 пайыз. Оның ішінде жобаға қатысатын нашар оқитын бала саны 1001, яғни 0,58 пайыз. Осы жерде атақты ұстаз Ш.Амоношвилидің ұстаздарға берген кеңесі ойға келеді: «Бәрінен бұрын нашар оқитын оқушылармен мақтану керек, өйткені нақты сол оқушылар сәл де болса алға жылжиды (күшейеді). Сол жалқау, салақ, талапсыз оқушыны құтқарыңыз – ол сіздің күшіңіздің өлшемі болады.» деген. Балаларымызға ұлттық құндылықтарымызды сіңіру мәселесі тек қоғамдық негізде жұмыс атқаратын сынып жетекшілері мен жоба жетекшілерінің қолында (мойнында) болғаны қандай нәтижеге жеткізеді? Жалпы орта білім беру мекемелерінде бүгінде қалыптасқан жағдай – тәрбие жұмыстарын күшейту мақсатында, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагогпсихологтар мен әлеуметтік педагогтердің жалақыларын өсіру қажеттілігін туындатып отыр. Осы бағдарлама аясындағы «Балалар кітапханасы» жобасына белсенді қатысқан, жетістіктерге қол жеткізген ұстаздарды да моральдық және материалдық ынталандыру маңызды шаралардың бірі болып табылады. Педагогтер өз шәкірттерімен жұмыс уақытынан кейін айналысады және оған көп уақыт пен күш жұмсайды. Кейде бұл қаржылық жағынан өтелмейді. Мұндай мұғалімдерді ынталандыру олардың ынтасын, әл-ауқатын арттырады, ақшалай сыйлықтарды кәсіби өзін-өзі дамыту үшін пайдалануға мүмкіндік береді. «Балалар кітапханасы» жобасы аясында мектепте кітап оқыған оқушыларға өз қалталарынан қаржылай сыйлық беріп, жұмысты жандандырып жатқан ұстаздар кездесетіні мәлім болды. Осыған орай, аталған жобаға қатысатын оқушыларды ынталандыруда қаржы қарастырылса деген ұсыныс та айтылуда. Оқушыларды кітап, көркем шығармаларды оқуға қызықтыруда мектептегі кітапхана жұмысы жандандырылсын деген ұстаздар қауымының ұсынысы болды. Ата-ананың жауапкершілігі баланы өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз және ата-ананың орны бөлек. Бала өмірінің басым бөлігі отбасында өтеді. Оның тәрбиесі ата-ана үшін күрделі де жауапты. «Білім туралы» ҚР Заңының 49-бабына сәйкес ата-аналар және кейбір заңды өкілдері балалардың ҚР Білім беру ұйымдарында орта білім алуын, балалардың оқу орнында сабаққа қатысуын қамтамасыз етуге, себепсіз сабақтан қалдырмауға міндетті десе де, осы талап ата-аналар тарапынан тиісті деңгейде жүзеге аспай отыр. Бүгіндері оқушыларға көшенің ықпалы басымырақ екені жасырын емес. Себебі қазір барлығы әлеуметтік желіде отырады. Желінің екі жағы бар. Оқушылардың соның жақсы жағына қарағанда теріс парақшаларын көбірек пайдаланатынын күнделікті өмірде көріп жүрміз. Оның үстіне оқушылар мектепте де ұялы телефондарын еш кедергісіз қолданады. Ол жағдай өз кезегінде білім беру процесіне айтарлықтай кедергі келтіретіні белгілі. Ал, негізінде бала мектепке телефон көруге емес, білім алу үшін келу керек екенін, ата-ана ол баланың мектепте білім алуына заң алдында жауапты екенін сезіндіретін сол жоғарыда айтылған 49-баптың талаптарын орындамағаны үшін жауапкершілікке шақыратын заңдылық, яғни, осы ретте Әкімшілік құқықбұзушылық туралы ҚР Кодексінің негізгі (көбіне қолданылатын) 127, 442-баптары болып табылады. Ал, ол жағдайда жұмыс жасау құзыретіне қарай ішкі істер органдарының өкілдері арқылы атқарылатын болады. Сондай-ақ, қандай да оқушы тарапынан мектептен тыс уақытта болған құқықбұзушылық фактілері анықталған жағдайда, ата-анаға айыппұл төлету арқылы жауапкершілігін арттыру жөніндегі заң талаптарын барынша қолдану қажет екенін мектеп өкілдері тарапынан жеткізілді. Сондықтан ата-ана жауапкершілігін іс жүзінде заң аясында арттырып, баланың тәрбиесімен айналысуға ата-аналарды міндеттеу бағытында жұмыстар белсенді жасалғаны жөн болар еді. Алайда, білім ошақтарының көпшілігінде әсіресе ауылдық елді мекендерде орналасқан мектептерде ішкі істер инспекторларының болмауы айтылған жұмыстардың алға жылжуына тосқауыл болатыны анық. Ата-ана жауапкершілігін арттыру – жоғарыда айтылған Бағдарламаны іске асыру барысында да өте маңызды. Мектеп қабырғасында басталған тәрбиеге байланысты іс-шаралар отбасында, қоғамдық орындарда жалғасын тауып жатуы әбден керек. Бұл жерде ата-ананың рөлі өте зор. Атап айтқанда, балаларды кітап оқуға бейімдеу, мектеп театры жұмыстарына қатыстыру (рөл сомдауға қызығушылық білдіріп, бағыт алған бала алдыменен кітап оқитынын естен шығармауымыз керек). Ал, балалардың сол ұялы телефон арқылы алған ақпаратты қорыта білуі, бос уақытын дұрыс пайдалануы, қаржы сауаттылығын мектеп қабырғасынан бастап біле бастауы – ата-аналардың ерекше бақылауында болу керек. Осы орайда тағы бір мәселе бар. ҚР «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» заңында (27бап, 1-тармақ, 1-11-тармақшасы) «атқарушы билiктің мемлекеттiк саясатын тиістi аумақты дамыту мүдделері және қажеттіліктерімен үйлесімдікте жүргізуді қамтамасыз етеді» делінген болса, жергілікті атқарушы биліктің қоғамдық дамыту саласындағы өкілетті құрылымдардың міндетіне «мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы, үкіметтік емес ұйымдар үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын іске асыру» жатады.
Мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы іс жүзінде жергілікті билік (мемлекет) пен заңды тұлға болып құрылған көпшілігінде үкіметтік емес ұйымдардың (азаматтық қоғам) арасындағы байланыспен шектеледі. Ал, өкінішке қарай әр мектеп жанында жұмыс жасап жатқан ата-аналар кеңестері биліктің назарынан тыс қалған. Өйткені олар (көпшілігі) заңды тұлға болып құрылмаған. Десе де, олар да азаматтық қоғамға жатады. Сондықтан қазіргі алыпұшып тұрған заманда мектептегі тәрбие жұмыстарын күшейтуге ел болып өз деңгейінде атсалысамыз дейтін болсақ, мемлекет тарапынан, яғни оның тиісті құрылымдарынан ата-аналар қауымына қуатты қолдау немесе қозғау жасау қажет. Ата-аналармен қарым-қатынасты жасауды тек мектепке ысырып қойғанымыз үлкен қате. Қарап отырсақ, аудандық, ауылдық елді мекендерде орналасқан мекеме, ұйым, кәсіпорындардың ішінде ең ірісі орта мектеп болып қалғанын байқаймыз. Әрқайсысында кемінде 50-60 ересек адам жұмыс істейтін болса, кемінде 200-ге жуық бала білім алады. Бүгінгі күні ел болып, оның ішінде ішкі істер органдарының өкілдері, ата-аналар, жергілікті билік болып тәрбие мәселесімен айналысып, ұстаздар қауымына жәрдемдеспесек, ертең кеш болуы әбден мүмкін. Біз бір нәрсені әрқашан есімізде сақтауымыз керек: тәрбие алмаған баладан ертеңгі күні маргинал жастар, деструктивті элементтер, қылмыскер мен масылдар шығады. Оларды тәрбиелеу өте қиын шаруа екені белгілі.
Білім мен тәрбие егіз десек, сол тәрбиенің бір қанаты – баланы жас кезінен бастап еңбекке тарту болып саналады. Оқушылардың мектептегі еңбегін реттеу мәселесі заңда қалай көрініс тапқан дегенге келсек, еліміздегі бала еңбегіне қатысты заңнамаларда олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға басымдық берілген. Осы саладағы басты құжаттың бірі саналатын «ҚР-дағы бала құқықтары туралы» заңның «Баланың еңбек бостандығына құқығы» атты 16-бабының 4-тармағында «Баланы оның денсаулығына қауіп төндіруі немесе білім алуына кедергі келтіруі не оның денсаулығына және дене бітімі, ақылойы, рухани, моральдық және әлеуметтік жағынан дамуына нұқсан келтіруі мүмкін кез келген жұмысты орындауға қабылдауға немесе тартуға тыйым салынады» делінген. Бұл заң бойынша, егер бала ата-анасының ерікті келісімінсіз еңбекке тартылса, онда бұл еңбекке мәжбүрлеу. Бұл ретте оған физикалық, психикалық нұқсан келді ме, әлде жоқ па, ол маңызды емес. Аталмыш заңға сәйкес, тіпті оқушыларды кезекшілік, еден, парта жуғызу, мектеп ауласын тазалату шараларын да еңбекке мәжбүрлеу деп қабылдауға болады. Мұғалімдердің оқушыларды қоғамдық пайдалы еңбекке тартуға қатысты шарасыздығы осыған келіп тіреледі. Мектептерде ертеде еңбек сабағында ер балалар станок пайдаланған. Сол балалардың оқу үлгерімі нашар болса да мектеп бітірген соң бірі токарь, енді бірі ағаштан түйін түйген ұста болған. Осының өзі балалардың бос уақытын тиімді пайдалану емес пе?! Қазіргі кезде балаларды еңбекке баулу теория жағынан оқытылғанымен, тәжірибе тұрғысынан қолданылмайтыны, баланы еңбекке тартуға материалдықтехникалық базаның сәйкес келмейтіні, бұл мәселе соңғы жылдары білім беру мазмұнынан тыс қалғаны айтылып жүр. Әрбір жас жігіт, жас қыз 11-сынып бітіргенде белгілі бір, нақты кәсіптік мамандықты игеріп, ұл бала үйдің сыртқы, еркекке тән жұмыстарын, қыз бала үйдің отанасына тән жұмыстарын толыққанды атқара алатындай болып шығуы керек. Сонда ғана бәрі дұрыс болады. Қазіргі жағдайда олар күректі айырдан, балтаны балғадан ажырата алмайтын дәрежеде тәрбиеленуде. Жастайынан еңбек етіп өспеген, жұмыс істеп шыңдалмаған жеткіншектен күні ертең қандай азамат шығады? Егерде бала болашағының жарқын болғанын қаласақ, оны еңбекпен тәрбиелеудің еш айыбы жоқ екенін түсінуіміз қажет. Осы жағдайда көрші Өзбекстан мемлекетіндегі тәжірибені негізге алып қолөнер жұмыстарымен айналысатын ақылы үйірмелер ашылса, деген ұсыныстар берілді. Осы ретте оқушылардың мектептегі еңбегін реттеу мәселесі заң жүзінде қайта қарауға жатады деген ойдамыз. Оның үстіне қазіргі күнде сол жұмысшы мамандарының тапшылығы орын алып жатқан заманда еліміздегі бала еңбегіне қатысты заңнамалар да, олардың ең алдымен мамандық алып тұрақты жұмыс орнына ие болуына басымдық берілгені жөн болар еді. Сондықтан да осыған байланысты мәслихат шешімінің жобасында тиісті уәкілетті мемлекеттік органдарға қозғау салу жайлы ұсыныс енгізген орынды болмақ. Тәртіп мәселесі Шығыс ойшылы әл Фараби бабамыз «Адамға ең бiрiншi бiлiм емес, тәрбие берiлуi керек, тәрбиесiз берiлген бiлiм – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өмiрiне опат әкеледi» деген. Ұлы ғұламаның осы ұстанымын еліміздегі барлық деңгейдегі билік өкілдері өздерінің қызметтерінде басты қағидасы етіп әрдайым басшылыққа алып жұмыс жасағаны абзал.
Бүгінде ұрпақ тәрбиесімен тікелей әлеуметтік желілер айналысып жатқаны баршамызға мәлім. Әлеужеліге бесіктен белі шықпаған балалар мен әлі оңы-солын танып үлгермеген жасөспірімдеріміздің үйір болуы ата-аналарды қатты алаңдататынын аңғаруға болады. Осындай жағдайды ескеріп, әлем елдері мұның одан әрі етек алуына жол бермеу үшін TikTok-қа шектеу қою немесе ондағы контентке бақылауды күшейтуді қолға алуда. TikTok-тың шыққан жері болып саналатын Қытайдың өзінде бұл платформа қолжетімді емес. Бұл жөнінде бірнеше рет ҚР Парламентінің депутаттары жекелеп те, тобымен де сол парламент қабырғасында Үкімет басшыларына TikTokтағы балалардың санасын улайтын, теріс әдеттерге шақыратын барлық контентке шектеу қою және кәмелеттік жасқа толмаған балалардың пайдалануына қатаң шектеу қою немесе мүлдем тыйым салу тетіктерін қарастыру жайлы сауалдар жолдаған болатын. Алайда, мәселе шешімін тапқан жоқ. Осы ретте осындай елімізде қалыптасқан жағдайды көріп отырып, екі қол, екі аяқсыз өмірге келген Аустралияның «Ең жас аустралиялық азамат» атағының иесі Ник Вуйчич жайлы әңгіме еріксіз еске келеді. Дәлірек айтқанда, ата-анасының баласының мүгедектерге арналған мектепте емес, қалыпты мектепте білім алу үшін мемлекеттік заңға өзгеріс енгізуі, қарапайым ата-ана мен мемлекеттің жоғары органының арасындағы орын алған қарым-қатынасы таңқалдырады. Осы тұрғыда сессияда бала тәрбиесіне сәйкес қаралып жатқан күн тәртібіндегі мәселе туралы қабылданатын мәслихаттың шешіміне алдымызда айтылған Парламент депутаттарының сауалдарына қолдау көрсетіп, TikTok платформасына шектеу қою немесе тыйым салу жөнінде ҚР Парламентіне ұсыныс енгізген дұрыс болар еді.
Мектеп пен бала арасындағы қарымқатынас жүйесін сынып ұжымының тәрбиелік қызметінің сан қырлы түрлері арқылы ұйымдастыратын кәсіби педагог. Қазіргі таңда мұғалімдерге көп жауапкершілік міндеттелген. Дегенмен, «Педагог мәртебесі» туралы заң шыққанымен, кейде талаптары орындалмай жатады. Түнгі кезекшілік, үй аралау қай жақта болса да барлығы мүғалімдерге жүктеледі. Аудан орталығы мен ауылдарда жалпы қоғамдағы тәртіпті бақылау мақсатында ұйымдастырылатын кешкі кезекшілікке тек білім саласының қызметкерлері қатысады. Сол полиция қызметкерлері, басқа да мекеме, кәсіпкерлер қауымының өкілдері, өндіріс ұжымдары түнгі кезекшілікке неге шықпайды деген сұрақтардың көтерілуі заңды. Жалпы құқық қорғау органдары мамандарының пікірлері бойынша түнгі мезгілде қоғамдық тәртіпті бақылауға шығатын мекемелерден құралған топтың құқықтық мәртебесі осы уақытқа дейін заң жүзінде айқындалмаған. Осының салдарынан көпшілік жағдайда құқықбұзушылықтарға жол беріп жатқан жасөспірімдерге немесе олардың ата-аналарына шара көрілудің орнына ағайынгершілікке салынып, ымырашылдыққа бару жағдайлары орын алып жатады. Ал заң жүзінде құқық қорғау органдары, әкімдік қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар мен мекеме, кәсіпорын өкілдерінен, Жастар ресурстық орталығы мен еріктілерден құралған топ жасақтап, ойыналаңдары мен ойын-сауық орындарын аралап, заңды өкілсіз жүрген жасөспірімдерді және маргиналды жастарды анықтап, профилактикалық жұмыстар жүргізіп, дер кезінде тиісті шешім қабылдауда бірлескен түрде жұмыс жасауға болар еді. Айта кету қажет, құқықбұзушылықтардың басым көпшілігі жазғы айларда студенттер мен оқушылар сабақтан бос уақытта орын алады. Осыған орай ауылдық жерлерде әсіресе аудан орталықтарында жасөспірімдер мен жастардың жазғы демалысын тиімді пайдалануда белсенді жастарды жинап, арнайы жазғы мерзімде түрлі спортық жарыстар ұйымдастырған пайдалы іс болар еді.
Жастар арасында тәртіпті сақтау жұмыстарында маңызды мәселелердің біріне – қала, кенттерде орналасқан қаңырап бос қалған ғимараттарды бұздырып немесе қоршатып, оларды жасөспірімдер жиналатын ортаға айналдырмау мақсатында тиісті шаралар қабылдау қажеттілігі туындап отыр. Және де ішкі істер органдары мен қорғаныс істері бөлімшелері тұрақты байланыста болып 1830 жас аралығындағы топтық төбелестің белсенділерін, яғни «маргиналды» жастарды ұдайы түрде әскерге жіберуді басты назарда ұстау қажеттілігі жайлы ұсыныстар айтылуда. Басқару жүйесі «Педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27-қаңтардағы №83 бұйрығына жақында ғана, яғни ағымдағы жылдың 25-ақпанында өзгеріс енгізілді. Онда педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттары жаңа редакцияда жазылған. Осы Педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттары педагогтерді аттестаттаудан өткізу тәртібін айқындайды. Өз кезегінде аттестаттау педагогтердің біліктілік деңгейін анықтау мақсатында жүргізілетін рәсім. Оның нәтижелері бойынша осы Қағидаларға сәйкес біліктілік санаттары беріледі (расталады). Ал Біліктілік санаты дегеніміз – «Педагог» кәсіптік стандартына және Педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкес педагогтің кәсіби құзыреттілік деңгейінің көрсеткіші болып табылады. Аталған Қағидаларға сәйкес (13 қосымша) білім беру ұйымы басшысының және білім беру ұйымы басшысы орынбасарының материалдары (портфолио) бойынша бағалау парағы белгіленген. Алайда мектеп басшысының қызметін бағалайтын 19 критерийдің, басшы орынбасарының қызметін бағалайтын 16 критерийдің қатарында тәрбие жұмыстарын атқаруға немесе Біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыруға байланысты бір де бір көрсеткіштің, яғни талаптардың қойылмағанын көруге болады. Ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру мәселесі қоғамдық негізде жұмыс атқарып жатқан сынып, жоба жетекшілерінің қолында болғаны былай тұрсын, жалпы беріліп жатқан тәрбие жұмыстарының барысы мен сапасын, дұрысы мен бұрысын білім саласының уәкілетті мемлекеттік органы қалай анықтап отыратыны түсініксіз. Сөзсіз болашағы бар, маңызы зор нәрсенің өкінішке орай басы бар да аяғы жоққа ұқсайды. Ал енді облыс пен аудандағы педагогтердің оқу жылында жүргізілетін оқу-тәрбие жұмыстары бойынша рейтингісі жайлы да айта кеткен жөн. Қаралған 8 критерийдің біреуі ғана «Оқушылардың байқауға қатысуы (пәндік, спорт, тәрбие)» тәрбие жұмыстарына қатысы бар. Ал атқарылып жатқан бүкіл тәрбие беру жұмыстарының нәтижелері сол 8 критерий бойынша жиналған балдардан шегерілетін индикаторлармен бағаланады. Олар – суицид фактісінің орын алуы, құқықбұзушылық пен қылмыс фактісінің анықталуы, ерте жүктілік фактісінің анықталуы, оқушылардың кешкі мезгілде жүріп есепке алынуы, оқушылардың өмір қауіпсіздігі (жол, су, өрт). Осы ретте айта кететін бір нәрсе, оқу процесіне байланысты критерийлері оң нәтижелермен (жетістіктермен) сипатталса (қамтылса), тәрбие беру жұмыстары орын алған теріс жағдайлармен теріс бағаланады. Бұл рейтингте де Біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында атқарылған әлеуметтік жобалар мен іс-шаралар жайлы ешқандай көрсеткіштер белгіленбеген. «Мектеп театры», «Балалар кітапханасы», «Ұшқыр ой алаңы» және «Волонтерлік (ерікті) қызметі» жобалары бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесі қайда? Тәрбие беру жұмыстарында әсіресе ол жұмыстарды бағалау сәтінде білім беру саласының уәкілетті тұлғалары сол Ш.Амоношвилидің «...Балалардың еңбектерінде мен қателерден гөрі жетістіктерін іздейтін болдым» деген қағидасын басшылыққа алған дұрыс болатын шығар. Осы ретте тәрбие беру жұмыстарын бағалау практикасы мүлдем өзгеруге жатады. Өйткені сол білім беру мекемелеріңде атқарылып жатқан қыруар жоспарлар мен шараларға тиісті әділ баға беріліп отыру әбден қажет. Бұл жұмыс жасалмаса барлығы бекер. Өскелең ұрпақты жанын салып тәрбиелеудегі ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол құрметке лайық. Алайда, көрсетілетін құрмет бағаланған қызметіне тиісті болу қажет.
Ерлан ҚАЛИЕВ,
облыстық мәслихат депутаты

23 маусым 2025 ж. 108 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№45 (10413)

20 маусым 2025 ж.

№44 (10412)

17 маусым 2025 ж.

№43 (10411)

14 маусым 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 958
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30