Бірлік пен бейбітшілікке толы 30 жыл
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Осы ерекшелікті ескере отырып, елімізде қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту мақсатында 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Биыл ұйым өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы уақыт ішінде Ассамблея Қазақстандағы этносаралық келісім мен бейбітшіліктің басты институттарының біріне айналды. ҚХА басты ерекшелігі – оның конституциялық мәртебесі мен ел дамуына қосатын практикалық үлесі. Бүгінде Ассамблея елдегі 100-ден астам этнос пен 20-дан астам конфессияның өкілдерін біріктіріп, бейбітшілік пен келісімді сақтау маңызды екенін түсіндіріп келеді.
Бірлік, татулық және ынтымақ – елдігіміздің мызғымас тұғыры һәм мемлекетіміздің басты құндылығы. Қазақстан халқы Ассамблеясы міне, осы идеологияны сеніммен, жүйелі жүзеге асырып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр аталған ұйымның «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында барша халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіретінін, ел саясатының бұлжымас бағдары болып қала беретінін айтқан еді.
Ассамблея жыл сайын өз жұмысын жетілдіріп, оның өкілеттігі мен қоғамдағы рөлін кеңейтіп келеді. Соңғы жылдары саяси және әлеуметтік реформалар жағдайында Ассамблея елдегі барлық этностар арасындағы бірлік пен келісімді нығайту жолындағы жұмысын жалғастыра отырып, жаңа сын-қатерлерге бейімделді.
ҚХА құрамына мыңнан астам этномәдени бірлестіктер, мекемелер, бірқатар қоғамдық құрылымдар мен жобалар кіреді. Атап айтқанда, бір жарым мыңнан астам Аналар кеңесі, мыңнан астам Ақсақалдар кеңесі, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Жомарт жан» орталықтары жалпыұлттық мақсатта қызмет етіп келеді.
Ассамблея Қазақстанның саяси өмірінде де маңызды рөл атқарады, ол заңнаманы әзірлеуге қатысады. Осы негізде Парламентте ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту мәселелерімен айналысатын «Бір ел – бір мүдде» атты жаңа депутаттық бірлестік құрылды. Сондай-ақ мемлекеттік органдарға, әсіресе ұлтаралық саясат, көшіқон, әлеуметтік теңдік және азшылық құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша консультативтік көмек көрсетеді. Ол барлық этностарды құқықтық қорғауды қамтамасыз ететін және олардың заң алдындағы теңдігіне кепілдік беретін Ұлттық саясат туралы заң жобасын әзірлеуге қатысты.
Сонымен қатар жыл сайын елімізді 100-ден астам этнос өкілдері қатысатын түрлі тақырыптардағы конференция ұйымдастырылған. Конференцияда әртүрлі халықтар арасындағы қарым-қатынастарды үйлестіру мәселелері, сондай-ақ Қазақстанның көпұлтты мемлекет ретіндегі даму перспективалары сөз етілді.
Бүгінде Ассамблея көпұлтты Қазақстанда тұрақтылықты, бейбітшілік пен келісімді құру мен сақтауда маңызды рөл атқарған бірегей институт ретінде танылды. 30 жыл ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналып үлгерді. Еліміздің алдында тұрған қиындықтарға қарамастан, Ассамблея әртүрлі халықтар мен мәдениеттердің үйлесімді өмір сүруін қамтамасыз етті. Ассамблеяның этносаралық өзара іс-қимыл саласындағы жетістіктері толеранттылық, құрмет пен өзара түсіністік қағидаттарына негізделгені еліміздің одан әрі өркендеуінің кепілі бола түсті.
Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – бұл тек ұйымның ғана емес, бүкіл елдің ортақ жетістігі. ҚХА-ның негізгі ұстанымдары – бейбітшілік, келісім және бірлік – Қазақстанның болашақ дамуының берік негізі болып қала береді. Ел ішіндегі тұрақтылық пен татулықтың сақталуы – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Сондықтан Қазақстан Халқы Ассамблеясы өзінің тарихи миссиясын жалғастыра отырып, елдегі бірлікті одан әрі нығайтуға үлес қоса береді.
Ақнұр САҒЫНТАЙ