» » ЕРЛІК ТЕ, ЕР ДЕ ЕСТЕ

ЕРЛІК ТЕ, ЕР ДЕ ЕСТЕ

Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан даласында ұрысқа қатысқан 1 млннан астам қазақстандықтың қатарында Ұлы жеңіске қомақты үлес қосқан Сыр елінің азаматтары да бар. Ел мен жер үшін күрескен жерлесіміздің бірі – гвардия ефрейторы Жәлел Көбекұлы.
Ол Дауылкөл ауылдық Кеңесіне қарасты «Бозарық» ұжшары, қазіргі Ақжар ауылында туған. 7-сыныпты бітіргеннен кейін «Бозарық» ұжымшарында жұмыс істеп жүріп, 1940 жылы әскер қатарына шақырылған. Әскери қызмет атқарып жүргенде Ұлы Отан соғысы басталып кетеді. Ауыл азаматы соғыстың алғашқы күнінен бастап от пен оқтың арасында жүріп, жаумен жан аямай соғысты.
Жәлел Көбекұлы құрамында болған атақты №35-ші гвардиялық артиллерия полкі 1941 жылы қараша айында өңмендей алға ұмтылып келе жатқан қанқұйлы жауды Москва түбінде алғаш рет тоқтатты. Полк басшылары ерекше көзге түскен жауынгерді көп ұзамай 152 милиметрлік зеңбіректің көздеушісі етіп ауыстырады. Зеңбірекші жерлесіміз жау танкілеріне оқты дәл тигізіп, қазақ жігітінің шеберлігіне командирлер тәнті болады. Сөйтіп, атқыш жауынгер көп ұзамай «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.
1945 жылы наурыз айында Венгрия астанасы Будапешт қаласын жаудан азат ету ұрысында ерекше ерлік көрсеткені үшін Жоғарғы бас қолбасшы И.Сталин қол қойған алғыс хат алса, Аустрияның астанасы Вена қаласын жаудан босатуда «Венаны алғаны үшін» медалімен наградталған. Жәлел Көбекұлы майданда «Соғыс төресі» деген атақ алған артиллерист талай-талай шешуші шайқастардың тағдырын шешкен.
Майдангер Венгрияның, Секешфехервар, Мор, Зирез, Веспрем, Энвич қалалары мен 350-ден астам елді мекендерді жаудан босатуға қатысқан. Бұл қалаларды жаудан босату оңай болмағаны белгілі. Осындай төртжылдық майдан жолынан өткен Жәлел Көбекұлы 1945 жылы жау астанасы Берлинді алуда үлкен ерлік көрсетіп, елге жеңіспен оралды. Ол майдан даласында талай рет жараланып, госпитальда жатып емделген. Жаудан елін, жерін қорғауда жаралы болдым деп жан аяп қалған емес. Қайта жігеріне жігер қосып, антына берік жауынгер бола білген. Ол бұрынғы наградаларымен қатар омырауына «Германияны жеңгені үшін», «Ерлік еңбегі үшін» медальдарын тағып келді. Майдан даласында 1942 жылы коммунистік партия қатарына қабылданды. Жәлел Көбекұлы Отан алдындағы борышын адал орындауда басқаларға үлгі-өнеге боларлықтай ерлік көрсетті.
Соғыстан кейінгі жылдары қызмет жасау да оп-оңай емес еді. Қираған елді қалпына келтіру уақыты ауыр болды. Туған жерге келгеннен кейін, жанқиярлықпен еңбек етті. Батыр ана, тыл ардагері Рыскүл Есмаханқызымен бас қосып, он бала тәрбиелеген. Бүгінде барлығы ержетіп, ел игілігі жолында түрлі салада еңбек етуде. Әке сенімін, ана үмітін ақтаған перзенттерінен бүгінде 37 немере, 55 шөбере өрбіп, берекелі әулетке айналуда.
Бірақ бір өкініштісі, майданнан алған ауыр жарақаттарының әсері майдангерді өмірден ерте алып кетті. 1980 жылы 61 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
«Орнында бар оңалар» дегендей, еліне еңбегімен, адалдығымен, ерлігімен үлгі болған әке жайлы балалары Ұлы Отан соғысының 70 жылдығында «Әке әруағына тағзым» атты арнаулы альбом-кітап шығарған. Расында, ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды. Жәлел Көбекұлының сонау сұрапыл соғыстағы ерлігі халықтың есінен, балаларының жүрегінен ешқашан ұмытылмақ емес. Антына берік болып, жауға күйрете соққы берген артиллерист Жәлел атамыз сияқты жауынгерлердің ерлігі – ұрпаққа үлгі, елге мақтаныш.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
28 мамыр 2025 ж. 63 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№40 (10408)

31 мамыр 2025 ж.

№39 (10407)

27 мамыр 2025 ж.

№38 (10406)

24 мамыр 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 843
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30