» » ҚАРЫЗ ҚҰРСАУЫНДАҒЫ ӨМІР

ҚАРЫЗ ҚҰРСАУЫНДАҒЫ ӨМІР

Қазір айналамыздан қарыз сөзін жиі естиміз. Содан болар, қазақтың көбі қарызға белшесінен батқандай көрінеді кейде. Банкке де қарызбыз, бірбірімізге де қарызбыз, қыл аяғы, ораза ұстап, Құдайдың алдында да қарыз болатынымыз бар. Әйтеуір біреу – біреуге, біреу – бізге қарыз болған дәуірдеміз. Расында қарыз алу бүгінгі күннің ажырамас заңдылығына айналып кеткендей. Тіпті тыныстіршілігіміз осыған бейімделіп кеткен. Қарызды кімдер көбірек алады? Оның себебі мен салдары қандай? Саралап көрсек.
КҮЛІП КІРІП, ЖЫЛАП ШЫҒАДЫ
Жуырда бір танысым банк арқылы үй алғалы жатқанын айтты. Соған сенімгер ретінде тұрақты жұмысы бар, бірақ несиесі жоқ адамды тіркеу қажеттігі туындаған. Алайда айналасында несиесі жоқ адамды табу қиынға соққанын алға тартып, маған хабарласқан түрі екен. Мен де «сол көппен біргемін ғой» дедім әзілшыны аралас. Бірақ бұл әзілдейтін де, күлетін де жағдай емес еді.
Яғни, қазіргі адамдардың басым бөлігі «қарызға өмір сүріп жатыр». Онсыз болмайтын да сияқты. Өйткені, жұрт қатарлы өмір сүру керек. Баспана салу, балаларыңды аяқтандыру, оқыту және тағы да қажеттіліктер молырақ қаржыны қажет етеді. Көпшілігіміз солай етіп те жатырмыз.
Қарыздың қайтарымын дәл сол уақытта ойлай қоймаймыз. Адамдардың бір бөлігі бүгінде сәл ақша қажет болса, өзінде жетпесе банкке жүгіретінді шығарды. Соңғы кездері қымбаттау киімнен және тұрмыстық заттардан бастап бәрін де несиеге алушылар саны көбейіп барады. Сауда үйлері мен банктер де бірігіп осындай жарнамаларды үдемелетуде. Солардың арзан сөзіне сеніп ақшаны немесе тауарды тегін беріп жатқандай ұмтыламыз.
Психологтар «несиеге құштарлық – ауру» десе, экономистер «банк халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігін пайдаланып пайдаға батып отыр» дегенді айтады. Бұл да ащы шындық. Банктер тек өзінің пайдасын ғана ойлайды. Көп жағдайда қарызға ақша алуға әйелдер жақын келеді екен. Банктер де осы жағдайды пайдаланып қалуда.
Ал түбіріне үңілсек, қарыз алуды тек Батыстан келген жайт дегенге келісуге болмайды. Қарыз алу Шығыс елдерінде де, қазақ даласында да бұрыннан болған. Бірақ қазіргідей жоғары пайыздық үстемақы туралы естімеген сыңайлымыз.
Бүгінгі таңда қарызын өтей алмай үйінен айырылғандар да, тіпті өзөздеріне қол салғандар да кездесуде. Алайда несиеге жүгінетін жандардың басым көпшілігі қарызды еріккеннен алмайды. Барар жері, басар тауы қалмаған соң ғана несие алуға тура келеді. Бұл жағдайды да банктер тиімді пайдаланады. Қазір бір банктегі қарызыңды жабу үшін екінші банктен де қарыз алуға болады. Мұндай жарнамаларды да күнделікті көріп жүрміз. Ертеңгі күнді ескермей, өзінің төлем қабілетін есептемей қарыз алу жақсылыққа апармайтынын біле тұра, бұл қадамға баруға мәжбүр.
Дегенмен де қазіргі күні ақшасыз күн көру қиын. Пол Гетти деген данышпан «Егер сіздің ақшаңыз болмаса, сіз ақша туралы ойлайсыз. Ал егер ақшаңыз бар болса, онда ақшаны ғана ойлайсыз» деп айтыпты. Иә, ақшасыз қазір ештеңе де істей алмаймыз. Біздіңше, ақшаның соңынан қуудың қажеті жоқ, оның қарсы алдынан шығу керек. Қалай десек те ақшаның маңызы бар. Проспер Мериме айтқандай, «Ақшадан басқа да маңызды дүниелер бар, бірақ оларды ақшасыз сатып ала алмайсың». Еңбек етсең ғана ақша болады. «Басқаның қалтасындағы ақшаны санау әдепсіздік, бірақ қызық» деп айтса да өз қалтамызда адал еңбекпен табылған ақшаның болғанына не жетсін.
ҚАРЫЗ ҚАТЫНАСТЫ БҰЗАДЫ
Расында қарыз үшін адамдар арасындағы туыстық, достық немесе басқа да таныстық қарымқатынастардың бұзылуы жиі кездеседі. Көбіне адамдар туыстарынан, таныстарынан, болмаса банктен немесе басқа да қаржы ұйымдарынан қиналған сәтте қарызға ақша алып, оны қайтару мәселесіне тиісті жауапкершілікпен қарамай жатады.
Статистикаға сүйенсек, берілген қарыздардың 50%-ы қайтарылмайды. Қарызды қайтару мәселесінде адамдардың сараңдық танытуының негізгі себебі неде? Адам ақша түскенде бірінші кезекте жеке басының, отбасының қажеттіліктерін өтеуге тырысады. Осылайша, біреудің алдындағы қарызы көбіне ескерілмей жатады. Ал туысына, досына немесе жақын танысына қарыз берген адам ақшасын сұрауға қысылады. Кейбірі борышкердің жағдайына түсініс­ тік танытып, сабыр сақтауға тырысады. Алайда бұдан былай ол адамға деген сенімі азайып, көзқарасы өзгеруі әбден мүмкін. Ақшаға бола қарым-қатынасты бұзбауға қанша тырысқанымен, көңілі қалып, іштей қынжылатындар бар.
Бұл орайда, психолог мамандар мүмкіндігінше ешкімге қарыз бермеуге кеңес береді. Берген күннің өзінде, ол ақшаның қайтпауына іштей дайын болып, қалтаңызға да, көңіліңізге де ауыр тимейтін соманы берген дұрыс деп есептейді. Кейбір мамандар адам ақшамен бірге өз энергиясының бір бөлігін береді деген сенімде.
Ең өкініштісі, қарызды қарызбен жабуды әдетке айналдырып алғандар да бар. Банкке де, туған-туыс, досжарандарына да қарыз болып, қоңырауларына жауап бермей, қашып жүреді. Іштей ауыр күйзеліске түскен мұндай адамның басындағы қарызы, уайымы оны сорақы ойларға итермелеп, тіпті, қайғылы жағдайға да жеткізуі мүмкін. Кейбірі құмар ойындарға салынып немесе қылмысқа барып, ақша табудың оңай жолын іздейді. Тығырықтан шығатын жол таба алмайтындай көріп, өз-өзіне қол жұмсайтындар да қаншама?! Осының барлығы – адамдардың қарыз мәселесіне немқұрайлық танытуына байланысты туындайтын мәселелер.
Экономистер қазақстандықтардың қарызға батуына тиімсіз жоспарлау мен қаржылық сауаттылықтың төмендігі де себеп болып жатқанын айтады. Несиені рәсімдеу кезінде көптеген адам өздерінің мүмкіндіктері мен тәуекелдерін талдамайды. Жұмыстан айырылу немесе күтпеген шығындар туындау мүмкіндігін ескермейді.
БАНК БАЮДА, АДАМДАР ШЕ?
Бүгінгі таңда ел азаматтарының несиеге белшесінен батуы – көкейкесті мәселе. Жеңілдік көп деп, жарнамасы жарқыраған банктердің бірнешеуіне кіріп көрдік. Алайда менеджер алдына отырып, қажет сумманы есептетсеңіз жеңілдік жоқ. Бұл жұрттың назарын аудару үшін жазылған жылтырақ сөз болып шықты. Керісінше, олардың бір тиынды үш тиын етіп қайтаруды мақсат ететіні байқалады. Несие пайызын төменірек етіп көрсеткенімен, оны комиссиялық, өзге де төлемдер бойынша еселеп қайтарып алады. Бірақ осыған қарамастан қарыз алушылардың қатары азаймауда.
Банк қызметкерлерінің айтуынша, тұрғындар жылжымайтын және жылжымалы мүліктен өзге, үйлену тойы, құдалық, бесік той, сүндет той, тағы басқа отбасылық мерекелерді өткізу үшін көбірек несие алады. Ал дүбірлі думан ұйымдастыру бүгінде сауық-сайран бизнесіне айналып отыр. Өзара бәсекелестік, сыпсың әңгімеден қашып, жұрттың бірінен-бірі қалмауы – байдың барын шашып, жоқты қарызға батыратын жағдай қалыптастыруда.
– Менің ойымша, салтанатты той өткізу үшін қарыз алудың қажеті жоқ. Несие негізінде бизнес үшін немесе табыс түсімін қамтамасыз етуге салынуы қажет. Егер той-думан үшін несие алсаңыз, өзіңізді және балаларыңызды қауіпті жағдайға қалдырасыз. Бұлай жасауға болмайды. Отбасылық думан үшін мұндай қадамға барушылардың әрекетін сөге алмаймын, десе де ол алысты ойламағандық, бір күндіктің қамы деп түсінемін. Ал несие алсаңыз, оны білімге, бизнес ашуға жұмсауға болады. Тек тойға емес, – дейді кент тұрғыны Нұргүл Ибраева.
БОРЫШКЕР СИНДРОМЫ
Қарыздың қоғам дертіне айналуына орай елімізде «Қарызсыз қоғам» жобасы қолға алынды. Бұл жобаны іске қосудың негізгі себебі – ел тұрғындарының қаржылық сауатының төмендігі. Осылайша қоғамда борышкер синдромы пайда болды. Елде 2 млн-ға жуық адамның несие төлеу мерзімі өткен. Бұл адамдарда бірнеше несие бар. Олар алдыңғы несиені жабу үшін жаңа несиеге өтінім береді де қарызға бата түседі. Көптеген адамдар жіберетін ең өрескел қателік – несиені өтеу үшін жаңа несие рәсімдеу.
Мамандардың зерделеуінше, несие мәселесі бар қазақстандықтардың көпшілігі міндетті емес қажеттіліктерге несие алған деген қорытындыға келген. Тұрғындардың тағы бір санаты негізгі азықтүлік бағасы өсіп, оған табысы жетпегендіктен, несие алуға мәжбүр болған. Халықтың несиеге батуының басты себептерінің бірі тұтыну мәдениетінде де жатыр. Адамдар өз шамасынан тыс ақша жұмсайды. Осыған байланысты қолда бар қаражатпен өмір сүру, үнемдеу, жоспарлау секілді қаржылық сауаттылық принципі бұзылады. Әсіресе елімізде несие құрсауында қоғамның осал топтары әйелдер мен жасөспірімдер көп екені анықталған. Елдегі жастардың 80%-ы несие алған. Бұл негізінен – брендтік гаджет сатып алу үшін несие алған студенттер. Жастардың тек 3%-ы ғана бизнес ашуға несие рәсімдесе, қалған 97%-ы бос заттарға қаржы жұмсаған. Бұл да тұтыну мә­ дениетінің төмендігін көрсетеді.
Әйелдерге келсек, олар күйеуінің, ағасының немесе жақын туысының қарыздарын өтеу үшін несие алуға мәжбүр болған. Сондықтан «Қарызсыз қоғам» жобасындағы өтініштердің көпшілігі өзіне, отбасына қандай да бір жолмен көмектескісі келетін және кредиттік берешексіз жаңа өмір бастағысы келетін әйелдерден келіп түскен.
Бүгінде ел арасында «Несиесі жоқ қазақ – қазақ емес» деген әжуа мәтел де бар. Ол да босқа айтылмаған. Кейбір деректер бойынша борышкерлердің басым бөлігі, яғни 90 пайыздан астамы қазақтар екен. Шама-шарқына қарамай несие алғыш деп қазаққа қара күйе жағудың да қажеті жоқ. Бұл – әлем бойынша кең таралған тәжірибе. Несие арқылы тұрмыстық жағдайларын түзеп жатқан шетелдіктер аз емес. Бірақ шетелдік банктер мен біздің қаржы ұйымдарының ұстанған бағыты мен жұмысын тіпті де салыстыруға келмейді. Әлемдегі өзге елдердің банк қызметіне бір сәт көз жүгіртіп көрсек. Мәселен, ипотекалық несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі Жапонияда – 1,68, Швейцарияда – 1,75, Финляндияда – 1,83, Германияда – 1,90, Люксембургте 2,00 пайыз көлемінде екен. Байлы-бақуатты, төлеу мүмкіншілігі жоғары халқы бар елдердің өзі біздің «жетістікке» жақындай алмайды. Ал Қазақстан халқы миллионерлерге ұқсап, осы уақытқа дейін жылдар бойы 20-30 пайызбен, айыппұлды қосқанда ақшаны екі есе қайтарып келді. Тіпті дәулетімен мақтана алмайтын Кипр, Хорватия сияқты ергежейлі елдердің өзінде банктік мөлшерлеме 4 пайыздан аспайды. Ал ислам банктері несиені ешқандай үстеме мөлшерлемесіз береді. Осыдан кейін қазақтардың қарызы көп деген пікірдің тағы бір себебі айқын көрініп тұр емес пе?
ШАРИҒАТ ШЕҢБЕРІНДЕ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қарыз беру мен оны қайтаруға қатысты әдептерді білмегендіктен, кейде білсе де дұрыс амалға асырмағандықтан адамдардың арасында реніш, өкпе, сенімсіздік, сыйластықтың бұзылуы сияқты келеңсіз жайттар орын алып жататынын айтады.
Тіпті, адам дүниеден өткеннен кейін жаназа намазы алдында марқұмның дүниедегі қарызы сұралады. Қарызы болса, оның артында қалған дүниесінен беріледі, болмаса жақындары мойнына алады. Қасиетті Құранның ең ұзақ аяты болып табылатын «Бақара» сүресі, 282-аятының қарыз аяты болуы тегін емес. Бұл мұсылман адамның қарыз әдептеріне өте мұқият болып, оған бейжай қарауына болмайтынын білдіреді.
Жаратушы кімге мал-мүлік, дүние берген болса, ол өзінің зекетін беріп өзінен төмен мұқтаждарға, жетім-жесірге көмек беруге парыз етілді. Қарыз беру сауапты істерден болып табылады. Егер біреуге қарыз беріп, оны сұрап бармай сабыр етсе, қарыз алушы қарызын қайтарғанға дейін сауабы келіп тұрады. Ал қарызды кешіріп жіберу – Алланың кешіріміне лайық болады. Хадисте «Кімде-кім бір мұсылманды дүние қиыншылығынан құтқарса, Алла Тағала ол пенденің қиямет күні бір қиыншылығынан құтқарады» деп айтылған. Басқа бір хадисте «Егер кешірімді болсаңдар, ке­ шірілесіңдер» делінген. Ал қа­рыз алып, оны қайтаруға мүм­ кіндігі бола тұра кешіктіру зұлымдық болып табылады. Шариғатымыз қарыз алушы мен берушіге талап пен жауапкершілік жүктейді. Қарыз бергенде әуелі Алланың разылығы болу керек. Ол қарыздан пайда табу, яғни пайызға қарыз беру өсімқорлыққа жатады. Бұлай қарыз беру сауапты іс емес, керісінше күнәға апарады. Қарыз беруші мен алушы сенімділігімен танылған адамға қолхат жаздырып, екі ер кісі немесе бір ер кісі және екі әйел кісінің куәлік етулерімен ешнәрсе көбейтілмей, кемітілмей толық әділдікпен жазылу керек. Ал кісі ақысын жеу – жолы зіл батпан, ауыр күнәлардың бірі. Біреуден қарыз алып, оны қайтармай кету де кісі ақысын жегенге жатады. Қарызы бар адамның берген садақасы да қабыл болмайды дейді исламда. Сондықтан әркім оң мен солына қарап, қарыз бен парызға абай болғаны жөн. Әлбетте, материалдық тұрғыдан да, адамгершілік-моральдық жағынан да ешкімге қарыз болмаған жақсы-ақ.
«Ертеңгі қаржылық жағдайым жақсарып кетер, бүгін қарыз алсам, оны бір амалын тауып қайтарармын» деген алдамшы сенімге бой алдыруға болмайды. Қарызсыз да өмір сүруге болады. Түптеп келгенде, адам өзіне ғана сенуі керек. Бір қарызданып, оны өтеген адамның бойы қарыз алуға үйреніп те кетеді. Өмір бойы қарызданған адамның өмірі – өмір емес. Біреудің ақшасына бір сәттік өмір сүргенше, өзіңнің адал еңбегіңмен, қанағатпен өмір сүрген әлдеқайда қызығырақ. Қарызға батқан адам өз еркінше өмір сүре де алмайды. Оны қарызды қайтару уайымы жегідей жейді. Уайымсыз өмір сүргенге не жетсін?!
Түйін Қарыздың да қасиеті бар. Қарызданушы адам өзіне қарыз берген адамның алдында өзіненөзі төмендеп, тіпті оны «Құдай» көре бастайды. Мейлінше, көзіне түспеуге тырысады, жазатайым кездесіп қалса, реті келсін-келмесін оны көпіртіп мақтайтын болады. Баяғыда біреу Қожанасырдан қарыз сұраса, бермепті. «Неге бермейсің?» деген ғой анау. Сонда ол «Қарыз берсем, көрген жерде сен менен қашып жүретін боласың, сенімен жасырынбақ ойнайтын шамам жоқ, айналайын» деген екен. Сол айтпақшы, құрметті оқырман, сіз біреуден қашып, жасырынбақ ойнап жүрген жоқсыз ба? Қазір қарыз емес адам кемде-кем. Бұл, бәлкім, қоғам қасіреті шығар. Сіз қалай ойлайсыз?
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ


05 маусым 2025 ж. 84 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№41 (10409)

03 маусым 2025 ж.

№40 (10408)

31 мамыр 2025 ж.

№39 (10407)

27 мамыр 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 882
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30