Өшпес ерлікке – тағзым
БІЗДІҢ ХАЛЫҚТА «ОТАН ҚОРҒАУШЫ» СӨЗІ ҒАСЫРЛАР БОЙЫ ТЕРЕҢ МАҒЫНА МЕН ҚАСИЕТТІ ТҮСІНІККЕ ИЕ. ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР ӘРҚАШАН ПАТРИОТИЗМ МЕН ХАЛҚЫНА АДАЛ ҚЫЗМЕТ ЕТУДІҢ, АР МЕН НАМЫС, БАТЫЛДЫҚ ПЕН ЕРЛІКТІҢ СИМВОЛЫ БОЛДЫ. ӨЙТКЕНІ ЖЕР БЕТІНДЕ ӨЗ ЕЛІНЕ, ХАЛҚЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТУДЕН ЖОҒАРЫ МИССИЯ ЖОҚ. БІЗДІҢ ЕЛІМІЗДЕ ЖАУЫНГЕРЛІК ЕРЛІК ПЕН ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТКЕ ИЕ. ОТАНЫМЫЗДЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІН ҚОРҒАУ, МЕМЛЕКЕТТІҢ ШЕКАРАСЫН КҮЗЕТУ, ХАЛЫҚТЫҢ ТЫНЫШТЫҒЫ МЕН ӘЛ-АУҚАТЫН ҚОРҒАУ – ЕРЕКШЕ АБЫРОЙ МЕН СЕНІМГЕ ИЕ.
2012 жылғы 4 қазанда Қазақстан Республикасының Парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР Заңын қарап, толықтыру енгізді. Осыған сәйкес 7-мамыр Мемлекеттік мереке – Отан қорғаушылар күні деп жарияланады. Бұл күн 1992 жылғы 7-мамырда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойған күні болатын.
Мереке қарсаңында Отан қорғау үшін әскерге аттанып, сонда қаза тапқан Серік Білісбаевтың ерлігі жас ұрпаққа насихатталды. Толығырақ тарқатсақ, Ұлы Отан соғысынан кейін Ресей әскері әлемдегі батыл да тиімді қарулы құрамаларымен танылды. Қарулы Күштердің көптеген бөлімшелерінде дайындық деңгейі мен төтенше жағдайларда күрделі тапсырмалар болады. Осы тапсырмалардың бірінде 1991 жылы Чехия елінің Крупко-Богосудов қаласында әскери борышын өтеу кезінде 17 әскери қызметкер елге қайтуға аз қалғанда қаза болған. Бейбіт заманда Ұлы Отан соғысы кезіндегідей жарылыстың болғаны Серік Білісбаевтың отбасына ауыр соққы болды. Чехия елінің халқы көп жылдар өтсе де ұмытпай, ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, таза ұстап, құрметтеп, еске алып отырған. Осы құрметтің жалғасы ретінде 1971 жылы туған құрдастары Ақтөбе ауылындағы орталық саябаққа ескерткіш тақта орнатты.
Отан Қорғаушылар күніне орай №109 орта мектептің кітапхана меңгерушісі Гүлназ Ешниязова жауынгердің сыныптас досы Нұрлан Мәтжановты шақырып, кездесу кешін ұйымдастырды. «Өткенін қастерлеген өседі» деген қағиданы ұстана отырып, жалындаған жастық шағының жартысын оқ пен от ортасында өткізіп, еліне аман-есен оралмаған жауынгер Серік Ұзақпайұлына арналған кеште тәлімді әңгіме, ерекше естеліктер айтылды.
«Көңілден өшпес көктем ғұмыр» кітабы бойынша ауыл перзенттерінің жүрекжарды жырлары оқылды. Кеш соңында оқушылар «Ерназар ата» саябағында орналасқан Серік Білісбаевтың ескерткішіне қарай беттеді. Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Алмат Садықов 7-8-сынып оқушыларын «Сарбаздар» әнімен сап түзеп, алып шықты. Жауынгер ерлігіне 1 минут үнсіздік жарияланып, өшпес ерлікке тағзым ретінде гүл шоқтары қойылды. Бұл іс-шара оқушылардың таным деңгейін кеңейтіп, өткен күндер естелігін ақтарып, тарихқа құрметпен қарауды үлгі етті.
«Ежелден ер тілегі – ел тілегі. Адал ұл ер боп туса – ел тірегі» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, Серік Білісбаев та өз жанын сол ел үшін қиды. Халық қаһарман ұлдарын мәңгі есте сақтамақ.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА