ҚОНАҚЖАЙ ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ АСХАНАСЫ
Бала күнімізде демалыс сайын нағашы ата-әженің үйіне баратынбыз. Сол шақтағы естеліктің көбі ауылдағы қызықты күндерден құралған екен. Сонда ауылға қатынайтын сары автобус болатын. Әр екі сағат сайын екі ортада қатынап тұрады. Демалыста бөлелермен бас қосып үлкен үйге жиылатынбыз. Біз келді деп атаәжеміз бен аға жеңгеміз ағарғанын алдымызға тосатын. Ыстық нанға май салып жеуші едік. Жаңа піскен сүтке нан турап оны да соғып алатынбыз. Асқабақты сүтке езіп жейтініміз және бар. Осылайша барлық тамағымыз ағарғанмен қабысып жататын. Тойымды, тәтті тағамдар бүгінгінің қытырлақ «қытайский» затынан әлдеқайда биік тұрады ғой шіркін?! Әліге дейін ауылдық жерге барсақ, дастарқандағы үйіліп тұрған дәмнен емес, сарымай мен құртты, айранды аңсап тұратынымыз содан қалған шығар.
АҒАРҒАНЫ ҮЗІЛМЕГЕН ҚАЗАҚПЫЗ, ТҮРЛІ ДЕРТТЕН АЗАТПЫЗ
Рас, қашанда ауылдағы табиғи таза тағамның орны ерекше. Оның адам денсаулығына пайдасы да зор. Мәселен, тоқсан ауруға ем – ағарғанның орны бөлек. Кезінде ата-бабамыз түйенің шұбатын, жылқының қымызын, сиырдың айранын, ешкінің сүтін ішіп ұзақ өмір сүрген ғой. Оның құрамындағы құнарлылықты осыдан-ақ аңғаруға болады. Медицина тілімен айтқанда, ағарған ағзаға өте пайдалы. Себебі, дәрумендер иммундық жүйені нығайтуға мол мүмкіндік береді.
– Ағарған деген құт қой. Мейлінше дастарқаннан үзбегеніміз абзал. Өзімнің Алла берген төрт перзентім бар. Қай-қайсысын болсын бала күнінен ағарғанмен асырадым. Күн сайын сүт пен қатықты үзбеймін. Құрт пен ірімшікті сағынтып жеп тұрамыз. Айранды ара-тұра ішеді. Сондықтан да аурусырқаудан әлдеқайда аманбыз. Сондайақ сүт өнімдерін жиі тұтынғаннан болар балаларымның тісі сақадай. Ал қазір кішкентай балалардың көбінде тісі бор кеміктей үгітіліп кете береді. Мұның да бір себебі кальций жетіспеушілігі. Сондықтан бала ерте жастан кальцийге толы ағарғаннан алыстамаған жөн, – дейді көпбалалы ана Арайлым Әлиева.
СҰЛУЛЫҚҚА ДА САН ПАЙДАСЫ БАР
Ертеректе әжелеріміз шашын ағарғанмен жуса керек. Сондықтан да ол кездері бас терісінің құрғауы, қайызғақ, жансызданған шаш сияқты мәселелер кездеспеген. Керісінше, нәрлендіріп, жылтырауына, тез өсуіне ықпалын тигізген. Байқасаңыз, көп адам ағарғанды оның ішінде айран мен қымызды астан кейін немесе ұйқы алдында ішеді. Мұның да өзіндік сыры бар. Айран адамның жүйке жүйесіне оң әсер етсе, қымыз асты тез қорытады. Сондайақ олар ұйқысыздықтың алдын алып, мазасыздықты емдейді.
Соңғы жылдары күнделікті күйбең тіршіліктің соңында жүріп, осындай пайдасы зор тағамдарды емес, тез дайындалатын дүниелерге үйір болып алдық. Соның салдарынан түрлі ауру шығып, ол дүниелер адам өміріне зиянын тигізуде. Үлкендеріміз «Ағарған іш» деп отырушы еді. Бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр екен ғой. Сонымен қатар, «Ақ мол болсын!» деген тілекте тектен-текке айтылмаса керек. Осылайша көп тағамның дәмін арттырып, тәбетіңді ашатын ағарғанның пайдасы көп. Сондықтан да оны дастарқаннан үзбеуіміз қажет.
Кезінде академик И.Павлов сүтті «табиғаттың өзі дайындаған тамаша тағамы» деп бағалаған болатын. Айтса айтқандай, бұл – біздің құнарлы асымыздың бірі.
Одан бөлек, құрттың да пайдасы көп. Бүгінде екі ұртын құртқа толтырып жүрген балаларды да ілуде біреу ғана көреміз. Бүлдіршіндер ұнтақ және қораптағы сүтпен жетіліп келеді. Оның жас ағза үшін пайдасы шамалы. Ал құрт суық тиіп, тұмауратқанда аурудың күшін жоюға жәрдем беретін қасиетке ие.
Мына бір қызықты деректі қараңыз. Әлемде ең ұзақ өмір сүретін елдердің ішінде тау халықтары көш бастап тұр екен. Кавказдық жүзден асқан қариялардың ғұмырының ұзақ болу себебін зерттегенде, олар негізгі тағам ретінде піскен сүт, айран, қаймақ, ірімшік, тағы басқа сүт өнімдерін тұтынатынын анықтаған. Шығыс Африкадағы кейбір тайпалар тек қана сүт өнімдерін қорек еткендіктен, жүрек, қан тамырлары ауруларына, инфарктке өмірі шалдықпаған деген деректер бар. Сондықтан құнары мол, пайдасы көп, төл тағамымызды жиі тұтынып жүрейік, оқырман!
Ақнұр САҒЫНТАЙ