» » Батырлықтың биік шыңы

Батырлықтың биік шыңы

XX ғасыр адамзат тарихындағы ең қанқұйлы кезеңдердің бірі ретінде Екінші дүниежүзілік соғыспен ерекшеленеді. Бұл соғыс тек қана жаһандық геосаяси мүдделердің қақтығысы емес, сонымен қатар адамзаттың төзімділігі мен рухының сынға түскен алаңы болды. Әлем тарихындағы осы кезеңде қазақ халқының көптеген ұлқыздары майдан шебінде ерен ерлік көрсетіп, ұлт рухының асқақтығын дәлелдеді. Солардың бірі – Сыр бойының перзенті, Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаев.
Оның өмірі – тек әскери ерліктің ғана емес, сонымен бірге отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Тәйімбет Көмекбаев 1896 жылы Сыр өңіріндегі Қармақшы ауданына қарасты №10 ауылда дүниеге келген. Қазіргі Тұрмағамбет атамыздың атындағы ауыл. Сыр бойының табиғаты мен дала өмірінің тіршілігі оны жастайынан шыдамдылыққа, еңбекқорлыққа және өр мінезділікке баулыды. Дала мектебі – көшпелі тұрмыстың даналығы мен тіршіліктің шынайы сабақтастығы еді. Жас Тәйімбет бала күнінен жылқы бағып, табиғатпен тіл табысқан төзімді де ширақ ұлан болып өседі.
Ауылдағы қоғамдық қатынастар, үлкенге құрмет пен кішіге ізет секілді дәстүрлі тәрбиенің ықпалы оны өз ортасында сыйлы азамат ретінде қалыптастырды. Жылқышы кәсібі оны ептілікке, төзімділікке және байқағыштыққа баулыды – бұл қасиеттер кейінірек барлаушылық міндеттерде таптырмас қабілеттерге айналды және осы мінез үлкен жетістіктерге жетелейді.
1941 жылы басталған Ұлы Отан соғысы бүкіл Кеңес одағы көлеміндегі халықтарға ауыр сынақ әкелді. Жасы елуге таяп қалған Тәйімбет Көмекбаев өз еркімен майданға сұранып, ел алдындағы азаматтық борышын өтеуге бел буады. Бұл шешімнің өзі үлкен ерлік еді. Жасы мен денсаулығына қарамай, ол соғыстың ең алғы шебіне барып, жауға қарсы күреске белсене араласты.
Ол І Украина майданы құрамындағы 21-армия, 128-атқыштар дивизиясының 533-полкіне қарасты бөлімшеде барлаушы әрі бөлімше командирі ретінде қызмет етті. Майдандағы алғашқы күндерден бастап-ақ оның туа біткен батырлығы, тактикалық қырағылығы мен батыл шешімдері әскери басшылық тарапынан жоғары бағаланды.
Тәйімбет Көмекбаев қатысқан ең ауқымды ұрыстардың бірі – Познань қаласы маңындағы барлау операциясы болды. Бұл ұрыста оның басқаруындағы шағын барлаушылар тобы жау шебіне күтпеген жерден шабуыл жасап, 37 жау солдаты мен 2 офицерін ұрыссыз қолға түсіреді. Мұндай табысты операция майдан шебінде сирек кездесетін ерліктің үлгісі болатын.
Соғыстың шешуші кезеңі саналатын Одер өзенінен өту операциясында да ол асқан ерліктің үлгісін көрсетеді. Бөлімшесімен жау бекінісін басып алып, жаудың бірнеше дүркін шабуылына төтеп беріп, шепті сақтап қалады. Бұл шайқаста ол жаудың станокты пулеметін, 60-тан астам фашисті жойып, 12-сін тұтқынға алады.
Кейінгі Бриг қаласы үшін болған ұрыста және Ванни қаласының түбіндегі шайқаста да ол жаудың жеті мәрте жасаған шабуылына қарсы тұрып, өз бөлімшесін аман сақтап қалады. Бұл ерліктері Тәйімбет Көмекбаевтың тек физикалық ержүректілігі емес, сонымен қатар әскери тактикаға бейімдігін көрсетеді.
1945 жылдың 10 сәуірінде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Тәйімбет Көмекбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бұл – сол дәуірдің ең жоғары әскери марапаты еді. Сонымен қатар, ол Ленин ордені мен жауынгерлік медальдармен марапатталады.
1945 жылы 24-маусымда Мәскеуде өткен Жеңіс шеруіне қатысу бақыты да оған бұйырады. Бұл тарихи оқиға – оның ерлігіне берілген халықтық әрі мемлекеттік деңгейдегі ең жоғары баға болды. Тәйімбет Көмекбаев – Жеңіс шеруінде сап түзеген санаулы қазақ батырларының бірі.
Соғыстан кейін Тәйімбет Көмекбаев туған еліне оралып, бейбіт өмірге белсене араласады. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, соғыстан кейінгі моральдық және материалдық тұрғыда тұралаған елді қалпына келтіру ісіне атсалысып, елдің дамуына үлкен үлес қосты. Ел ішінде оның қарапайымдылығы мен еңбекқорлығы, бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін жауапкершілігі ерекше сый-құрметке ие етеді.
Ол жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге атсалысып, өзі өмір бойы ұстанған адалдық, жауапкершілік, еңбекке деген құрмет сияқты қағидаларды насихаттап отырды.
Тәйімбет Көмекбаевтың бейбіт өмірдегі әрекеті соғыс даласындағы ерлігін толықтырып, майдан мен бейбіт өмірдегі еңбектің үйлесімін жасады деп айтуға болады. Тәйімбет Көмекбаевтың есімі халық жадында мәңгілікке сақталып келеді. Қармақшы ауданындағы бір ауыл оның есімімен аталады. Аудан орталығындағы №250 мектеп-лицейге де батырдың аты берілген. Жосалы кентіндегі көше мен Тұрмағамбет ауылындағы ескерткіш мүсін – осы тұлғаны ұрпақ жадында мәңгі қалдыру жолындағы игі істердің көрінісі.
1996 жылдан бастап батырдың рухына арналған түрлі тағылымды шаралар, еске алу жиындары ұйымдастыруда. Бұл – елдің өз батырына деген шынайы құрметі мен ұлт тарихына деген адалдығының көрінісі.
Батырдың ұлы Бағбан Тәйімбетов – Қазақстан Республикасы прокуратура органдарында ұзақ жылдар абыройлы қызмет атқарған, әділет саласының білікті де беделді өкілі, прокуратураның генерал-майоры. Ол өзінің кәсіби жолында заңдылық пен әділеттілікті басты ұстаным еткен, мемлекет мүддесіне адал қызмет еткен тұлға ретінде танылды. Сонымен қатар, ол – әкесі Тәйімбет Көмекбаевтың ерлік жолын насихаттауда, батырдың есімін ұлықтауда ерекше еңбек сіңірген азамат. Батырға арналып өткізілген барлық қоғамдықмәдени шаралардың, мемориалдық нысандардың ашылуы мен ғылымипублицистикалық еңбектердің жарық көруіне бастамашы, ұйытқы болды. «Әке аманатына адалдық – ұлдың парызы» деген қағиданы өмірлік ұстаным еткен Бағбан Тәйімбетовтің бұл әрекеттері ел жадындағы ерлік пен тарихи жадыны сақтауға қосқан сүбелі үлес болып табылады.
«Ел шетіне жау тисе, ер етігімен су кешер» деп ертеден ер намысын ту еткен халқымыз үшін Тәйімбет Көмекбаев сынды ұландар – тірі шежіре, өшпес өнеге. Ол – батырлықтың балуанындай, отансүйгіштіктің ордасындай, азаматтықтың айғағындай тұлға. Оның өмір жолын зерделеу – тек бір адамның тағдырын тану емес, тұтас дәуірдің, тұтас ұлттың ар-намысын, рухани биігін тану.
Т.Көмекбаевтың ерлігі – майдан даласында ғана емес, ел ішіндегі еселі еңбекте де айқын көрінді. Бұл – нағыз ерлік пен елдік ұштасқан тұғырлы жол. Қай заманда да «Ер – елінің қорғаны» болған. Батырдың ұрпаққа қалдырған аманаты – елге қызмет ету, ұлтқа адал болу, шындық пен әділет жолынан таймау. Мұндай тұлғалардың тағылымды жолы – болашақ үшін темірқазық, рухани бағдар.
«Батыр туса – ел ырысы, жаңбыр жауса – жер ырысы» дегендей, Тәйімбет сынды асыл әкелеріміздің өнегесі – қазіргі ұрпақтың бойына жігер, жүрегіне сенім, санасына ұлт алдындағы жауапкершілікті сіңіреді. Бүгінгі ұрпаққа керегі – дәл осындай ар-намысқа суарылған, ел үшін туған ерлердің ғибраты. Себебі, тарихын ұмытқан ел – тамырынан айырылған бәйтерекпен тең. Ал тамырлы ел ғана – мәңгілік.
Осы орайда Тәйімбет Көмекбаевтың өмір жолын ғылыми тұрғыда тереңірек зерттеп, жас ұрпаққа насихаттау – өткенге тағзым, келешекке ұлағат болар еді. Бұл – тек зерттеушілік парыз емес, азаматтық борыш. Себебі, «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген дана халқымыз үшін өткенді қадірлеу – келешекті кемел етудің кепілі.
Сөз соңында айтарымыз, «Батырдың аты өлмейді, ерлік ұмытылмайды». Сол себепті Тәйімбет Көмекбаевтың ерлік жолы – мәңгілік ел мұратына апарар сара жолдың бір парасы.
Берік САЙМАҒАНБЕТОВ
10 мамыр 2025 ж. 321 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№40 (10408)

31 мамыр 2025 ж.

№39 (10407)

27 мамыр 2025 ж.

№38 (10406)

24 мамыр 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 838
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30