» » Танымалдыққа талпынғандар

Танымалдыққа талпынғандар

Қазір екінің бірінің қолында телефон. Жай телефон емес, смартфон. Алысты жақындатып, әлемдегі жайттың бәрін бір ғана тетікпен көріп қарауға болады. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін телефонның құлағында ойнайтынын қайтерсіз? Жақсыны үйреніп, игі дүниені үйренсе құба-құп. Әйтсе де жоқтан өзге керексіз нәрсемен уақыт өлтіріп жатқандары қаншама?!
Қоғамда бір жайсыз оқиға бола қалса, сол жерде біздікілер бірден телефонға түсіріп әлек. Кісіге көмек қолын созу деген ой жоқ. Адами құндылықтан ада болып барамыз. Қит етсе өзгеге атып ұрамыз. Тиіп кетсе шабалаң қағамыз, қарсы шабуыл жасаймыз. Аңдысып, ұрысып уақыт өлтіреміз. Қала берді қалтафонды алып видеоға түсіреміз, қорқытамыз, үркітеміз. Сірә, мұнымен не ұтамыз? Рас дүние ғой. Қит етсе «суретке түсіріп аламын, әлеуметтік желіге салып жіберемін» деп өзін блогер санайтын адам көп. Соның салдарынан адамдар да қипалақтап, бәйек болады.
Қай әлеуметтік желіге кіре қалсаңыз «желіні жарды» деген дүние көзге жарқ ете түседі. Жарқ ете дейміз-ау. Сірә, сәулесі жоқ жарқылдау болар. «Ұятқа қалды, жаға ұстатты, желіні жарды» деген дүниені жиі кезіктіресіз. Бұл негізінен рейтинг көтерудің ісі. Яки тез танылудың төте жолы. «Атың шықпаса» жер өртенің кебі. Танымал болу үшін, оқырман санын жылдам жинаймын деп не болса соны істеп жүргені. Мұндай нәрсе желіде жетіп жығылады. Тіпті кейде әлеуметтік желіге мүлде кіргің келмей қалады-ау. Мұндай арзан дүниеге жастар неге құмартып барады? Әлеуметтік желіде бүгінде бәрі оқырман санына мән береді. Кімнің «подписчигі» көп сол танымалдың қатарында.
Қазір әлеуметтік желіде «пранк» дейтұғын дүние белең алған. Пранк – жаңа ғасырдың тренді. Бұл не өзі, бізге қалай келді? Әуелі осыған тоқталайық. Пранк былайғы тілмен алғанда «алдау операциясы». Егер біз пранкты тар мағынада – телефон бұзақылығы деп түсінсек, бұл телефон байланысын жаппай қолдану басталғаннан кейін көп ұзамай пайда болды. Десе де сол жылдары оны ешкім олай атаған жоқ. Ал пранк бізге соңғы жылдары ғана келді. Қазір мұны әлеуметтік желі мен «Tik-tok», «Youtube» каналынан жиі кездестіруге болады.
Бұл көбінде телефон арқылы жасалатын әзіл ойын. Олар әуелі өздері қалжыңдасатын адамға жасырын қоңырау шалады. Әзілдесіп, кейде ашуландырып не таңғаларлық жайтты айтып, адамның шынайы эмоциясын көреді. Түсірілген аудио не видеоны әлеуметтік желіге жүктеп оқырман назарына ұсынады. Осылайша әлгі жазба қызу талқыға түседі. Рас, қазірде пранк блогерлердің оқырман жинаудағы сәнді «фишкасына» айналған. Жарқыратып «анама пранк», «жігітіме пранк», «енеме пранк» деген секілді жазып қояды. Оны көрген әрбір адам ол не болды екен деп әлгі парақшаға кіреді. Осылайша желі қолданушылардан миллион қаралым жинайды.
Қала берді әлеуметтік эксперимент жасайтын жастар да көп. Түрлі образда халық алдына шығып, адамдардың әрекетін бақылайды. Мұндайда бірі қоғамда мейірімді адамдардың барын байқатса, енді бірі міз бақпастан кете беретінін көрсетеді. Көшеде сұраншақтап жүретін адамдардың көп болғандығынан ба екен, көпшілігі бұлардың бетін қайтарып тастайды. Осылайша көмек қолын созған адамдарға ақшалай не заттай сыйлығын береді. Адамдардың назарын аударады, өзіне оқырман жинап алады. Сол арқылы табыстарын ұлғайтады.
Түйін Иә, әзіл-әзілімен, қалжың-қалжыңымен ғой. Әйтсе де өзгені мазақ етемін деп жүргенде өзіміз мазаққа айналмасақ болғаны. Смартфонды қалтада қалдырып, шынайы өмірге, айналаға бір сәт зер салайықшы. Әсілі барлық дүние танымалдықта емес, адамдықта. Қай істе болмасын адалдығың жаныңа серік болса игі. Адамдығыңыздан, адалдығыңыздан танбасаңыз танымалдылық сізді өзі іздеп табады.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
16 тамыз 2024 ж. 195 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031