» » ҚҰНАРДЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

ҚҰНАРДЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

Рамазан айында халықтың сұранысы күрт артатын өнімнің бірі – құрма. Сол үшін де қасиетті айда аталған жеміс түрін әр үйдің дастарқанынан кездестіруге болады. Оның ауыз бекіткен адамның ағзасына пайдасы әлдеқашан дәлелденген. Иә, құрманың құрамы пайдалы дәруменге толы. Толығырақ тарқатсақ.
Құрма пальмасы – жер бетіндегі ең қасиетті, игілігі мол, пайдасы орасан зор ағаштардың бірегейі. Тігінен 24 метр биіктікке дейін өсетін құрма пальмасы көбіне ыстық климатты аймақтарда өседі. Құрма өсіру шаруашылығымен көбіне Сауд Арабиясы, Ирак, Алжир, Мысыр, Судан сынды мемлекеттер айналысады. Оның төбе жағындағы әдемі шашақты жапырақтарының ұзындығы 5 метрге дейін жетеді. Құрма отырғызғаннан кейін 4-5 жылдан соң барып жеміс бере бастайды. Ал салмағы 8 келіге дейін жететін бір шоғырына мыңнан аса жеміс бітеді. Әр ағашынан 40-80 келі жеміс алуға болады. Құрма ағашы шамамен 150 жылға дейін өмір сүреді.
Құрманы Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұсылманға ұқсатқан. Себебі шын мұсылман қарапайым болғанымен, айналасына пайдалы келеді емес пе?! Құрма да сол секілді: жапырағы түспейді, жеміс беруін үзбейді. Иә, құрма – Алла мейірімінің ғажап бір көрінісі, адамзатқа сый етілген мәртебелі жеміс. Ол – жеміс атаулының мырзасы: әрі тағам, әрі дәрі, әрі шырын, әрі қуат көзі.
Бір қызығы, жыл сайын қазақстандықтар 35 мың тонна құрма тұтынады екен. Пандемия жылдары бұл көрсеткіш 45 мың тоннаға дейін өскен. Жылуды сүйетін бұл жеміс Қазақстанда өспейтіндіктен түгелдей шетелден жеткізіледі. Енді оның пайдасына туралы сөз етсек.
ДӘРУМЕНГЕ БАЙ ЖЕМІС
Мамандар күніне 2 құрма жеген адам дәрумен жетіспеушілігінен зардап шекпейтінін айтады. Себебі өнімнің құрамы В1, В2, В4 және тағы да басқа дәрумендерге, калий, кальций, кремний, магний, темір, марганец сияқты микро және макроэлементтерге бай. Осының арқасында құрма адамның жүйке жүйесіне, қан қысымына, бұлшықет жұмысына оң әсер етеді. Ал антибактериалдық қасиеті ағзаны зиянды заттардан тазартады.
Құрма – протеин, май, көмірсуын үшеуін қатар қамтитын бірден-бір жеміс. Сондай-ақ жас құрма теріге оң ықпал етеді, жүктілік пен күнге күюден түскен дақтарды кетіреді. Құрамындағы темір қаназдыққа пайдалы. Тойымдылық қасиеті өте жоғары. Зерттеушілер бір құрма мен бір кесе сүттің адамға қажетті бір күндік калорияға тең екенін айтқан.
Мұнан өзге жүкті ананың жеңіл босануға септігін тигізеді. Босанған әйелдердің әлсіреген денесін тыңайтып, сергектігін арттырады. Сүт гормондарын қозғау арқылы нәрестеге сүт көп шығуына оң ықпал жасайды.
Құрма калориясы жоғары өнім саналады. Оның энергетикалық құндылығы да жоғары. Бұдан бөлек құрмадағы қанттың үлесі көп. Сондықтан да тәттіден бас тарта алмай жүргендер болса, кәмпитті құрмамен алмастыруға болады.
Пайдасына қарамастан құрманы мөлшерден көп тұтынбаған жөн. Әсіресе диабеті бар адамдарға құрма жеуге болмайды. Оның құрамындағы фруктоза асқазан жайсыздығын туғызуы мүмкін.
ҚҰРАН ЖӘНЕ ҚҰРМА
Құрма – Құран мен Сүннетте Ислам әлемінде құрманың орны ерекше. Құран аяттарында құрма пальмасы бірнеше рет аталған. Әрі он бес жерде құрманың Алла Тағала тарапынан адамзатқа берілген сый екендігі айтылады. Пайғамбарымыз құрма мен сүтті адам үшін ең жақсы тағам деп санаған. Сондай-ақ жүрек ауруларының емі ретінде құрманы пайдалануды өсиет еткен. Ал қазіргі медицинада, құрамында калийдің жоғары болуы себепті дәрігерлер құрманы жүрек қан-тамыр ауруларына пайдалануға кеңес береді. Құран аяттары мен хадистерде: «Құрма дәнінің салмағындай», «құрманың жұқа қабығындай», «құрманың қылындай», «пәлен сағ құрманың мөлшеріндей», «құрманың жартысындай» деген секілді теңеулерді жиі жолықтырамыз. Бұл да өз кезегінде құрманың құрметтілігін көрсетеді.
Құрма пальмасы Иса пайғамбарды босанған кезде Мәриям анамызға пана болған. Алла Тағала «Мәриям» сүресінде, толғағы келген Мәриям анамызға: «Құрманың діңін өзіңе қарай сілкі. Саған жаңа піскен құрма түседі. Құрмадан же, су іш әрі тыныштыққа бөлен!» деп бұйырады.
ІШСЕҢІЗ – ШЫРЫН, ЖЕСЕҢІЗ – ТАҒАМ
Ежелгі араб ғұламалары оның құрманың 350-ден астам пайдалы қасиеті бар деп есептейді. Шырынынан сергітетін сусын жасалады. Құрмадан жүзден астам тағам дайындалады. Құран, хадистерде құрма «жұмақ жемісі» деп аталады. Дәрігерлер оның құрамында көптеген емдік қасиет барын анықтаған.
Израиль ғалымдары құрма мен алманы салыстырған. Нәтижесінде алмаға қарағанда, құрмада витаминнің көптігі дәлелденген. Құрманы бір уақыт сорып жүргеннің адам денсаулығына пайдасы молы анықталған. Сонымен қатар 6-7 құрманы бөлшектеп, бір кесе суға салып, бірнеше сағат тұрған соң суын сүзіп алып, күніне екі мәрте ысытып ішіп отырса, екі апта көлемінде бүйректегі тасты түсіреді.
Сондай-ақ оның бүйректегі кальций тұздарын ығыстырып шығаратынын және суық тиіп ауырғанда қолдануға болатынын біріміз білсек, біріміздің біле бермейтініміз рас. Денсаулық сақтау мамандары суық тиіп ауырғанда, әсіресе, жөтелді қайтаруға құрма сөлінің көмегі зор екенін айтады. Ол үшін жарты стақан жылы суға бір ас қасық құрма шырынын араластырып, тамақты шаю қажет. Жалпы, суық түскенде, аязды күні тәулігіне бірнеше құрма жемісін тұтыну арқылы тұмаудың алдын алуға болады.
ҚЫЗЫҚ ДЕРЕК
Ерте кездері құрманың жемісі ғана емес, ағашы да пайдаға жараған. Адамдар оның бұтақтарынан түрлі бұйымдар жасап, ағашынан үй салған. Оның пайдасына қарап Азия халқы «Өмір ағашы» деген атау берген. Бүгінде әлемде құрманың 200-ден астам сорты бар. Бағбандар жыл сайын алқаптардан 4 млн тоннаға жуық жеміс жинайды.
АУЫЗАШАРДЫҢ СӘНІ
Мұхаммед Пайғамбар оразасын жас құрмамен, жас құрма болмаса, кепкен құрмамен, ол болма- са сумен ашқан. Сол себепті құрмамен ауыз ашуды сүннет деп білген мұсылмандар қасиетті Рамазан айында дастарқанға құрма қоюды игі дәстүрге айналдырған. Тіпті құрманы ауызашардың сәні деп те айтуға болғандай. Құрамындағы қант мөлшерінің көптігі ораза ұстаған адамның күні бойғы денесінің әлсірегенін кетіретіндігін айтқан мамандар құрманы жай уақытта да жиі жеп жүруге кеңес береді.
Сонымен қатар құрма көздің көру қабілетін жақсартады (тіпті сәбізден де пайдалы). Себебі құрамында А дәруменінің мөлшері көп. Егер өзіңізді сергек әрі қуатты сезінгіңіз келсе, құрма жеп тұрыңыз. Бар болғаны 3 құрма жесеңіз, бір күнге жетерлік энергия аласыз. Ендеше, осы ғажап жемістен дәм татып, оның қасиетін қадірлеп, жомарттығы шексіз Жаратушыны еске алып жүруді ұмытпайық!
Ақнұр САҒЫНТАЙ
25 наурыз 2025 ж. 183 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№22 (10390)

29 наурыз 2025 ж.

№21 (10389)

23 наурыз 2025 ж.

№20 (10388)

17 наурыз 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 550
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31