» » ҚЫСҚА КОНТЕНТ МИДЫ ҚҰЛДЫРАТА МА?

ҚЫСҚА КОНТЕНТ МИДЫ ҚҰЛДЫРАТА МА?

Жексенбілік демалыстың бірінде балалармен бірге отбасылық мултьфильм көрмек болдық. Құндылықтың қадірін түсіндіруге бағытталған әлгі фильмді құлыншақтарыммен бірге көру қиынға соқты. Неге дейсіз ғой? Тағаты жетпейді. Қазіргі бала зейінінің тұрақсыздығынан ба екен, білмеймін, көп дүниеге шыдамсыздық танытады. Барлығы «тез болса» дейді. Оның үстіне әлеужелідегі қысқа бейнелерді көріп үйреніп алған.
Рас, смартфон – баланың жаңа тәрбиешісіне, TikTok – жасөспірімнің ұстазына, Instagram – ержетіп келе жатқан жеткіншектің болмыс айнасына айналды. Бұған кім кінәлі? Технология ма, әлде оны тізгіндей алмай отырған ата-ана ма? Балалар қысқа контентке неге құмартып барады? Мұның қандай зияны бар? Саралап көрсек.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІҢ ӘСЕРІ
Қазір еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін телефон қолданатыны белгілі. Жылаған баланың қолына бірден смартфон ұстатып, бастысы тыныш отырса болды дегенді ұстанатын ата-ана да жоқ емес. Осыдан кейін балада телефонға деген тәуелділіктің туындайтынын жоққа шығара алмаймыз. Желіде пайдалы контент қана емес, сонымен қатар балаларға, олардың денсаулығы мен психикалық дамуына теріс әсер ететін ақпарат кездеседі. Ата-ана тарапынан отбасыларда және жақын ортада бақылаудың болмауы салдарынан балалар түрлі жағдайға ұрынып жатады. Бірі сол желі арқылы кибербуллингтің құрбаны болады. Сондықтан ата-ана баланың көріп отырған киносы мен мултьфильмінің жас шектеуіне қаншалықты назар аудару керегін ескергені дұрыс.
Зерттеулерге сүйенсек, Қазақ­ стандағы балалардың 88%-ында жеке смартфон бар екен. Ал атааналардың 62%-ы баласының гаджетке телмірген уақытын бақылайтын арнайы бағдарлама орнатпайды, шектеу қоймайды. Бұл – бала тәрбиесін экранға беріп қою деген сөз. Қай ата-ана баласын бейтаныс адамдармен оңаша қалдырады? Бірақ интернеттегі ашық желі – дәл сондай орта. Абайламаса, сананы улап, көзқарасты өзгертетін, құндылықты терістейтін кеңістік іспеттес. Себебі баланың психикасы, мінезі мен қызығушылығы осы кезеңде қалыптасады. Ал TikTok-тағы кез келген тренд, Instagram-дағы жылтырақ өмір көріністері баланың шынайы өмірден алшақтап, жалған ұғым қалыптастыруына себепкер болып жатқаны да жасырын емес.
Баланың телефонмен тым ерте «қауышуына» себепкер болып отырған да – үлкендердің өзі. Қазір баланың қолына смартфонды «мазаламау үшін» ұстата салатын ата-ана аз емес. Ал кейін баласының виртуал әлемнен шықпай, тұйықталып, күйзеліске ұшырап, агрессияға бой алдырғанына алаңдайтын да тағы сол ата-ана.
Сондықтан елімізде балаларды әлеуметтік желіге тәуелділіктен қорғау үшін тек заңмен ғана емес, қоғамдық санада да бетбұрыс жасау қажет сияқты. Ата-ана баламен сөйлесуді, бірге уақыт өткізуді, кітап оқуға қызықтыруды онымен шынайы өмірде достасуды қайта үйренуі керек. Себебі бала тәрбиесін TikTok-тағы трендтерге қалдырсақ, ертеңгі ұрпақ тек смартфоннан шабыт алатын болады. Ал шабыт қайдан келсе, болмыс та сол жаққа бұрылады.
ҚЫСҚА КОНТЕНТКЕ НЕГЕ ҚҰМАРТТЫҚ?
Бүгінде бәрінен «уақыт жоқ» деген тіркесті жиі естіп жатамыз. Адамның бәрі асығыс. Соның ішінде қысқа бейнелерді көріп уақытты тиімді пайдаланамын десеңіз, қатты қателесесіз. Себебі бірінен соң бірі шыға келетін, шегі де, түбі де жоқ таусылмайтын видеолардан шыға алмай қаласыз. Осылайша уақытты босқа өлтіріп алуыңыз бек мүмкін. Қала берді әртүрлі форматтағы видеоларды көргендіктен, бір сәтте бірнеше эмоцияны бастан өткересіз. Салдарынан бір мезетте күліп, артынан мұңайып, кейінгісінен қорқыныш күйін сезіну ағза үшін де ауыр стресс екенін ескеріп, мұның адам денсаулығына кері әсері барын қаперге алмайтынымыз өкінішті.
«BRAINROT» НЕ МАҒЫНА БЕРЕДІ?
Бүгінде желіде «Brainrot» хэштегімен қысқаметражды анимациялық роликтер тарауда. Оқуағарту министрлігі оны қауіпті дейді. Себебі мұндай роликтер баланың адамгершілік құндылықтарына кері әсер етіп, агрессивті мінез-құлық қалыптастырады. Нейрожелімен жасалған танымал мэмдердің бүлдіршіндер сөзін тез жаттап, әуенімен бірге айтып, әлеуметтік желіде вирус секілді тарап жатқан видеолар көп. Бір тыңдасаңыз тілге жеңіл. Ырғақты рифма, әзіл сияқты әуен, көрінісі күлкілі.
ТікТок пен Instagram желілерінде мұндай 1,5 миллионнан астам видео бар. Олардың барлығы «brainrot» хештегімен жарияланған. Ал мұны қазақ тіліне аударса «мидың шіруі» деген мағына береді.
Айта кетейік, 2023 жылдан 2024 жылға дейін «brainrot» сөзінің қолданылу жиілігі 230%-ға артқан. Осылайша әлемдегі ең үлкен университеттік баспа үйі Oxford University Press мұны «Жыл сөзі» деп таныған. Америкалық нейробиолог Кайра Бобинеттің айтуынша, миымызда хабенула деп аталатын шағын, бірақ маңызды аймақ бар. Мидың бұл бөлігі шешім қабылдау және мотивация сияқты маңызды дүниелерге жауап береді. Тіпті ол мотивацияны қосып, өшіре алады. Хабенула әлеуметтік желілердегі алаңдаушылық пен негативтен шаршап, құтылғыңыз келген кезде іске қосылады. Нәтижесінде адамның бұл күйден шығуы қиын. Өйткені хабенула мотивацияны өшіріп тастайды. Адам пайдалы іспен айналысу керегін біледі, бірақ әлеуметтік желідегі видеодан бас ала алмай отырғандағы күйге хабенула жауап береді. Салдарынан есте сақтау қабілеті нашарлайды. Адам зейінін де, өмір сүруге деген құлшынысын да жоғалтады. Осылайша ми «шіриді».
TIKTOK-ТАҒЫ ЖАҢА ҚАУІП
Жақында желіге белгілі журналист Дина Төлепберген «brainrot» хештегімен жарияланған видеоларда біз біле бермейтін саяси астар барын жеткізетін жазба жариялады. Оның айтуынша, Tralalero Tralala атты әуеннің сөзі – саяси пропагандаға толы, жеткіншектердің миын улауға бағытталған.
– «Tralalero Tralala (Траллалеро траллалла) – жай әуен бе? Әлде ұрпақты діннен бездіру құралы ма? TikTok ашып қалсаңыз, бұл әуенді әндетіп жүрген ұлқызымызды көресіз. Траллалеро траллалла – үш аяғына кроссовки киген акула, итальян акцентіндегі ырғақты рифма, әзіл сияқты: әуені тартымды, көрінісі күлкілі. Мәтіні ше? Траллалеро траллалла – бұл ән емес, бұл дінді қорлау, Алланы мазақ ету. Бірақ бүгінгі бала мұны әуен деп, қайталап айтып жүр. Ол сөздің мағынасын түсінбейді, бірақ миына жазылып жатыр. Құбыжықакуладан кейін абсурд кейіпкерлер шеруі тоқтамады. Кейінгі шыққан Бомбардино Крокодило – «Палестинадағы балаларға бомба тастағанды ұнатамын» дейді. Бұл енді жай қалжың емес, бұл – саяси пропаганда», – дейді журналист.
Дина Төлепберген психотерапевт Шерл Эскиннің пікірін мысалға келтірді: «Итальяндық Brainrot – миға арналған цифрлық кәмпит секілді. Бұл – ата-аналар түсінбейтін құпия тіл. Сондықтан балалар үшін ол керемет болып көрінеді. Бірақ тәттіні тексерсек – нағыз у екен» деген психотерапевт.
Сондай-ақ журналист ата-аналарға үндеу тастады. «Мен ТікТок-ты жабайық демеймін. Мен – диалог бастайық деймін.
– Балаңыз не көріп жүр?
– Не тыңдап жүр?
– Неге күледі?
– Кімге еліктейді?
Бұл сұрақтардың жауабын сіз білмейінше, жауапты нейро жүйе береді. Сондықтан ми шірімесін десек – мағына берейік», – деді ол.
Танымал журналистің жазбасынан соң ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті де балаларға арналған мультфильм ретінде ұсынылған кей контентте деструктивті белгілердің барын растады.
– Интернет кеңістігінде сырт көзге балаларға арналған контент ретінде көрінетін, алайда мазмұнында жасырын деструктивті ақпарат бар мультфильмдердің таралуына алаңдаушылық білдіреді. Мұндай видеолар балалардың адамгершілік құндылықтарына кері әсер етіп, агрессивті мінез-құлық қалыптастыруы мүмкін. Ақпараттық кеңістікте айтарлықтай өзгерістер орын алуда: жаңа платформалар пайда болып, тарату форматы да өзгеруде. Бұл балалардың психоэмоционалдық саулығы үшін қосымша тәуекелдер тудырады, – деді комитет. Комитет қазіргі цифрлық жағдайларды ескере отырып, заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындағанын мәлімдеді. Бұл ұсыныстар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне, сондай-ақ Ішкі істер министрлігіне жолданған.
БАЛАҢЫЗДЫ БАҚЫЛАҢЫЗ
Бүгінгінің баласын смартфон тәрбиелеп жатқаны – ащы да болса шындық. Заманның да ыңғайы осындай болып отыр. Көрсетпеймін, телефон ұстатпаймын деген болмайды. Олай етсеңіз, бала психикасына зақым келіп, өзін қатарластарынан кем көруі мүмкін. Қайтпек керек? Тығырықтан шығар жалғыз жол – баланың не көріп отырғанын қадағалау.
Бала ұяда не көрсе, соны қалыпты, дұрыс деп қабылдайды. Демек, дүниетанымы енді қалыптасып келе жатқан бөбектің көкжиегін кеңейтер көрсетілімдерді саралау – ең алдымен ата-ананың міндеті. Жұмысбастылыққа салынып, тәрбиені уысыңнан шығарып алсаңыз, оның кері әсерінің де зардабын тартатыныңды ұмытпау қажет. ТҮЙІН Бала тәрбиесінде ата-ананың орны ерекше. Ізіңізді жалғастырар ұрпағыңыздың бүгінін назарда ұстау арқылы келешегінің жарқын болуына жағдай жасаңыз. Сіздің бала бойына сіңірген тәрбиеңізді, тәрбиешілер мен ұстаздары үйреткен білімді интернет әп сәтте жойып жіберуі ғажап емес. Сондықтан балаңыздың телефонда не көріп отырғанын бақылауда ұстаңыз. Әйтпесе бармақ тістеп қалуыңыз әбден мүмкін.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
30 мамыр 2025 ж. 89 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№40 (10408)

31 мамыр 2025 ж.

№39 (10407)

27 мамыр 2025 ж.

№38 (10406)

24 мамыр 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 844
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30